Оны арбамен алып келді, себебі өзі жүре алмады, - дейді дәрігерлер.
Алматыда жарты жыл бойы энергетик ішкен бозбала жүре алмай ауруханаға түсті
1,448
оқылды

Алматыда жарты жыл бойы энергетикалық сусын ішкен бозбала шұғыл дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болды, - деп хабарлады облыстық Денсаулық сақтау басқармасы.

17 жастағы тұрғын №2 балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді. Оған алдын ала «В гемофилиясы» деген диагноз қойылды. Себебі бұған дейін қанның ұюы төмен болған.

"Тексеріс кезінде дене температурасы көтеріліп тұрды. Ерні қанап, ауыз қуысында жаралар болды. Буындары ауырып, мұрнынан қан ақты. Оны арбамен алып келді. Себебі өзі жүре алмады", - дейді дәрігерлер.

Пациентті кәсіби гематолог Ұлжалғас Өскенбаева да қарап шықты. Дәрігердің айтуынша, баланың алдын ала диагнозы гемофилияның орташа ауыр формасына ұқсап тұрды. Бірақ 17 жыл ішінде бұл аурудың бастапқы кезеңі байқалмаған. Оған қоса, коагулограмманың нәтижесі гемофилияға сәйкес болмағанын айтады мамандар. Дәрігер 3 жыл бұрын балаға операция жасалғанын да анықтады. Бірақ ол кезде гемофилияға тән қанның көп кетуі байқалмаған.

"Содан баладан бәрін сұрап, жарты жыл бойы энергетикалық сусындар мен фастфуд қана жегенін анықтадық. Сөйтіп, бауырына айтарлықтай салмақ түскен. Нақты диагнозы – бауыр функциясының бұзылуы. Гемофилия расталған жоқ", - дейді Ұлжалғас Өскенбаева.

Дәрігерлер баланы емдеп, К дәруменін екті. Соның нәтижесінде қанның ұюы жақсарып, бауырдың функциясы да қалпына келген.

Фото: egemen.kz