Жаңаша дизайнмен жасалған теледидар шықты. Бұл модельді шығаруға италиялық Solbiati тоқыма фабрикасы қатысқан. Смарт теледидардан гөрі өнер туындысына көбірек ұқсайтын жаңа құрылғының мүмкіндіктері де керемет.
Былғарымен қапталған смарт теледидар шықты
657
оқылды

Қытайлық Hisense компаниясы жаңа өнімдерін Берлинде өткен IFA 2023 технологиялық көрмесінде ұсынды. Ithome.com сайтында жаңа теледидардың техникалық сипаттары көрсетілген. Aikyn.kz қытайлық әріптестеріне сілтеме жасай отырып, былғарымен қапталған теледидардың мүмкіндіктерін айтады.

Фото Ithome.com сайтынан алынды

Hisense компаниясының өнімдерінің ішінде ерекше атауға болатыны жаңаша технологиялық шешім мен дизайнмен жасалған теледидар Art TV R7 болды. Бұл модельді компания италиялық Solbiati тоқыма фабрикасымен бірлесіп шығарған. Қазіргі заманның технологиялық өнімінен гөрі өнер туындысына көбірек ұқсайтын жаңа құрылғының мүмкіндіктері де айтарлықтай.

Art TV R7 тоқыма матадан және шынайы былғарыдан жасалған ерекше кенеп түстеріне боялған. Модельдің қырлары стандартты смарт теледидарлар сияқты жалпақ емес, пирамида пішіндес болып келеді.

Фото Ithome.com сайтынан алынды

Art TV R7 теледидарын дизайнерлер электронды құрылғы түрінде емес, сурет салатын кенепке ұқсатуға барынша көңіл бөлгені байқалады.

Теледидарды үстелдің үстіне немесе арнайы дизайнерлік стендке қоюға болады. Сонда құрылғы суретшінің мольбертіне ұқсап кетеді. Қытайлық өнімнің тағы бір функционалдық ерекшелігі – қосылмай тұрғанда теледидар экранында атақты суретшілердің жұмыстарын көрсетеді.

Құрылғыны теледидар ретінде пайдаланбаса, ол сурет жарығын басқару арқылы нағыз өнер туындысына айналады. Түнде толығымен өшіріліп, демалуға қолайлы жағдай жасайды немесе үлкен цифрлық сағат ретінде қызмет етеді.

 

Фото Ithome.com сайтынан алынды

Өнер туындысына айналған Hisense теледидары 55 дюймдік 4K экранымен жабдықталған және 4 ядролы Cortex-A55 чипімен жұмыс істейді. Жедел жад көлемі 2 ГБ, ал орнатылған жадтың сыйымдылығы 32 ГБ. Теледидар сатылымға 15 қыркүйекте шығарылады, бағасы әлі жарияланған жоқ.