Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің қаржы секторына қатысты көптеген түйткілді мәселелердің басын ашып айтты.
Банктер бизнесті несиелендіруде неге бейқам?
1,134
оқылды

Соның бірі – еліміздегі екінші деңгейлі банктердің бизнесті несиелендіруде бейқамдық танытуы. Сарапшылардың пікірінше, қаржы реттеушісі алдағы уақытта салада елеулі өзгерістер әкелетін шараларды жүзеге асыру арқылы сектордағы алаяқтық пен сапасыз басқарудың алдына алу тұрғысында жұмыстар атқаруда. 

Нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несие­сімен әуестеніп кеткенін айтқан Президент Қ.Тоқаев қаржы жүйесіндегі төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына себепкер болуы мүмкін екен айтты. «Корпоративті салаға берілетін несиенің жеткіліксіздік мәселесін шешу керек. Экономикаға ақша керек. Былтыр банктердің таза пайдасы бір жарым трил­лион теңгеге жуықтады. Ал осы жылдың бірінші жартысында – бір триллион теңгеден асып кетті. Банктер тиімді жұмыс істегеннің арқасында емес, негізінен Ұлттық банк инфляциямен күре­су үшін базалық мөлшерлемені жоға­ры деңгейде ұстап тұрғандықтан, осындай мол пайдаға кенелді. Үкімет пен Парла­менттің бұл пайданы мемлекет мүддесін ескере отырып, неғұрлым әділ бөлу мүм­кіндігін қарастырғаны жөн. Қаржы ұйым­дарының салық салынбайтын мемлекеттік құнды қағаздарды сатып алудан түскен орасан зор табысына қатысты да сұрақтар бар. Мұнда қисын да, мемлекеттік ұстаным да жоқ. Үкімет ешбір ақылға сыймайтын осы мәселені анықтап жатыр», – деді Мем­лекет басшысы. 

Сарапшылардың пікірінше, бизнесті несилендіру мемлекеттік құнды қағаздар нарығында табыс табудан әлдеқайда тиім­дірек болатындай жағдай жасалғанда ғана ахуал түзелмек. 

– Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне төрағалық етіп отырған Мә­дина Ерасылқызы алдағы уақытта мемле­кеттік құнды қағаздар бойынша опера­циялар есебінен түскен шектен тыс пай­­даға салық салу туралы өзгерістер ен­гізіліп жатқанын айтқан болатын, – дейді экономист Расул Рысмамбетов. – Мұның іс-жүзінде қалай жүзеге асы­рылады, әрине әзірге нақты белгілі емес. Де­генмен мем­лекет екінші деңгейлі банк­тер үшін биз­несті несилендіру мем­лекеттік құнды қағаздар нарығында табыс табудан әлде­қайда тиімдірек ету жолында көптеген шараны жүзеге асырады деген ойдамын. Мұндай шаралардың қатарында жоғарыда айтып өткен салықтан бөлек, банк ка­питалына қатыс­ты, мәселен «бір банк белгілі бір мөл­шерден артық құнды қа­ғаздар сатып ала алмайды» деген секілді шектеулер болуы мүмкін. 

Сонымен бірге Президент Үкіметке және қаржы саласын реттейтін мекеме­лерге бір жылдың ішінде банктерді кор­поративті несие беру ісіне белсене қа­тысуға, яғни кәсіпкерлерді қолдауға ын­таландыру бағытында нақты шешімдер ұсынуды тапсырды. Қазақстандағы 21 банктің ішінен бірнеше ірі банктер ғана корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржы­ландырумен айналысатыны да Мем­лекет басшысының назарынан тыс қалмады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банк тартылуы мүмкін екенін атап өтті. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, заңды тұлғаларға берілген кредиттер ірі бизнес субъек­тілеріне кредиттердің азаюы нәтижесінде 2023 жылғы шілдеде 1,7 пайызға, яғни 8,6 трлн теңгеге дейін азайды. Жыл басы­нан бері 0,4 пайызға төмендеген. 

«Дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне берілген жиынтық кредиттер 2023 жылғы шілдеде 1,1%-ға 9,9 трлн теңгеге, ШОБ субъектілеріне қарыздар 0,02%-ға 6,4 трлн теңгеге, ірі бизнеске берілген қарыздар 3,0%-ға 3,5 трлн теңгеге дейін азайды» делінген агенттік хабарламасында. 

Дегенмен 2023 жылғы шілдеде бизнес субъектілеріне 1 073 млрд теңге сомаға жаңа қарыздар берілгенін көреміз. Биылғы жылғы 7 айда бизнес субъектілеріне 7 908 млрд теңге қарыз берілген, бұл 2022 жыл­­дың осы кезеңімен салыстырғанда 15,7%-ға артық.

Десе де, банк – бұл қаржылық делдал есебінде қызмет атқаратын мекеме. Біздің елде жұмыс істейтін банктер қазақстандық азаматтардың қаражаты есебінен қазақ­стандық бизнесті қаржыландырады. Сон­дықтан сарапшылар шетелдік банктер келіп отандық бизнеске инвестиция жа­сайды деген қате түсінік қалыптаспауы қажеттігіне назар аудартып отыр. 

– Себебі банк инвестор емес, мұндай қаржылық ұйымдар делдалдық қызмет ету арқылы табыс тауып отыр. Сондықтан бізге Шығыс Еуропалық немесе Араб елдерінің банктері келеді деген ойдамын. Одан бөлек, тағы да ескеретін бір жайт – бізде банк сатып алғысы келетін басқа да қазақстандық инвесторлар бар. Бірақ оларға лицензия алу жағынан көптеген қиындық туындауы мүмкін. Бұл азамат­тарды да осы мәселе толғандырып жүр деп ойлаймын. Одан бөлек, бізде лицензия алуды жоспарлап отырған микроқаржылық ұйымдар да бар, – дейді Р.Рысмамбетов. 

Осыған дейін Парламент кулуарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбіл­қасымова «қазақстандық банктер нарықта жаңа шетелдік ойыншылар пайда болған кезде бәсекелестікке төтеп береді» деп өз пікірімен бөліскен болатын. Агенттік төрағасы бұл тұрғыда отандық банктердің қаржылық қызметтерді цифрландыруы тұрғысынан көптеген елмен салыстырғанда озық екенін алға тартқан. Расымен, қазір еліміздегі екінші деңгейлі банктердің көпшілігі өз тұтыну­шыларына мобильді қосымшалар арқылы қызмет көрсетеді. Тіпті, соңғы кезде кеңсе­ге бармай-ақ несиеге немесе өзге де қызмет түрлеріне өтініш бере аласыз. Сондай-ақ Мәдина Ерасылқызы екінші деңгейлі банктердегі корпоративтік бас­қару деңгейінің қажетті стандарттарға сай болуы өте маңызды екенін атап өткен. Сарапшылардың пікірінше, барлық мәсе­ле басқару мен ұзақмерзімді страте­гиялық міндеттер қоюға келіп тіреледі. Қаржы реттеушісінің төрағасы нарықта шағын және орта бизнесті несиелендіру бойынша банктер арасында бәсекелестік болуы тиіс екенін түсіндіреді. Агенттік төрағасы жаңа банк келсе де, ол базалық мөлшерлемеге, эко­но­микадағы ақшаның құнына бағдар­ланатын баса назар аудартты.Сол себепті шетелдік банктің келіп, басқа мөлшерлеме бойынша ресурстар ұсынады деп күте алмаймыз.

Сондай-ақ сарапшылар еліміздегі екінші деңгейлі банктердің баласында жинақталған проблемалық активтердің қызметіне қатысты да өз ойымен бөлісті. 

«Президент 2,3 трлн теңге деп банк­тердің проблемалық активтерін айтты деп ойлаймын. Қазір оның жалпы мөлшері 5 млрд АҚШ долларына жуықтайды. Біздің мемлекеттік мекемелер халықаралық ұйым­дармен бірлесіп проблемалық актив­терді сататын электронды платформа жасау туралы мәселе қаралып жатыр. Бір жылдан бері талқыланып келе жатқан бұл мәселе ендігі жылдам шешімін табады деген ойда­мын. Өйткені осыған дейін де көптеген жұмыс атқарылды және заңнама да әзірлену үстінде. Кейбір проблемалық активтер 5-6 жылдан астам уақыт бойы банк ба­лансында болатындықтан, қаржылық ұйымға үлкен салмақ салады. Сон­дықтан бір жыл банк балансында жатқан актив­тердің айналымын жеделдету қажет. Бірақ оған аталмыш активтерге иелік ететін азаматтар қарсы болуы мүм­кін. Осындай жайттың барлығы заңнамада толық қарас­тырылуы қажет, – дейді Р.Рысмамбетов.

Президент Жолдауында айтылған өзекті мәселелер шешімін тапса, қар­жылық секторда кездесетін заңсыз­дық­тарға тосқауыл қойылуы бек мүмкін. Бірақ сарапшы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ол қылмыстық қу­да­лау­мен айналыспайтынын, яғни агенттік қызметтерінің аясы шектеулі екенін ұмытпаған абзал деген пікірде. 

– Сондықтан қаржылық спекуля­цияларға дер кезінде жауап беріп әсер ете алатындай Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және Қаржылық мони­торинг агенттігі арасында үнемі біргелікте жұмыс істейтін бір комиссия құрылғаны абзал шығар. Әсіресе, алаяқтар мен қар­жылық пирамидаларға қарсы жұмыс істейтін мұндай ұйым қажет-ақ. Өйткені соңғы жылдары елімізден 100 млн АҚШ долларына жуық қаражат осы тектес ұйымдар арқылы шетелге кетті. Бүгінде отандық банктер экономикамызға жұмыс істеуге әрине мүдделі, Тек олар үшін жо­баның табысты болғаны аса маңызды. Себебі банк салымшылардың қаражатын сақтап әрі сол арқылы табыс табуды көз­дейтін мекеме болғандықтан инвестордың рөлін атқара алмайды, – дейді.

Сонымен қатар сарапшылар корпор­а­тивтік қарыз алушылар тарапынан кепіл­діктер базасын нығайту қажеттігін атап өтті. Бұл ретте мемлекет кәсіпкерлерге жер қойнауын пайдалану құқығы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер­лерді кедергісіз кепілге қою туралы мүм­кіндіктерді қарастыру қажет. Бұл ұсы­ныстар негізінде қазір заңнамалық акті­­лерге белгілі бір түзетулер енгізілмек. Сәтті жүзеге асырылса, несие алу үшін үлкен кепіл базасын пайдалануға мүм­кіндік береді. Нәтижесінде, бұл да бизнесті несиелендіруді жеңілдетудің бір тетігі болмақ. 

Кәмила ЕРКІН