Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жол­дауын­да елдің туристік әлеуетін дамыту тетіктерін игеріп, ілгерілету үшін серпінді жобалар жасақтау аса маңызды екенін мәлімдеді.
Маңғыстау туризмін түлету – маңызды міндет
855
оқылды

Мемлекет басшысы отандық туризм секторындағы жобаларды тиімді қолдау шаралары мен оларды орын­дау мерзімдерін нақты айқындау аса қажеттігін атап өтті.

Отандық туризмнің ерекше тұстары жайлы сөз қозғағанда, Маңғыстау өлкесіне тән тұмса табиғаттың теңдессіз көрінісіне айрықша назар аудару – заңды құбылыс. Өңірде туристік әлеуетті дамытуда клас­сикалық, экотуризм, этнотуризм және биотуризм сынды бағыттар ұсынылған. Маңғыстау облысына жыл басынан бері 250 мыңға жуық турист келген. Маңғаз өлкеге қызығушылық танытқандардың қатары былтырмен салыстырғанда 20-30%-ға артқан. 

– 2022 жылмен салыстырғанда, биыл Маңғыстауға Батыс Еуропадан, атап айтқанда Италия, Германия, Англия, Фран­ция елдерінен келген туристер көбейді. Сондай-ақ біздің өлкеге Жапония мен Оңтүстік Корея туристері де көптеп қызы­ғушылық танытады. Маңғыстау об­лыстық Туризм басқармасы әртүрлі ақ­параттық турлар ұйымдастырып отырады. Жыл басынан бері Ұлыбритания, Италия және Франция мемлекеттерінің турис­теріне ақпараттық тур өткіздік. Турлардың мақсаты – Маңғыстау облысында орна­лас­қан табиғи және өлкетану ескерткіш­терін кеңінен насихаттау. Себебі бүгінде Маңғыстау туризмі десе, көз алдымызға тек Каспий теңізі көлбеңдейді. Алайда киелі өлке өзге де табиғат таңғажайып­тарына кенде емес, соның ішінде көне сәулет өнерінің үздік туындылары, архе­ологиялық тарихи мәдени ескерткіштер – тарихи тамыры тереңге бойлаған түбек жайлы толымды мағлұмат береді. Туризм саласын­дағы ең басты дүние  – са­палы қыз­мет көр­сету. Осы ретте шілде айын­­да Маңғыстау облы­сын­дағы экскурс­овод­тар мен гидтарға оқыту ұйымдас­тырылды. Семинар соңында арнайы сертификаттар табысталды. Қазір аймақта сертификат­таудан өткен 45 гид бар. Бұдан бөлек, та­рихи орындарға қажетті ақпарат­тық тақтайшалар орнатылды. Тақтайша сол орын немесе табиғи нысан жайлы ақпарат береді, қажетті нұсқаулық пен ескертулер де бар. Туроператорлармен тығыз қарым-қатынас орнатылды, жаңа маршруттар жоспарлануда. Себебі Маңғыстау облысын­да 13 мыңнан астам тарихи-өлкетану ескерткіштері бар. Сол ескерткіштер әлі де танылмаған. Мұндай жұмыстар әлеуметтік желі арқылы жаса­ла­тыны белгілі. Танымал тұлғалалар, бло­гер­лерді тарту арқылы да тарихи орын­дарды насихаттау жолға қойылды. National Geographic Qazaqstan журналында жыл аяғына дейін үш тілде 30-дан астам тарихи-мәдени орын жайлы мақалалар жарияланбақ, – дейді Маңғыстау облысы туризм басқарма­сының басшысы Мәулен Ғабдулқалиев. 

Айта кетейік, 6 маусым күні Ақтауда National Geographic Qazaqstan журналы редакциясының ұйымдастыруымен «Марс пейзаждары» экспедициясы өткен еді. Алты күнге жоспарланған фотосапар Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты. Сапар нәтижесінде Ақтау қаласында «Марс пейзаждары» тақы­рыбында фото­көрме ұйымдастырылды. Бұл жоба аясында National Geographic Qazaqstan редакциясы таңдаған үздік 25 жұмыс көрмеге қойылып, көпшілікке ұсынылды. Экспедициялық топ құра­мында National Geographic Qazaqstan журналының өкілдері, отандық кәсіби фотографтар мен видеографтар, сондай-ақ саяхатшы блогерлер де бар.

Ал жуырда DJ Аzi Ray лақап атымен танымал Азиза өзінің жаңа туындысын Маң­ғыстаудағы Бозжыра шатқалында орын­даған. Әлеуметтік желі қолдану­шы­лары музыкалық туындымен қатар, бейне­роликтегі әсем табиғатты тамаша­лауға мүмкіндік алды. 

Маңғыстау облысының туризм басқар­масы саяхатшыларды тәртіпті сақтауға шақыра отырып, демалуға баруға Маңғыс­тау облысындағы ТОП-5 тарихи-мәдени орынды, олар жайлы мағлұмат ұсынды. 

Бозжыра тауы – Үстірт қорығының көркем үзілуі, борлы тауларымен және қалдықтардың шығу тегісімен безендіріл­ген әсем жартас. Бұл – керемет ақ жартасты сүйектер. Әктас шыңдары аспан­ға созылып, екі шоқтың пішініне ұқсайды. Ақ таңғажайып пейзаждармен қоршалған сіз табиғаттың керемет көрінісін көре аласыз.

Тұзбайыр соры – табиғаттың дүлей күштерінің ұлы туындысы. Бұл жерде Үстірт жазығының шыңы (жар­қабақ) астын­да жергілікті өлкеде сор деп аталатын ұланғайыр сортаң алқап орналас­қан саз­ды-әктас және ақбор тік құлама жарлармен бөлінген. Ақ борлы жарлар құла­масы ғажайып бағаналардан шексіз қатарлар жасай отырып, көптеген шұңқы­рлар және терең арналармен ойылып-ойылып қалған. Шың жиегінің табанында желмен мүжіліп жасалған алып табиғи жартылай арка бар. Қар ерігенде немесе қатты жауын-шашын кезеңдерінде сорлы алқап сумен толып, аспан мен ақбор бағаналар шағылып көрінетін алып тұзды айнаға айналады.

Бекет ата жерасты мешіті – Үстірт ойпатының Оғланды шатқалында орна­лас­­қан. Мешіт табиғаты көркем Оғы­ланды жеріндегі ақ бор тасты тау шатқалының терең орта қабатынан ойып жасалған. Мешітке кірер жерде кішкене алаңша бар. Бірінші бөлме – жоғарғы ортасынан жарық түсетін күмбез тәрізді бөл­ме ауыз үй. Оның батыс жағында михрабы оңтүстікке қара­тыл­ған намаз оқитын, ал оңтүстік-шығы­сын­да екі бөлме, оның біреуінде Бекет атаның өзі жерленген. Бекет ата жерасты мешіті – оның дарынды сәулеткерлігінің, биік талғамының куәсі, халық құрмет тұтатын, әулиелік орын деп саналады. Жер­асты ғимараты маңында кезінде Бекет ата пайдаланған бұлақтар, құдықтар бар. 

Қарақия ойпаты – кейбір нұсқаларда Қарақия ойпаты «Қара құлама» деп ауда­рылады. Қарақияның ең терең нүктесі – оңтүстік бөлігінде, дүниежүзілік мұхит деңгейінен 132 метр төмен орналасқан, әлем­дегі ең терең ойпаттардың бірі сана­лады. Ойпат түбінің бұл жерін Батыр деп аталатын үлкен сор басқан. Бұл ойпат­тың қалай пайда болғаны туралы бірнеше бол­жам­дар бар. Олардың кейбіреулері бойын­ша бұл – жойқын елге мүжілу салдарының нәтижесінде болса, енді біреулеріне сүйен­сек орасан сейсмика­лық құлау делінеді. Алайда барлық маңғыстаулық ойпаттардың шығу тегі, ежелгі Каспийдің шегіну сәтін­дегі алып толқындардың сазды және жар­тасты жыныстардың шайып кету себебімен байланысты.

Айрақты-Шоманай тауы. Бұл шағын тау шоқылары жергілікті тұрғындар арасында Айрақты-Шоманай деген атпен белгілі. Айрақты таулары сүйір қадалы, мұ­на­ралы, бағандары және бекініс қабыр­ғаларымен ертегідей қорғандар сияқты көрінеді. Тау­лар­дың бірінен шығатын тағылау жылқылар салған жабайы айнал­малы соқпақ кішке­н­тай алаңқайға жеткі­зеді. Осы жерден алыс­тағы Ақтау таулары мен барлық айрақтылық қорғандарына тамаша көрініс ашылады. Айрақты тауы­ның баурайларында зерттеу­шілер «Дала симфониясы» деп атаған ақбор жынысты тастарда шимайланған суреттерді көруге болады.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ