Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Албания Республикасының президенті Байрам Бегаймен кездесті. Кездесу барысында өзара серіктестікті одан әрі нығайту және парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Сенат Төрағасы Албания президентімен кездесті
614
оқылды

Сенат Спикері Албания Қазақстанның Балқан түбегіндегі маңызды және сенімді серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев парламентаралық деңгейде, оның ішінде халықаралық ұйымдар аясында өзара іс-қимылды одан әрі арттырудың маңызды екеніне назар аударды.

«Екіжақты қарым-қатынасымыздың маңызды бағыттарының бірі парламентаралық байланыс екені анық. Біздің Парламенттің екі Палатасында да Албаниямен достық тобы құрылған. Албания Парламентінде де осындай құрылым құру өзара серіктестігімізді одан әрі нығайтуға ықпал етер еді. Біз тек екіжақты форматта ғана емес, сонымен бірге ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, Парламентаралық Одақ сияқты халықаралық парламенттік ұйымдар аясында да бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар кездесуде тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі ауқымды бағыттарға назар аударды. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық мәселелерге де баса мән берілді.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы Палатаның Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформаларды іске асыруға арналған заңнамалық жұмысы туралы айтып өтті.

Өз кезегінде Албания Президенті Қазақстанда жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси өзгерістерді жоғары бағалап, барлық бағытта ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.