Елордада «Мерейлі отбасы» ұлт­тық байқауының респуб­лика­лық кезеңі қорытындыланып, жеңім­паздарды марапаттау сал­танаты өтті.
Мерейлі отбасы – мемлекет тірегі
1,602
оқылды

Еліміздің барлық өңірінен қатысқан үздік жиырма отбасыға бір миллион теңгеден қаржылай сыйлық сертификаты табыс етілді. Шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ба­ла­ева қатысып, Мемлекет басшы­сының құттықтау сөзін жеткізді. 

«Мерейлі отбасы» байқауының жеңім­паздарын шын жүректен құттықтаймын! Бұл – төл құндылықтарымызды дәріптеп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашатын маңызды жоба. Әр аймақтары өнегелі отбасылардың байқауға белсене қатысуынан елімізде береке-бірлігі жарасқан құтты шаңырақ иелері аз емес екеніне көз жеткіздік. Олардың арасында белгілі бір мамандықты атакәсіпке айналдырған азаматтардың көп болуы – қуантарлық жайт. Осындай үлгілі әулеттер қоғамда ұрпақтар сабақтастығын сақтауға ықпал етеді. Халқымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген жақсы сөз бар. Отаншылдық, білімпаздық, еңбек­қор­лық, үнемшілдік, жанашырлық, әділ­дік сияқты «Адал азаматқа» тән қасиеттер, ең алдымен, отбасында қалыптасады. Әділетті Қазақстанды осындай жандар құрады. Мемлекет отбасы институтын да­мытуға, ана мен баланы қорғау мәселесіне әрдайым айрықша назар аударады. Осы бағытта ауқымды істер атқарылып жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Әр шаңырақтың ырысы артып, мерейі таси берсін! Баршаңызга зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!», – делінген Президенттің құттықтау хатында.

Отбасы – сыйластық пен сүйіспен­шілік, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының беріктігі, береке-бақыты, аман-саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Қоғам назарын отбасылық құндылықтарды сақтауға аудару әрі оны дәріптеу мақсатында жыл сайын өткізілетін дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына биыл 3 344 отбасы қатысты. 2021 жылдан бастап бұл бәйге еліміздің облыстарында өткізіліп, өңір-өңірдегі үздік жанұяларды анық­тай­тын болып өзгертілген болатын. Татулықты ту етіп, тамыры тереңге жайылған сондай мерейлі әулеттің бірқатарын сіздерге таныстырмақпыз. 

Елордаға Қарқаралы өңірінен бірнеше жыл бұрын қоныс аударған Сәдуақасовтар әулеті Астана қаласының биылғы жеңім­пазы атанды. Қара шаңырақтың отанасы Тишшан әжей жұбайы екеуінің өмірі тек еңбекпен өрілгенін айтады. Ордалы отбасының діңгегі болған марқұм Төкен Сәдуақасов аймақтың абыройлы азаматы болған. 

«1960 жылы жолдасыммен отау құрдық. Көпбалалы отбасының тұңғышы еді. Қара шаңыраққа ие болып, артынан ерген 9 бауырына қамқорлық көрсетті, інілерін үйлендіріп, қарындастарын бірге ұзаттық. Енеммен 30 жыл бірге тұрдық, көзі тірі­сінде көп өсиет үйретті. Әулеттің үлкені болған соң анамыздың орнына кейінгі­лерге ақыл-кеңес қылып отырамын. Қайын іні-сіңлілерім мені «жеңге» емес, «шешей» деп атайды. Ақсақалыммен 60 жыл тату-тәтті ғұмыр кеш­тік, өмірдің ыстық-суығын бірге көрдік. Шаңырақ көтергеннен кейін 7 жылдан кейін бала сүйдік. Үлкенім Алтынбектен кейін 11 құрсақ көтердім, сөйтіп өзіміз де көпбалалы жанұя болдық», – дейді Тишшан әжей. 

Сәдуақасовтарды көпшілік метео­ролог­тер отбасы деп таниды. Төкен ақ­сақал «Бесоба» округтік метеорологиялық стансасында табан аудармай 40 жылға жуық еңбек еткен. Тишшан әжей де бұл саладан алыс емес. Әулеттің ұлдары да әке жолын қуып осы салада қызмет етіп жүр. Бүгінде ауа райы орталығын отбасының келіні Маржан Күржікенова басқарып отыр. 

«1995 жылы осы әулетке келін болып түсіп, екі жылдан кейін қайын атамның қоластына жұмысқа тұрдым. Еңбек жо­лым­ды «бақылаушы» болып бастап, содан бері 23 жыл осы стансада қызмет етіп келемін. Жолдасымның бұл саланы тізгіндегеніне 28 жыл болды. 2004 жылы атам зейнетке шыққаннан кейін басқару ісі маған қалды. Күнделікті жауын-ша­шын, желдің бағытын, ауа райының құбы­луын, ауа мен жер температурасын тек­серіп, орталыққа сол туралы ақпарат жі­беріп отырамыз», – дейді Маржан Күр­жікенова.

Метеорологтермен қатар, бұл әулеттен полиция қызметкері, мұғалім мен дәрігер­лер шықты. Алдымен ағайынды 10 бауыр­дың ортасына келін, кейін 6 ұл, 6 қыздың анасы болған ақжаулық әжей үлкен әулеттің ұйытқысы – бауырмалдық деп санайды. Ұлдары – ұяға, қыздары қияға қонып, бір-бір үй болып отырған үлкен жанұясының ұйымшылдығын көріп отырған Тишшан әжей «Мерейлі отбасы» болғанын естіп, марқайып қалғанын жеткізді. 

Байқауға алып шаһардан қатысып, Алматының үздігі атанған отбасы –заманауи Сыбанбековтер әулеті. Отағасы Болат – жеке кәсіпкер, жұбайы Сана Жандай екеуінің жанұялық кәсібі бар. Олар қағаздан тапсырысқа сай түрлі пішіндегі қорап, пакеттер, кеңсе қағаз­дарын жасап, еліміздің нарығындағы ірі компаниялардың сұранысын қанағат­тан­дырып отыр. Болаттың әкесі Кемеш Әбіл­даев көп жыл әскери салада қызмет етсе, анасы Қалымхан Әбілдаева ұлағатты ұстаз болған. «Әкемнің қасында полигондарда жүріп, ер азаматқа қажетті дағдыларды меңгерсем, анам білімге құштар болуды үйретті», – дейді Болат. 

Мерейлі отбасы қайырымдылықпен ай­налысады. 2019 жылдан бастап «Мек­теп­ке жол» республикалық акциясына қатысып келеді, мұқтаж отбасылардың балаларына мектеп формасын, сөмке, қажетті құрал-жабдықтар жинап, тара­тады. Биыл 200 балаға көмек қолын созды. Сана Жандай 2017 жылдан бері қоғамдық іске араласып келеді. 2019 жылы көп­ба­лалы және аз қамтылған жанұяларды кәсіпкерлікке баулу, жан-жақты қолдауға арналған «Бақытты отбасы» деп аталатын сегіз орталық ашты. Пандемия кезінде мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттерін таратты. Қоғам игілігі үшін белсенді жұмысының арқасында Сана Жандай Алматы қаласы мәслихаты 7-шақы­рылымының депутаты да болды, бүгінде қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі. 

Жұбайы Сана Жандаймен шаңырақ көтергеніне 25 жылдан асқан, бүгінде 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр. Балалары оқуда озат, өнерлі, спортпен шұғылданады. Жоғары оқу орнында білім алып, бүгінде түрлі салада білікті маман болып жүр.  

Ал Жетісу облысының биылғы жеңісі Алакөл ауданы Жайпақ ауылында тұратын Қайрановтар жанұясына бұйырды. Шаңырақтың ұйытқысы – биыл сексеннің сеңгіріне шыққан Алтынхан әже. «Алтын алқа» иегері 7 баласынан жиырмадай немере, отыздан астам шөбере сүйіп отыр. Әулеттің тірегі Әбілқасым ақсақал көзі тірісінде жаз жайлауда, қыс қыстауда жүріп, мал шаруашылығымен айналысқан. Еңбек жолын шопаншы болып бастаған Алтынхан Байдолдақызы да бұл кәсіптің қыр-сырын әбден меңгеріп, жолдасына қолғабыс еткен.

«Отағасымен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірге ақылдасып, бір-біріміздің тілімізді алып, сыйласып жақсы өмір сүрдік. Балаларына бар білгенін, адам болуды, адал кәсіп қылуды, еңбекті сүюді, бір-біріне қамқорлық етуді үйретіп кетті. Бір сарыбөктерге мал айдап шыққанда қыс қатты болды. Қыс ішінде қазақ үйде отырдық. Сол уақытта жолда­сымен тұмау тиіп, ауырды, аяғы астмаға ұласты. Отағасы ұзақ уақыт төсек тартып жатып, 1996 жылы 54 жасында дүние салды», – деп еске алады әжей.

Бүгінде балалары мен немерелері әке-шешеден қалған атакәсіпті ары қарай жалғастырып, мал шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Жайпақ ауылында егін егіп, қожалық ұстайды. Бұл әулеттен шаруалармен қатар, жеке кәсіпкерлер, техниканың тілін меңгерген маман да шықты. Сексеннен асса да Алтынхан әжей тың, бір уақыт бос отыра алмайды. Үй шаруасын ұйымдастырып, немере-шөберелеріне қөлөнер үйретеді. 

Қарағанды облысының жүлдесі Шет ауданы Ақадыр кентінде тұратын Әміре әулетіне бұйырды. «Тыл ардагері» және «Еңбек ері» атанған Елубай Әміре мен тоғыз құрсақ көтерген «Алтын алқа» иегері Шәкітай Жұмабекқызының отасқанына биыл 65 жыл толды. Бүгінде 9 баласынан 32 немере, 30 шөбере сүйіп отырған қариялар өнегелі әулеттің қазынасы, қара шаңырақтың берекесі болып отыр. Еңбекке ерте араласқан отағасы Елубай ақсақал 30 жылдан астам уақыт жүк көлігін тізгіндеген, техниканың тілін жақ­сы біледі, ал Шәкітай әжей балабақшада, мектеп асханасында, мәдениет үйінде жұмыс істеген, бұған қоса ерлі-зайыптылар мал шаруашылығымен айналысқан. 

«Мектеп жасынан еңбек етіп, әке-шешеме қолғабыс етуге тура келді. Ол уақыт таршылық заманы еді. Үйдің үлкендері маңдай тер, қара еңбекпен ғана нан тауып жейсің, жалқау болсаң, аш қаласың деп сіңірді. Содан зейнет жасына дейін тынбай еңбек еттік, ұрпағымды да еңбекқор болуға үйреттім», – дейді Елубай ақсақал. 

Ақадыр – тоғыз жолдың торабында тұрған үлкен теміржол бекеті. Әулеттегі ағайындылардың біразы теміржолда еңбек етеді. Ішкі істер қызметінде жұмыс істеп, зейнетке шыққаны да бар. Одан бөлек, түрлі кәсіп иесі болған Әміре әулеті бү­гінде адал еңбектің арқасында өсіп-өніп, үбірлі-шүбірлі болып отыр. Қос қарияның арманы да осы болатын. 

Еңбектің қадіріне жеткен тағы бір отбасы – Макиленовтер әулеті. Алтай ауданындағы Серебрянск қаласында тұратын берекесі мен бірлігі жарасқан жанұя Шығыс Қазақстан облысының үздігі деп танылды. Облыс бойынша ұлттық байқауға ынтымағы жарасқан, еңбегімен еленген 108 отбасы қатысқан. Макиленовтер жанұясының отағасы Ернұр ішкі істер органында жұмыс істейді, криминалдық бөлімнің басшысы, жұбайы Әсем де саналы ғұмырын осы салаға арнаған, бұл күні құрметті зейнетте. Ерлі-зайыптыларды табыстырған да осы әскери қызмет, бүгінде үш бала тәрбиелеп отыр. Ернұрдың әкесі Үмітхан Макиленов Роза апамызбен отасқанына биыл 40 жыл, үш баладан 7 немере сүйіп отыр. Қариялар – шаңырақтың қазығы болса, өсіп-өнген ұрпақ сол әулетің баға жетпес қазынасы. Үлкенге – құрмет, кішігі ізеттілігімен, қай­сар мінез, қалқысыз қызметімен, салмақтылығы және сыпайылығымен туған-туыс, дос-жаранға сыйлы болған Макиленовтер әулетінің ұлттық байқаудың үздік шығуы бекер емес. 

Байқаудың Ақтөбе облыстық кезеңінде Жемсағыздың бойындағы қасиетті өлке Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылында тұратын Спановтар жанұясы бас жүлде алды.  Отбасы құндылығы, ұрпақ тәрбиесі, салт-дәстүр сабақтастығы айрықша көрініс тапқан әулеттің тірегі марқұм Қуаныш Спанұлы елге сыйлы, өзгелерге өмірімен өнегелі азамат, ізінен ерген бауыр­ларына пана, ұл-қыздарының ардақты әкесі болды. Ол Байғанин ауданының ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы қызмет етті.  Ауылдас­тары, ағайын-туыс, дос-жарандары әлі күнге дейін Қуаныш ақсақалдың адамгер­шілігін, жұртқа еткен жақсылығын, қолынан өнер тамған шеберлігін, шабыты келгенде жыр шумақтарын жазатын ақындығын ел арасында айтып жүреді. Әулеттің отанасы Гүлжаһан Шыбынтаева бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген, тату, бірлікте болудың кейінгі ұрпақтың бойына сіңірген. Ұлттық құндылықтарды бойға жиып, ата-ананың ақылын санаға құйып өскен жанұяға ел сүйсіне қарайды. Бүгінде бұл әулеттен мемлекеттік қызметкерлер, ақ халатты абзал жандар шыққан, қолөнермен айналысып, жеке кәсібін дамытып отырғандар да бар. Аудандық, содан соң облыстық кезеңде үздік шыққан әулет «Ақтөбе өңіріндегі көп үлгілі отбасының бірі ғанамыз» дейді. 

Түркі халықтарының рухани астанасы Түркістан облысында ұлттық байқауға қатысуға 143 отбасы өтінім берген, үздік шыққаны – Әбілдаевтар әулеті. «Мұғалім­дер отбасы» атанған жанұя Төле би ауданы Аққұм ауылында тұрады. Отасқанына 60 жыл болған Сәбит ата мен Айымжан әжей 4 ұл, 3 қыздан 30 немере, 35 шөбере сүйген өнегелі отбасы. Ардагер ұстаз – Сәбит ақсақал ғұмырының 32 жылын білім саласына арнаған, өмірлік ұстанымы – саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеу. Жұбайы Айымжан Керімбайқызы да – мұғалім. Кейіпкерлеріміз педагогикалық институт қабырғасында танысып, кейін шаңырақ көтерген. Ерлі-зайыпты ұстаздар көп жыл бойы бір мектепте қызмет етіп, бала тәрбиелеген. Әулеттің татулығы алдымен әке-шешенің ынтымағында деп санайтын қариялар 60 жыл бойы береке мен бірлікте өмір сүрген. Әбілдаевтар әулеті – мұғалімдер династиясы, ата-ана жолын үш қызы жалғаған, екінші ұлынан туған немересі де ұстаздық қызмет етеді. 

Асыл ТҰМАР