Жетісу облысының орталығы Талдықорғандағы проблемалардың бірі – «Көк базар» маңындағы көшелер бойын түбегейлі жаулап алған сауда­герлердің заңсыз, жа­байы сауда-саттығына тосқауыл қойып, ретке кел­тірудің қиындығы. Кейінгі ширек ғасырда осы мә­селенің түйінін тарқатпақ бол­ған­дардың ешқайсысы жабайы сауданы жанбағыс, күнкөріс көзіне ай­нал­дырғандарды жөнге сала алмады.
Жабайы сауданы жөнге салса игі
959
оқылды

Алматы облысының орталығы Тал­дықорғанға ауысқан 2001 жылдан бері осынау керітартпа көріністен көз аша ал­май келеміз. Қала әкімі ауысқан сайын тағайындалған жаңа басшы бірден көше саудагерлерімен күреске шығады, алға­шында қаттырақ кетеді, қорқытып, үр­кітеді. Одан кейін  онысынан түк шық­пайтынын байқап, саудагерлерге түрлі уәдені үйіп-төгіп, уақытша реттегендей болады. Арада апта өтпестен сол баяғы жағдай қайталанып, бәрі қайтадан қаз қалпына түседі. 

Сол 2000-жылдардың басындағы об­лыс әкімі Шалбай Құлмахановтың өзі екі білегін сыбанып, көшелерді аралап, саудагерлермен саудаласып, ақырында тура базар жанынан өтетін Біржан сал көшесінің бөлігін «Арбатқа» айнал­дыр­ғаны, көше саудагерлерін қаланың сыр­тындағы АКЛ-ге «жер аударғаны» да әлі есте. Ол жылдары аптасына бір рет бола­тын сенбілік жәрмеңкелер де сонда ұйым­дастырылатын. Бұл жерді жұрт әлі күнге дейін «әкімдіктің концлагері» дейді. Кейін­гі әкімдердің бірі Арбатты бір орамға қысқартып тастады. Тазаланып қалған қысқа көше қайтадан автокөліктер мен сауда қатарларына толып кетті. Серік Үмбетов көше саудагерлерін бір жерге топ­тастырып, жергілікті тауар өндіру­шілердің өнімдерін қалалықтарға делдал­сыз, сауда орны үшін алынатын төлемсіз саудалауды жолға қоям деп мемлекеттің мил­лион­дарына сауда-саттыққа қажетті бар­лық жағдай ойластырылған ком­муналдық базар ашқанда қуанған едік. Ол базар да бірер жылдан соң осындағы қал­талылардың бірінің жекеменшігіне ай­налып кетті. Содан бері аптаның алты күні қаңырап тұрады да, сенбі күні ғана жәр­меңкеге беріледі. 

Бір жылдары орталық базар маңындағы көшелердің кеңірек тұстарына шатырлы сауда сөрелері де қойылды. Сол маңнан шағын базардың құрылысы да жүргізілді. Бірақ бұл қарекеттің барлығынан түк шық­пады. «Көк базардың» төрт тарапынан көктеп өтетін көшелердің бойы  әлі күнге «ханбазар». Базардың ішіне қарағанда, сол сыртындағы жайма сөрелерді жағалайтын жұрт көп. Сенбі-жексенбіні қойып, бы­лай­ғы жұмыс күндері де шаруамен бара қалғандар иін тірескен халықтың арасынан әрең жол табады. Қаптаған автокөлік, әр жерде – сөрелерде, үстелдерге, жерге үйіл­ген тұрмыстық сан қилы тауарлар мен түрлі азық-түлік. Адалы қайсы, арамы қай­сы, балғыны қайсы, бұзылғаны қайсы – айыра алмайсың. Белгіленіп, бекітілген баға да жоқ. Саудагердің әрқайсысы өзінің қалаған бағасын айтып, алушыны алдап қалғысы келеді. Талай қалада болдық, олардың бәрінде де көше саудасы бар екенін көрдік. Бірақ дәл Талдықор­ған­дағыдай бейберекет, бетімен кеткенін бай­қамадық. 

Осыдан бірер ай бұрын ғана қаланың тізгінін ұстаған Ернат Бәзіл де әкімдік қызметін бастай салысымен, жабайы сау­даны жөнге салуға бел шеше кірісті. Ол бұрынғы қала әкімдері сияқты қарамағын­дағыларды жіберіп, қарап отырмады. Шал­бай көкесі құсап, бірден өзі іске кі­рісті. Дауласатын жерде де тайсақтаған жоқ. Жабайы сауданың жөнсіздігін қа­сында жүрген заң адамдарының айт­қанына сүйене отырып дәлелдеп, тиісті жерінде қажетті көмек те жасайтынын алға тартты. Біраз уәдені беріп те тастады. Бірақ биліктен әбден көңілі қалған жұрттың сенімін иелену оңай емес. Бір кездері дүң­гіршектерін бір түнде бұзып әкетіп, сөрелері мен үстелдерін қиратып тас­тағанда да, араға бірер күн салып көше бойы­на қайта оралудан тайынбағандардың айтар уәжі де орынды сияқты. Олардың барлығы қыста аязда қалтырап, жазда ыстықта қалжырап жүріп, бала-ша­ғаларын осы көше бойындағы сауда арқылы тапқан тиын-тебенмен асырап отырғандарын көлденең тартады. Бәрінің үлкенді-кішілі балалары бар. Атаулы әлеуметтік көмектен де көп үміт күтпейді. Мемлекет тарапынан жасалып отырған басқа да әлеуметтік қолдаулар да бала-шағаның жыртығына жамау бола ал­майтынын ашына айтады. 

«Біз еріккеннен қыста суыққа тоңып, аяғымыздан сыз өткізіп, жазда ыстықта қаталап, күнге күйіп, тентіреп жүргеніміз жоқ. Барлығы бала-шағаның қамы. Үйде­гілердің қарнын ашырмау, қата­рынан қал­дырмау үшін осылай тілім-тілім болып жүрміз. Жағдайымыз жақсы болса, бала-шағаның қасында салулы төсек, салқын үйде шалқадан түсіп жатпаймыз ба? Атаулы әлеуметтік көмек дейсіз, оны алу­дың өзі бір машақат. Тиісті органдардың есігін жағалап жүріп алдына бара қалсаң, түрлі сылтауды айтып, құтылғанша асығ­ады. Түрлі құжат жинатып, басты қа­тырады. Жұмысқа тамыр-таныссыз ор­наласу мүмкін емес. Табыла қалса, олары­­ның жалақысы жар­тымсыз. Сон­дықтан қалай қусаңдар да кетпейміз. Осын­да түнеуге дайынбыз», – деген сау­дагерлер Ернат Бәзілге дейінгі әкім­дердің орын­далмайтын уәделеріне әбден тойған­дарын ашықтан-ашық мәлімдеді.

Расында солай, мақаланың басында бір кезде жұрттың қала сыртына бос­қанын, коммуналдық базардың аптасына бір күн ғана базарлы болатынын, орталық ба­зардың маңында салынған шағын ба­зардың 8 жыл бойы қаңырап тұрғанын жоғарыда жаздық. Тіпті, көше саудасын құртамыз деп қатал қадамдарға барған кездер де болған еді. Бірақ басқа-басқа, күнделікті тірлігіне сүйеу болып отырған табыс көзінен айырылса, тірлігі тұйыққа тірелетін халық ондайда ештеңеден тайын­байтынын бірнеше рет байқатты. 

2020 жылы ақпанда осындай түсін­бестік шиеленісіп кеткенде көпшілік ал­дына шыққан сол кездегі облыс әкімі Амандық Баталов көше саудагерлеріне сол маңнан барлық жағдайы жасалған сауда павильоны тұрғызылатынын айтып, қуант­қан. Одан бері де үш жарым жыл өтті, айтылған сөз сол жерде қалды, орын­дал­мады. Жалпы, Жетісу облысында, оның ішінде Талдықорғанда жақсы жобалардың дені орта жолда қалады. Бір кезде халықты қолжетімді бағадағы ауыл шаруашылығы өнімдерімен, жергілікті азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті фермерлер мен тұрғындардың өсіріп, өндірген тауарларын емін-еркін саудалауы үшін салынған коммуналдық базардың жағдайын жоғарыда айттық. Жабық павильоны супермаркет болып кетсе, ашық сауда алаңында тек сенбілік жәр­меңкелер өткізіледі. Осылайша, халық үшін мемлекет қаржысына тұрғызылған дүниенің қызығын қалалықтар емес, қал­талылар көріп отыр. 

Осыдан біраз бұрын қаланың шеткі ауданының бірінде әлеуметтік базар ашылды. Әкімдіктің өтінішімен алау­латып, жалаулатып, жергілікті фермер­лермен және облыспен шекаралас елдер­дегі ірі шаруашылықтармен аграрлық өнімдерді жеткізу туралы келісім барын, ешбір делдалсыз жеткізілетін жеміс-жидек пен көкөніске, азық-түлікке, тағы басқа тауарларға қарық боламыз деп сүйінші­ледік. Бесінші айға айналды, қазір қаңырап тұр. «Жаны ашымастың, басы ауырмас» деген осы да. Көше бойында дірдектеп сауда жасап тұрғандарды күнде мазалап, қуғындағанша, барлық жағдайы ойлас­тырылған базарларда емін-еркін сауда жасауды жолға қойса жөн болар еді... 

– Біз дәл осы жерде көтерме сауда ба­зарын іске қосамыз деп жобалап, мықты жоспар жасағанбыз. Маңайдағы облыс­тардағы шаруашылықтармен, жақын шетелдердегі тауар өндірушілермен аграр­лық өнімдер жеткізу жайында келі­сімдер де жасалған болатын. Мақсатымыз қазіргі кезде бізге жеткенше бірнеше қолдан өтіп, бағасы аспандап кететін өнімдерді халыққа қолжетімді ету еді. Әзірге ойымыз орын­далар емес, – дейді әлеуметтік базардың директоры Ақжан Мұсахметов. 

Қалай болғанда да, қаланың жаңа әкімі жабайы сауданы жөнге саламын деп бел­сеніп отыр. Жабайы саудагерлермен бір­неше рет көшеде кездесіп, ашық сөй­лесті, дауласты, биліктің талабы заңды екенін дәлелдеуге тырысты. Күніне қанша таба­тындарын сұрады. Мамандығы барлардың бәріне жұмыс тауып беретінін айтты. 

– Жабайы сауда – өткеннен қалған кертартпа көрініс. Сондықтан кеңесе оты­рып, одан мүлде құтылудың жолын қа­рас­тырамыз. Жүйелі түрде жұмыстар жүр­­гізіп, біртіндеп құтыламыз. Алайда көше сау­дасымен күн көріп отырғандардың өзекті проблемаларын түбегейлі шешпей тұрып, бұл жағдайды реттеу мүмкін емесін түсі­немін. Сондықтан көше саудагерлеріне олардың көңілінен шығатындай баламалар ұсынуды ойластырамыз. Барлығына жұ­­м­ыс тауып береміз. Мүмкін, басында жа­лақы төмендеу болар. Оған түсіністік та­нытқан жөн. Біздің қалада бос тұрған ірі базарлар бар. Ондағылар 2-3 айға орында тегін беруге дайын. Орталықта орналасқан сауда дүкендері де жағдайға дұрыс қарап, орындар қарастыруға тиісті деп ой­лай­мын, – дейді қала басшысы. 

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы