Жолдауда инфрақұрылымды жетілдіру, ауылшаруашылығын қолдау, цифрландыруды дамыту, кәсіпкерлікті қудалауды доғару сынды маңызды міндеттер анықталды.
Ендігі міндет Жолдауды кезең-кезеңімен жүзеге асыру - Амантай Жарқынбек
819
оқылды

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Амантай Жарқынбек Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының өзекті тұстарына тоқталып, аталған мәселелерге қатысты өз пікірін білдірді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауынан түйгеніміз көп. 

Ушығып тұрған әлемдегі геосаяси жағдай біздің экономикамызға да салқынын тигізіп тұрғаны анық. Осы алмағайып кезеңде тұрақты дамудың жолын табу қиынның қиыны. Бүгін Жолдаудан мемлекетіміздің кейбір осал тұстарын қалай бекітеміз, халықтың көкейіндегі түйткілдерді қайтсек тарқатамыз деген сауалдарға жауап алғандай болдық. Бастысы бұл белгісіз мерзімге жасалған жоспар ғана емес, дені алдағы үш жылда жүзеге асуы тиіс нақты міндеттер!

Президент талай жыл тамыр жайып, әр салада бір-бір қожайынға айналған монополистердің жауапкершілігін арттыруды тапсырды. Әсіресе, өңірлердегі монополист компаниялардың әрекетіне бақылау жасар уақыт жетті.

Одан соң, шет елдерге, көрші мемлекеттерге энергетикалық тәуелсіздікке ұмтылудың өзектілігін баса айтты. Бұл ретте, жалпы халықтық референдуммен шешім қабылданар Атом электр станциясын салу мәселесінің орны маңызы зор.

Еліміз негізінен трансшекаралық өзендердің суына тәуелді. Биылғы жылғыдай қуаңшылық пен су тапшылығын алдын алу ұлттың қауіпсіздігімен пара пар өткір мәселе. 

Осы орайда 20 су қоймасын салып, 15 бөгенді реконструкциядан өткізуді тапсыруы стратегиялық тұрғыдан тарихи шешім. Өйткені, ауыз су уақыт өткен сайын дүние жүзінде ең өзекті проблемаға айналды. Әрі осы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында Су ресурстары жөніндегі министрліктің құрылғаны көзі қарақты жұрттың көкейінде жүрген жай еді.

Жолдауда инфрақұрылымды жетілдіру, ауылшаруашылығын қолдау, цифрландыруды дамыту, кәсіпкерлікті қудалауды доғару сынды аса өзекті мәсеслелер кеңінен қамтылды.

Ендігі міндет Жолдауды кезең-кезеңімен жүзеге асыру.

Біз өз кезегімізде Мәжіліс  депутаттары ретінде осы сессияда міндеттерді іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ететін боламыз» – деп жазды депутат IFacebook-тағы парақшасында..