Бір сәт елестетіп көріңізші... Әлемде тосын жағдай болып, сіз бүгінгі өркениет тудырған ешбір техникасыз, байланыссыз, құрал-жабдықсыз қалдыңыз. Мұндай жағдайға дайынсыз ба? Біз тіпті жай ғана электр жарығы сөніп қалған жағдайға дайын болмай қалып жатамыз.
Ақырзаманға дайындық ақымақтық па?
1,079
оқылды

Ондайда май шам іздеп, ұялы телефонымызды көбірек қуаттап алмағанымызға өкініп, енді тамақты қалай жылытатынымызды ойлап әбігерге түсіп жатамыз. Ал қарапайым ғана күнделікті тұтынатын кез келген  өнімнің дүкендерде таусылатыны туралы хабар естісек ше? Онда дереу дүкенге сабыла бастаймыз.  Міне, осындай қарапайым жағдайлардан бастап үлкен қауіпті тосын құбылыстарға дейін ерте бастан дайындалушылар туралы,  тіпті ақырзаман орнай қалса, қалайда аман қалудың жолын ерте қарастырған адамдар туралы естігеніңіз бар ма? Мұндай адамдар тобын ғылыми тілде – сурвивалистер деп атайды.

Голливудтық фильмдерді тамашалап отырсаңыз, онда тосыннан болған апат­тарда алдын ала дайындалған бункер­лерге дереу түсіп, жараланғандарға сон­дағы дәрі-дәрмек қобдишаларынан ал­ғашқы көмек көрсетіп жатқанын көресіз. Сол өздері дайындаған бункерлерде құтқару қызметтеріне рация арқылы байланысқа шығып, көмектерін сонда күтіп отырады. Бұл тек фильм ғой дер­сіз... Ендеше қателестіңіз. 

Соңғы уақыттары әлемде көптеген ірі өзгеріс болып жатыр. Пандемия, эконо­микалық дағдарыс, табиғи апаттар, Үшін­ші дүниежүзілік соғыс қаупі, техногендік апат, ядролық апат қаупі, халық ішіндегі толқулар... Міне, осының барлығы адам­затты еріксіз үрей құша­ғына тартады. Тіпті, «ақырзаман таяу» деп ойлайтын адамзаттың бір тобы бар. Осындай тосын қауіптерге ерте бастан дайындалып, аман қалудың жолын іздейтіндер өткен ғасыр­дың өзінде-ақ пайда болған екен. 

Сурвивализм ұғымы қалай пайда болды?

Сурвивализм мәдениеті АҚШ-та 1950 жылдары Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін және Корея мен Вьетнамдағы қақтығыс кезінде пайда болған деп есептеледі. Жағдайдың ушығуынан үрейленген адамдар дабыл қағып, тосын жағдайларға тиісінше дайын болуды мақсат тұтты. 

1973 жылы Америка мұнай дағдары­сын бастан өткерді, ал бір жылдан кейін америкалық Ховард Рафф «Америкадағы аштық және аман қалу» кітабын басып шы­ғарды. Ал 1977 жылы тағы бір амери­калық жазушы Курт Саксон «Тірі қалған» бюллетенін шығарды, онда ол алғаш рет «сурвивалист» терминін қолданады. Өзі жазған материалда Курт Саксон аме­ри­ка­лықтарды ірі қалаларды тастап, жақын­дарын қауіпсіз жерге апаруға шақырды. 

1980 жылдардан бастап сурвива­лизм­дік идея үлкен индустрияға айналды. Жаңа ұғым бойынша тақырыптық мер­зімді басылымдар, көрмелер, қауым­дас­тықтар және осы қозғалысқа арналған арнайы өнімдер пайда бола бастады. Сондай-ақ осындай өмір сүру культін қолдайтын топтар да құрылды.

Мәдениеттанушылардың пікірінше, осы уақытта сурвивалистер феномені заманауи медиа мәдениеттің өніміне ай­налды. Сондай-ақ бұл құбылыс теле­ви­зиялық реалити-шоулармен толыға бастады. «Қалай болса да, аман қал», «Одан да жаман болуы мүмкін емес» де­ген сияқты шоулар көрермендерге жол тартты. Кино мен әдебиетте де бұл ұғым кеңінен қолданылып, түрлі анти-уто­пия­лық шығарма пайда болды. Кейіннен интернет сайттарында, әлеуметтік желі­лердегі қауымдастықтар мен жеке блог­тарда бұл ұғым кең насихаттала бастады. 

Бүгінде мұндай топтың өкілдері бар­лық мемлекетте кездеседі. Ал Америка Құрама Штаттарында ондай топтар тіптен көп десек болады. Кейбір мәлі­меттерге сүйенсек, Американың ересек тұрғындарының 72%-ы (шамамен 185 миллион адам) ақырзаманға қандай да бір түрде дайындалғаны айтылады.

Сурвивалистік топтар дегеніміз кімдер?

Сурвивалистер – қиын жағдайларда аман қалуға дайындалатын субмәде­ниеттің өкілдері. Бұл субмәдениеттің жақтаушылары табиғи апат, экономи­калық дағдарыс, эпидемия, ядролық соғыс немесе зомби апокалипсисі сияқ­ты ықтимал сценарийлерге дайындалуға тырысады. Тірі қалғандар балық аулауды, аң атуды және от жағуды, баспана салуды, тіс дәрігерінің көмегінсіз тіс­терді қалай түзетуді, тіпті шөп сорпасын жасауды біледі. Сондай-ақ мұндай адамдарда арнайы чемодан бар. Ол – ақырзаман кенеттен келген жағдайда алдымен пай­далы болатын заттардың арнайы жиын­тығы. Ол чемодан арқылы сіз кез келген апаттық жағдайда бірнеше күнге өмі­ріңізді ұзартуға мүмкіндік аласыз.

Сурвивалистік мәдениет өкілдері «әлеуметтік дағдарыс болмай қоймайды және мемлекет одан қорғай алмайды» деген сенімге бекіген жандар. Сондықтан адамдар өз бетінше өмір сүруге немесе топтарға бірігуге мәжбүр болады. 

Қалың, иесіз ормандарда аман қалуға тырысатын, сондықтан тиісті дағ­ды­ларды меңгеруге үйрететін арнайы топ­тар бар. Олар әр кезеңде ормандарға бірігіп шығып, бүгінгі өркениеттік ешбір техникасыз иесіз орманда қалай өмір сүруді, қалай тамақ дайындауды, қалай аң аулауды үйретеді. Тіпті, қар мен жаңбырдан қорғанатын баспаналарды қалай салудың жолын да бірге қарас­тырады. Тренингтерде аумақты бағдар­лау, алғашқы медициналық көмек көр­сету, өрт сөндіру сынды сабақтар өт­кізіледі. Мұндай топтар,  көрші Ресей мемлекетінде де көптеп саналады. 

Сурвивализмдегі ең кең таралған тәжірибелердің бірі – азық-түлік пен ең қажетті тауарларды, оның ішінде дәрі-дәрмектерді, консервілерді, өртке қарсы ыдыстарды, арқандарды және өзге де құрал-жабдықтарды жинақтау. 

Ақырзаманға үнемі дайындалу идея­сын адамдар әртүрлі сипатта бағалайды. Кейбірі мұны үнемі үрейде өмір сүру деп біліп, ақымақтық санайды. Ал кейбірі мұны жай ғана хобби ретінде санап, тосын жағдайларға дайын болу­дың ешқандай әбестігі жоғын айтады. Олардың ойынша, бұл хобби жаяу серуендеу, табиғатта өмір сүру арқылы төзімділікті, шығармашылықты да­мытады. 

Мәселен, 2020 жылы басталған бүкіләлемдік пандемия кезінде осы сурвивалистер ұтты десек болады. Олар мұндай апаттарға алдын ала дайын болды. Қорларында қажетті дәрі-дәр­мектер мен вирустан қорғанатын мас­калар да табылды. Дәл сол мезетте дү­кендерде азық-түлік қымбаттап, дәрілер тапшы бола бастаған кезең бола­тын. Мұндай жағдайлар сурвивалистер қатарын одан әрі көбейте түсті.

Ессіз қорқақтық па әлде сақтық па?

2010 жылы Тараз қаласында оқып жүрген студент кезімізде бір оқиғаға куә болдық. Қырғыз еліндегі «Киров» су қоймасы жарылып, «Тараз қаласы су астында қалады» деген үрейлі ақпарат тарап, көне шаһардың тұрғындарын біраз әбігерге салған еді. Дүрліккен жұрт түн жарымда үйлерінен безіп, тау-тасты жағалап кеткен-ді. Елімізде осындай жағдайлар дүркін-дүркін бас көтеріп қалады. Мәселен, 2019 жылы Шымкент қаласынан 97 шақырым жердегі Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімінің қоймасында өрт шығып, оның соңы жарылысқа ұласқан еді. Жарылыс тұтас елімізді аяғынан тік тұрғызып, қырық мыңнан аса қала тұрғыны баспаналарын тастап, басқа өңірлерді бас сауғалауға тура келді. Ал 2021 жылы 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде қоймалардың бірінің жанында өрт шығып, онда да жақын маңдағы елді мекен тұрғындары үдере көшіп, бас сауғалады. Тіпті, кейбір өңір­лерде таудағы қардың еруінен немесе үздіксіз жауыннан  су тас­қындары болып жатады. Кейбір өңірлерде өрт шығады. Елімізде төтенше жағ­дай жарияланған алғашқы кезеңдерде «дүкендерде азық-түлік қоры таусылады» деген ақпараттың өрбіп кететіні бар. Сондай кезде азық-түліксіз қалуға қо­рық­қан, сабылған ел бір күнде сауда ны­­сан­­дарының сөресін «тазалап» тастай­­тыны туралы ақпараттар жиі тарайды. Мәселен, 2012 жылы әлемде ақырзаман орнайды деген түсінік пайда болып, біршама ел үрейге бой ал­дырғаны жасырын емес. Майя күнтізбесі бойынша ақырзаман желтоқсан айының 21-ші жұлдызында деп көрсетіледі. Ал елімізде қараша айының соңында жергілікті ақпарат құралдары елде ұн, тұз, сіріңке сияқты тауарларға сұраныс күрт өскенін хабар­лап, кейбір Қазақстан тұр­ғындарының «ақырзаманға дайын­дала» бастағанын жазған болатын. Осындай деректерге сүйенсек, біз тек жағдай тым күрделенгенде ғана әрекет ететінімізді көрсетсе керек.

 

ТҮЙІН:

Ақырзаман тақырыбының қозғалуына бірнеше болжам түрткі болған еді. Солардың ішіндегі ең негізгісі – жоғарыда айтқан Майя күнтізбесі. Майя күнтізбесі Мексиканың Табаско штатындағы Тортугеро қаласынан 1958 жылы табылған. Майялардың күнтізбесіне сәйкес, біздің жыл санауымызға дейінгі 3114 жылы (неліктен дәл осы сәттен басталуының нақты себебі белгісіз) басталған жаңа дәуір 5126 жылы, яғни қазіргі күнтізбемен айтқанда, 2012 жылы желтоқсанның 21-і күні аяқталады. Америкалық зерттеуші Раймонд Хандли өзінің «2012 жылы ақырзаман бола ма?» атты еңбегінде «майялардың күнтізбесі бойынша ақырзаман 2012 жылы 21 желтоқсанда болады» деген тұжырымды ең алғаш америкалық антрополог Роберт Шарер жасағанын жазады. Шарердің тұжырымын бірнеше автор қайталағаннан кейін бұл болжам көпке тарала бастаған. Ал бұл болжамды одан әрі танымал етіп, кітап жазған америкалық антрополог Майкл Коу «Майя мәдениеті мен қолжазбасын жақсы зерттегені үшін» Гватемаланың жоғарғы құрметіне ие болған. Оның үстіне, Майя күнтізбесін арқау етіп, Голливуд түсірген «2012» фильмі отқа май құйғандай әсер етті. Мұндай ақырзаман болады деген болжамдар тек 2012 жылмен шектелмеген.  2014, 2018, 2019 тіпті 2036 жылдан ары деп көрсетілген бірнеше дерек те  кездеседі. Бұдан адамзат баласы қанша зерттеп бүкіл өмірін сол жолда сарп етсе де, ақырзаманның қай күні екенін дәл айта алмайтынына көз жеткіземіз. Дегенмен ақырзаман орнамаса да, табиғи және өзге де апаттарға алдын ала дайын болғанның еш әбестігі жоқ секілді. Сіз қалай ойлайсыз?

Наурызбек САРША