Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев туралы не білеміз?
Сіз кімсіз Ерлан Нысанбаев мырза?
5,783
оқылды

Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Нұралыұлы Нысанбаев Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды. Осы ретте Aikyn.kz жаңа тағайындалған министрмен жақынырақ танысу мақсатында ол туралы негізгі мәліметтерді жинақтап, оқырман назарына ұсынып отыр.

Ең жас министрлер қатарында болған Экология, геология және табиғи ресурстар экс-министрі Зульфия Сүлейменованың орнына 62 жастағы Ерлан Нысанбаев тағайындалды.

Жаңа тағайындалған Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұралыұлы Нысанбаев  1961 жылы 11 тамызда Алматы облысының Ұйғыр ауданы Подгорное ауылында дүниеге келген.

 

Білімі

Су жаңа министрдің білімі жайлы айтатын болсақ, ол 1983 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын «Орман шаруашылығы инженері» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал 2008 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-ды «Қаржы бакалавры» дәрежесі бойынша бітіріп шықты. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атағының иегері.

 

Отбасы

Ерлан Нысанбаев отбасылы, 3 баласы бар.

Әйелі – Төлегенова Лейла Жұмажанқызы (1963 жылы туған).

Балалары: Нуралин Ердан (1984 жылы туған), Аликеева (Нуралина) Анар (1985 жылы туған), Нуралин Райымбек (2003 жылы туған).

Жұбайы Төлегенова Лейла 2018 жылы LD COM атты ЖШС ашып, кәсіпкерлікпен айналыса бастаған. Алайда 2020 жылдан бастап аталған кәсіпорынды тұңғыш ұлдары Нуралин Ердан басқарады. Pk.uchet.kz мәліметінше, кәсіптік нысан тұрғын үйлерді қысқа мерзімге жалға беру қызметімен айналысады. Ол Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылдық округінің территориясында орналасқан.

Бұдан бөлек Ердан Ерланұлының атына 2018 жылы ашылған «Дана» атты жеке кәсіпкерлік (ИП) тіркелген. Дереккөздерде оның нақты қызмет түрі жазылмағанымен, мемлекеттік тендерлердің тұрақты қатысушысы саналады.

 

Еңбек жолы

Ерлан Нұралыұлы еңбек жолын 1983 жылы Ұйғыр орман шаруашылығының шебері болып бастаған. Кейін коммерциялық секторда жұмыс істеп, түрлі ауылшаруашылық кәсіпорындарды басқарды.

Мәселен, 1992 жылдан 2006 жылға дейін «Ақжол-ИМПЭКС» сыртқы сауда фирмасының директоры; «Нысана» шаруа қожалығының төрағасы; «Ауыл шаруашылығы Энерго» РПО бастығы; Атырау облысы әкімі аппаратының «Хозу» КМҚК әкімшілік-шаруашылық қызмет департаментінің бастығы; «Лейер» ЖШС директоры; «Зеленстрой» РМК директорының бірінші орынбасары; «Зеленстрой» РМК директоры сияқты қызметтерді атқарған.

2007-2009 жылдары Астана қаласы мәслихатының депутаты болды.

Жаңа министрдің экология және табиғи ресурстар саласындағы тәжірибесі мол деуге болады. Нақтырақ айтсақ, 2009-2013 жылдар аралығында ҚР АШМ Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы болған. Сонымен қатар 2013-2014 жылдары ҚР Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі, ал 2014-2019 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі, 2019-2021 жылдары Экология министрлігі басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.

2021-2023 жылдар аралығында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің стратегиялық даму және халықаралық байланыстар жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары болды.

2023 жылдың наурыз айынан бастап бүгінге дейін Астана қаласы әкімінің кеңесшісі болып жұмыс істеді.

2007 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Сондай-ақ Ерлан Нұралыұлы Қазақстанның запастағы аға лейтенаты.