«AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов партия активімен кеңес өткізіп, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды.
«Яндекс такси», Glovo-да жұмыс істейтіндердің құқығы қорғалады – Асхат Аймағамбетов
2,414
оқылды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Төрағасы, «AMANAT» фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов жаңа құжатта халықты толғандырған өзекті мәселелердің нақты шешімі айтылғанын мәлімдеді.

«Президент Жолдауында тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелердің нақты шешімі айтылды. Осы орайда, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаттары берілген тапсырмаларды орындау бойынша тиісті жұмысты бастап кетті. Президент, әсіресе әлеуметтік мәселелер бойынша маңызды тапсырмалар жүктеді. Мәселен, Жолдауда бала құқығын қорғау мәселесіне ерекше мән берілді. Бұл – расымен де аса маңызды мәселе. Сондықтан, батыл шешім қабылдап, арнайы заң әзірлеу қажет деп санаймын», – деді халық қалаулысы.

Оның айтуынша, кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасаған тұлғаларға, бүлдіршіндерге жәбір көрсеткен азаматтарға тағайындалатын жазаны қатаңдату қажет. Сондай-ақ, жазғы лагерьлерге, балаларға арналған орталықтарға қойылатын талапты күшейту керек.

«Президент цифрлық экономиканың хал-ахуалына да арнайы тоқталды. Айталық, «Яндекс такси», «Glovo» сынды платформаларда 500 мыңнан астам азамат жұмыс істейді. Алайда, олардың еңбек құқығы реттелмей, лайықты қорғалмай отыр. Осы мәселені шешу мақсатында, комитет депутаттарымен бірге тиісті заң жобасын әзірлеп, қабылдауды көздеп отырмыз», – деді Асхат Аймағамбетов.

Депутаттың айтуынша, отандастарымызды алаңдататын тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік сатып алу. Соның кесірінен биыл 80-нен астам мектеп бала қабылдауға дайын болмай отыр.

«Мемлекеттiк сатып алу туралы» Заңда шикілік бар. Соған байланысты, жалғыз мектеп емес, жол, тұрғын үй құрылысы тежеледі.  Бұған дейін, аталған заңға бірқатар түзету енгізіп, Үкіметке жолдаған едік. Алайда тиісті қорытынды мен қолдау болмады. Ал енді Мемлекет басшысы тапсырма беріп отырған соң, мәселе түпкі шешімін табады деген ойдамын», – деді ол.