Бүгін – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Осы датаға орай елімізде 5 қыркүйек Қазақстан халқының тілдері күні ретінде бекітілгені белгілі. Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook-тағы парақшасында жазды.
Ахмет Байтұрсынұлының есімін ұлт санасында жаңғырту – баршамызға ортақ міндет
1,232
оқылды

Бұл елінің еркіндігі жолында басын бәйгеге тіккен, туған халқының заман көшінен қалмауы үшін төл әліпбиімізді жасап, оқулықтар жазған, сол арқылы қазақ тілінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаға деген зор құрметтің жарқын көрінісі екені сөзсіз.

 

Ахмет Байтұрсынұлы ақын, тіл және әдебиет саласындағы ғалым, саясаткер, публицист, педагог болды. Ол осы бағыттардың бәрінде ұлттың білімін молайтуға бар күш-жігерін жұмсады. Халқына «Қырық мысал» арқылы үн қатып, қазағын «Маса» болып оятуға талпынды.

Қайраткер тұлға қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалап, маңызды оқу құралдарын жазды. Оның жетекшілігімен тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газеті жарық көргені баршаға аян.

Ұлт ұстазының саяси қайраткерлік қыры да бір бөлек. Ахаң ұлт көсемі Әлихан Бөкейханмен және Міржақып Дулатұлымен бірге Алаш қозғалысының алдыңғы легінде тұрды. Осылайша, ұлтымызды қаламгерлігімен де, қайраткерлігімен де егемендікке жетеледі.

Осындай ардақты арысымыздың есімін ұмытпау, ұлт санасында жаңғыртып отыру – баршамызға ортақ міндет. Соған орай былтыр Президентіміз Қасым-Жомарт  Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өткені белгілі. Алдағы уақытта да біртуар тұлғаның мол мұрасы мен өнегелі өмірін дәріптейтін тың бастамалар іске асырыла береді. Оған бүгінгі атаулы күн де өз септігін тигізетіні анық.

Ендеше, ұлттық мүддені көздейтін Тілдер күні құтты болсын! Ана тіліміздің аясы кеңейе берсін!