12-13 қазанда Қазақстанның астанасында Орталық Азиядағы ең ірі технологиялық форум – Digital Bridge 2023 өтеді. Форумның басты тақырыбы – Artificial and Human Intelligence: The right balance.
Digital Bridge 2023: Қазақстандықтар әзірлеген өнім әлем назарын аударып отыр
1,635
оқылды

Бұл халықаралық форумға дәстүрлі түрде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, әлемдік компаниялардың жетекшілері, IT-инновация саласындағы үздік халықаралық және отандық сарапшылар, өңірдің түкпір-түкпірінен венчурлық инвесторлар қатысады. Digital Bridge-2023 алаңында 20 000+ қатысушы, 300+ IT компания, 100+ инвестор мен бизнес-періштелер, 250+ спикер және әлемнің 15+ елінен 100+ стартап бас қосады.

«Жасанды интеллект заманауи қоғамда маңызды рөл атқарады, сондықтан Digital Bridge-2023 технология мен адам әлеуеті арасындағы тепе-теңдікті қалай табуға болатынын талқылайтын тамаша алаңға айналмақ. Бұл форум сала мамандары мен сарапшыларына өз білімдерімен бөлісуге мүмкіндік береді. Осы арқылы адамзатқа жасанды интеллект қызмет ететін болашақты бірлесіп құруға жол ашады. Қазақстан осы бағытта инновациялық өсудің жоғары әлеуетіне ие болып отыр. Қазіргі таңда елімізде ғалымдар мен жас таланттардың шоғырлануы үшін қолайлы жағдай жасалуда. Біздің азаматтарымыздың әртүрлі салаларда әзірлеген жасанды интеллект өнімдері бар, олар қазірдің өзінде әлем назарын аударып отыр. Біз мұны сөзсіз, мақтан тұтамыз. Жасанды интеллект экономиканы, өнеркәсіпті, ғылым мен техниканы дамытуда зор әлеуетке ие», – деп атап өтті ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Форумның екі күндік бағдарламасы ауқымды шараларды қамтиды – ҚР Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін пленарлық отырыс және one-to-one кездесулер, халықаралық спикерлермен 30+ панельдік сессия, келісімдерге қол қою, Hub Battle үздік IT-стартап үшін дода, Google for Startups іс-шаралары, Digital Bridge Awards – үздік стартаптарға, инновациялық жобаларға және кәсіпкерлерге берілетін халықаралық сыйлық, 100 қазақстандық және шетелдік технологиялық стартаптар өздерінің инновациялық шешімдерін ұсынатын Стартап аллеясы.

Форумның бес жыл қатарынан IT-қауымдастықтың ерекше назарын аударып, қалың жұртшылықтың қызығушылығын тудырған ең қызықты оқиғасы – Astana Hub Battle – үздік IT стартаптардың ең ірі додасы. Биыл батлдың жүлде қоры 4 есеге ұлғайды.

Форумның хедлайнерлері – IT әлемінің әлемге әйгілі тұлғалары форум басталар шақта жарияланады. Сонымен қатар дәстүрлі түрде бірқатар көрмелер – корпорациялар, робототехника, IT-мектептер, VC, аймақтық IT хабтар көрмесі және ірі IT-компаниялардың вакансиялар жәрмеңкесі өтеді.

Еске салсақ, Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы 2018 жылдан бері Астанада жыл сайын өткізіліп келеді. Digital Bridge форумын Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Astana Hub халықаралық технопаркі ұйымдастырады.

Фото: digitalbridge.kz