Ұлттық спорт дегенде – ұлттық рух, ұлттық намыс, тарих, мәдение­ті­міз бен дәстүріміз еске түседі. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Ке­мелұлы Тоқаевтың тікелей қол­дауы­мен соңғы жылдары елімізде ұлт­тық спорт түрлері қарқынды да­мып келеді.
Ұлттық спорт ұлтты танытады
1,371
оқылды

Еліміздің барлық өңір­ле­рінде Ұлттық спорт Қауымдастығы мен оған қарасты 9 федерация ұлт­тық спорт түрлерінен жарыстарды жүйе­лі өткізуде. Күні кеше «Қазме­диа орталығы» Орталық коммуни­ка­ция­лар қызметінің мәжіліс залында атал­ған қауымдастықтың президенті Исламбек Салжанов БАҚ басшылары және журналистермен кездесу өт­кіз­ді.

Шараны Бас редакторлар клубы пре­зиденті Бибігүл Жексенбай жүр­гіз­ді. Алдымен қауымдастықтың біржылдық жұ­мыс нәтижесі сөз болды. Исламбек Сал­жа­нов сөзді қауымдастықты алты федерациямен қа­былдап алғанын, жыл ішінде тағы үш фе­де­ра­циямен толыққанын және бір жыл ішінде Ұл­т­тық спорт қауымдастығының құрамына ен­ген 9 федерацияның жетеуінің президенті жаңа­дан сайланғанынан бастады. Ұлттық спорт­ты насихаттау мен дамытудағы жұмыстар қол­ға алынып, қарқын алған. Оған себеп фе­де­­рациялардың жаңа басшылары түрлі сала­да­ғы бизнес өкілдері екен. Бұл төңірегінде Ұлт­тық спорт қауымдастығының президенті Ислам­бек Салжанов түсінік беріп өтті. 

«Сайланған федерация президенттері – тәуелсіздік жылдары белгілі бір жетістікке жет­кен, өздерін ұлт жанашыры ретінде көр­сет­кен азаматтар. Олар білімі, тәжірибесін жә­не маңдай терімен тапқан қаражатын ұлт­тық спортымыздың дамуына салып отыр. Мә­­­­селен, «Бәйге» федерациясының басшысы жыл басынан бері 40 ірі бәйге ұйымдастырып, соның бәріне өзі ұшып барып, бастан-аяқ қа­­­тысты. Әр кәсіпкердің уақыты – ақша, мен оны жақсы білемін. Соған қарамастан, қоғам­дық жұмыс деп салғырт қарамай, ұлт ісін жо­ғары қоятын жігіттерді қатарымызға тарта ал­ға­ныма қуанамын», – деді ол. 

Сондай-ақ Исламбек Салжанов қауым­дастықтың құрамындағы әр федера­ция­ның жеткен жетістіктерін атап өтті. Соңғы бір жыл ішінде 9 федерация спортшылары 12 ха­лықаралық жарыста 39 алтын, 27 күміс, 29 қола медаль жеңіп алған. 

«Аударыспақ» федерациясы халықаралық съезд өткізіп, дүниежүзілік федерация құрды. Штаб-пәтері Алматы қаласы деп бекітіліп, оның президенті болып ҚР федерациясының пре­зиденті Марат Жұман сайланды. Ал «То­ғыз­­құмалақ» федерациясының ұйымдас­тыруы­мен 9 қыркүйекте Алматы қаласында бір мезгілде өтетін ойынға 3 000-ға жуық тоғызқұ­малақ­шы­ның қатысуы жоспарланған. Бұл жобаны КИНЭС рекордтар кітабына енгізу көзделіп отыр. 

Жетістіктермен қатар, қауымдастық же­текшісі ұлттық спортты дамытуға кедергі болып тұрған мәселелерге де тоқталды. Олардың ішінде елімізде ұлттық спорт түр­лері­нен мамандар даярлайтын арнайы бірде-бір орталықтың жоқтығы, ұлттық спорт инф­ра­құрылымының жағдайының мүшкіл хәлі, ат индустриясы қолға алынбай жатқаны се­кіл­ді проблемалар бар. Осы олқылықтарды жою үшін Парламент депутаттарымен бірге «Спорттық бағыттағы қазақ жылқы тұқымын сақ­тау және көбейту туралы» заңнамалық ак­тіге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге ұсы­ныс берілді. Сонымен қатар ұлттық спорт ма­мандарын дайындау үшін жоғары оқу орын­дарымен жұмыс жүргізілуде. 

«Қазақстанда қазір ұлттық спорт маман­да­рын даярлайтын оқу орны тұрмақ, бір де бір мамандық жоқ. Ал спорт мектептерінде дене шы­нықтыру пәнінің мұғалімдері жұмыс істеп жүр. Одан қалды инфрақұрылым да нашар. Са­ла мамандарының сөзінше, біздің елдегі 40 шақты атшабардың ешқайсысы халықаралық талаптарға сай келмейді. Алайда шағын ғана Францияда заманауи 250 ипподром бар екен. Жабық манеждердің қажеттігі де біраздан бері айтылып жүр. Себебі қауымдастыққа қарасты 9 ойынның алтауы атпен тікелей байланыс-ты», – деді Исламбек Салжанов.

Бұдан бөлек, баяндамашы ұлттық спорт­қа ел қазынасынан арнайы қаржы бө­­­лінбейтінін, бәйге мен көкпардың басы-қа­сында жүргендер жарыс өткізу үшін демеуші із­деуге мәжбүр екенін атап өтті. Міне, осының бар­лығынан көңілі қалған кей шабандоздар амал­сыздан сырт елге кететінін қосып өтті. Со­лардың бір мысалы ретінде соңғы жылдары әлем­ге танылған жерлесіміз Бауыржан Мыр­за­баевты тілге тиек етті.

«Өз күшімен Чехияға барып, ат қорада ат­­тармен бірге өмір сүреді. Пәтер жалдайтын жағ­дайы болмайды. Сол жақта тұрады. Сосын жо­лын тауып шағын бәйгелерге қатысады. Со­ның барлығын жеңіп шығады. Сосын көзге түс­кеннен кейін Чехияның 3 дүркін чемпионы бо­лады. Бойындағы қасиетін байқаған не­міс­тер Германияға шақырады. Германияда қазақ­тың баласы 111 бәйгені ұтып, абсолютты ре­корд орнатады», – деді ол. 

Ол 2024 жылы Қазақстанда өткізілетін V Дү­ниежүзілік Көшпенділер ойындарына да тоқ­талды. 

«Көшпелі дала салтын ұлықтаған ел ре­тін­де біз дүбірлі жарысты жоғары деңгейде өт­кізуі­­міз керек. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақы­лауын­да. Көшпенділер ойындары жылдан-жыл­ға қанатын кеңге жайып дамуда. Мәселен, 2014 жылы бұл жарысқа 19 мемлекеттен 583 спорт­шы қатысты. 2022 жылы Түркияда өткен ойын­дарға 102 мемлекеттен 3000 спортшы қа­тысты. Ал келесі жылы елімізде өтетін шара­ға әлемнің 100-ден аса елінен 3000-нан аса спортшы, 15 мыңға жуық шетелдік турист ке­ле­ді деп жоспарлануда», – деді Исламбек Сал­­жанов. 

Сөз соңында Ұлттық спорт қауымдас­ты­ғының президенті Исламбек Сал­жа­нов ұлттық спорт түрлерінің насихатын кү­шейту үшін, осы саладағы журналистер, БАҚ өкілдері және авторларды кәсіби тұрғы­дан бағалап, ең үздіктерін анықтау мақсатында тұңғыш рет 1 қыркүйектен бастап ALAMAN медиа байқауын өткізетінін жариялады. Бай­қау келесі жылдың 1 наурызына дейін 6 ай бойы өткізіледі. Оған отандық журналистер, ав­торлар және шетелдік Бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері 7 номинация бойынша қатыса алады. Сайыстың жүлде қоры да қо­мақты. Әр аталымнан үздік шыққандар 1 млн теңге қаржылай сыйлыққа ие болады.

Жиынға қатысушылар ұлттық спорт төңірегінде өз ойларымен бөлісіп, ұсыныс­та­рын жеткізді.

Наурызбек САРША