Сотталушы жазасын Қостанай облысындағы "Қара бүркітте" өтеуі мүмкін.
"Қызым қалай азапталды, ол да солай азапталуы керек" - Түркістан облысында аяусыз зорланған 5 жасар қыздың әкесі
1,006
оқылды

Шымкентте 5 жасар қызды аяусыздықпен өлтірген адамға қатысты сот үкімі шықты. Ол 2 бап бойынша кінәлі деп танылып, өмірінің соңына дейін бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сотталушыға қатысты тағы бірнеше шара қолданылатын болады. Қаза тапқан қыздың ата-анасы сот шешімімен келісетінін айтты, - деп хабарлайды Otyrar.kz. 

Сарыағаш ауданында 5 жасар қызды аяусыз қорлап өлтірген адамға қатысты сот үкімі шықты. Күдікті ретінде 48 жастағы Гаийбназаров қамауға алынған болатын. Жабық сот отырысында, ауыр қылмысын жасыру үшін бүлдіршінді қасақана өлтірді деген ол, 2 бап бойынша айыпты деп танылып, өмірбақи бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

"Тараптар іс материалын зерттеп үкім етті. С. Гаийбназаров ҚҚ Қылмыстық кодексінің 99-бабы 3-бөлігі, 121-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылсын. 99-баптың 3-бөлігі негізінде кәмелетке толмағандармен 10 жылға дейін жұмыс істеуге тыйым салынып, өмірбақи бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалсын", - деді Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судясы Дәурен Мадалиев. 

Сонымен қатар сот шешімімен кінәлі деп танылған ер адамға химиялық кастрация жасалып, мәжбүрлеп емдеу шарасы қолданылады. Сот-медициналық сараптама нәтижесі бойынша қылмыскердің психикалық ауытқушылығы жоғын анықталған. Сотталушы өзінің кінәсін мойындап, қатаң жаза қолданбауын сұрады. Ал ызаға булыққан қыздың анасы сот залында шу шығарды.

Әкесінің сөзінше, сотталушы қызды балмұздақ алып берем деп шақырған. Кейін үйіне кіргізіп, тәтті сусын берген. Ал өзі ішімдік ішіп отырған кезде, қыздың жылаған дауысын  естіп, ашумен пышақ сұққан. Нұржан Ережепов "егер қылмыскер бұған дейін жасаған қылмысы үшін лайықты жазасын алғанда, қызым тірі болар еді" деп налиды. Сондықтан қылмысы дәлелденген тұрғынды үйқамаққа жібергендер де лайықты жазасын алсын деп талап қойып отыр.

"Қызым қалай азапталды, ол да солай азапталуы керек. Егер ол былтыр жасаған қылмысы үшін сотталса, қызым тірі жүретін еді. Басы балталанған адам да Өзбекстанға өтіп қайтыс болған. Судьялар ақша алып, қылмыскерді сыртқа шығарып жіберген. Істі қарағандар да бірге жауапқа тартылуы керек деп ойлаймын. Олар дұрыс қарағанда, қызым тірі болар еді", - деді марқұмның әкесі Нұржан Ережепов. 

Анасының айтуынша, қылмыскер қаза тапқан қызды бірге іздеген. Тіпті денесін таппау үшін кішкентай қыздың суға ағып кетуі мүмкін деп су жағасына да алып барған.

"Барлық ауыл іздедік қой. Сол кезде ол да шығып, жүріңдер, ана заборға түсіп кеткен шығар деп алып кеткен", - деді марқұмның анасы Индира Ерімбетова.  

Жәбірленушінің заңгерлері жарыссөзде қойылған талап арыздың бәрі орындалғанын айтады. Сонымен қатар, сот қаза тапқан қыздың туыстарына моральдық шығын өтеп беретін болды.

"Сот тез өтті. Тергеушілер де істі тез тергеп, айғақ заттарды тауып берді. Тез шешім шықты. Ал бізде 100 миллион теңге моральдық шығын өтеу туралы талап беруге мүмкіндігіміз болды", - деді заңгер Розмат Абдусалиев. 

Айыпты деп танылған ер адам әйелімен ажырасып кеткен. Ол үйінде жалғыз өзі тұрған. Қазір баспанасы қаңырап бос тұр. Марқұм қыздың әкесі Нұржан Ережеповтің айтуынша, ол жер қазір ішімдік ішетін жерге айналған. Сондықтан ол үйді бұзып, жерін мемлекет меншігіне алуды ұсынып отыр.

"Қазір сотталушының үйі бос тұр. Онда арақ ішетін адамның бәрі жиналып отырып, ішімдік ішетін болыпты. Онда балалар жүруі мүмкін. Сондықтан үйді бұзып, орнына қоғамға керекті нысан салса немесе жерін мемлекет балансына алса деймін. Негізі бұзамыз деп уәде берген", - деді марқұмның әкесі Нұржан Ережепов. 

Сотталушы жазасын Қостанай облысындағы "Қара бүркітте" өтеуі мүмкін. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.