Ел үкіметі ауылдың әлеуетін арт­тыру­ды мақсат тұтып отыр. Бұл ба­ғытта бірнеше жоба жұмыс істеуде. Со­лардың ішінде биыл жаңа жылдан кейін іске қосылған «Ауыл аманаты» жо­басы алыстағы ағайынның өшкен үмі­тін қайта оятқандай.
«Ауыл аманаты» жемісін беріп жатыр
631
оқылды

Әсіресе кә­сіп ашып, өз күнімді өзім көрсем деп жүрген ауыл халқы үшін бұл жаңалық сүйін­шідей естілді. Қазір ел сенімі ақта­лып, шаруалардың ісі оңалып, бағ­­дарлама өз жемісін бере бас­та­ды. 

Ауыл – елдің тірегі. Ауыл дамыса ел да­миды. Себебі ауылда тіршілік бар, бе­реке бар. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жай­­­қалтып, шаруасын өрге сүйреп отыр­ған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қай­наған еңбектің және ұлттық руха­ният­тың қайнар көзі іспетті. Сондықтан да ауыл­ды экономиканың сүйреуші күші деу­ге болады. Бүгінде сол ауылда отырып мал ұстаған шаруалардың арқасында Қа­зақ­стан ет пен астықты экспортқа еркін шы­­ғарып отыр. Дегенмен ауылға да қолдау ке­рек. Әсіресе шаруалар үкіметтің қол­дауы­на қашанда мұқтаж. Осы мақсатта «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. 

Пайызы төмен несие – елге несібе

Бағдарламаның басты жемісі – ха­лыққа берілетін 2,5 пайыздық жеңілде­тіл­ген несие. Бұл несие ауыл халқының әл-ау­қатын жақсарту, табысын арттыру мақ­са­тында беріледі. Несиені жеке кәсіп ие­лері жекелей де ала алады. Немесе бір ауыл­дың бірнеше тұрғыны бірігіп, ауыл­дық тұтынушылық кооперативін құру ар­­­қылы да алуға мүмкіндік бар.

– Бағдарламаға қатысушыға қойыла­тын талаптар да өте қарапайым. Бірін­ші­ден, ауыл тұрғыны болуы керек. Екіншіден ке­пілге қоятын жылжымайтын мүлкі бол­уы тиіс. Бағдарлама бойынша түскен әр өтінішті арнайы комиссия қарайды. Бағ­дарламаға жұмыссыздар, көп балалы от­басылар, атаулы әлеуметтік көмек алу­шы­лар, мүгедектігі бар тұлғалар қатыса ала­ды. Жұмыссыздар мен көп балалы от­ба­сыларға, мүгедектерге басымдық бе­рі­леді, – дейді AQJAIYQ әлеуметтік кәсіп­кер­лік корпорациясының Басқарма тө­ра­ғасы Бақдәулет Ибраимов.

 БҚО-да жоба мамыр айында басталған. Бүгінгі күнге дейін жоба аясында 631 өті­нім мақұлданған. Ал 347 адам 2,5 пайыздық не­сиені алған. Несие 5-7 жылға беріледі. Не­сиені алған соң оны игеруге деп 1-1,5 жыл­ға каникул беріледі. Мұндағы мақсат – шаруашылықты енді қолға алған кәсіп ие­сіне аяққа тұрып кетуге уақыт беру. Сөй­тіп, несиемен басталған шаруадан ал­ғашқы несібесін көргенше мемлекет қол­дау көрсетіп, жетелеп отырады. Биыл жал­пы сомасы 2,2 миллиард теңгеге несие бе­ріл­ген. Несие алған кәсіпкерлердің көбі сүтті бағыттағы ірі қара малын өсіруге ниет білдіріпті. 

– Несие алғандар қатарында наубай­ха­на, фастфуд жасап сататын дүңгіршек, сұлу­лық салоны, тігін цехына қажетті құ­рал-жабдық аламын деп өтінім бергендер де бар. Бұл өтініштерді комиссия қарап, бү­гінде мақұлданды. Қазіргі уақытта қал­ған өтініштерді қарап жатырмыз. Ешбір өтініш қараусыз қалмайды, – дейді AQJAIYQ әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация­сы­ның Басқарма төрағасы Бақдәулет Иб­раи­мов.

Алғашқы өнімдер сатылымға шықты

Жобаның негізгі мақсаттарының бірі – ішкі нарыққа қажетті азық-түлік өнімдерін шығару. Қазір қалада «Ауыл аманаты» бағ­­­дарламасы аясында дайындалған өнім­дер сатылымға шыға бастады. Биылғы күз­­дің алғашқы жемісін халық алып та үл­гер­ді. Бұл туралы AQJAIYQ әлеуметтік кә­сіп­керлік корпорациясының Басқарма төрағасы Бақдәулет Ибраимов толығырақ айтып берді. 

– Шаруалардың өнімдері енді «Шың­ғыр­лауАгро» ауылдық тұтынушылық коопе­ративінің дүңгіршегі арқылы сатыла бас­тады. Дүңгіршекте Қаратөбе ауданынан «Әдемі-Мөлдір» ауылдық тұтынушылық кооперативінің ұннан жасалған өнімдері, жар­тылай фабрикаттары, Теректі ауда­ны­нан «Каунаева» жеке кәсіпкерінің өсірген көкөністері, «Аманғалиев» жеке кәсіпкері бастаған құс фабрикасының жұмырт­қа­лары, «Алимов» жеке кәсіпкерінің өсірген бройлері, Бәйтерек ауданынан «Буштер» шаруа қожалығының құлпынайы, Шың­ғыр­лау ауданынан «ШыңғырлауАгро» ауыл­дық тұтынушылық кооперативінің тар­тылған еті және тағы да басқа өнімдер ұсы­нылған, – дейді ол.

«Ауыл аманаты» бағдарламасына қа­ты­суға ниеттілер көп. Соның ішінде өте жо­­ғары белсенділік танытқан аудандар бар. Атап айтсақ, Бәйтерек ауданы, Ақ­жайық ауданы және Сырым ауданының хал­қы жоғары белсенділік көрсеткен. 

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев жуыр­­да осы «Ауыл аманаты» жобасы ая­сын­­да жұмысын жүргізіп тұрған жоба­лар­мен танысты. Сондай жобаның бірі Да­риян ауылдық округінің тұрғыны Максим Буштердің бақша құлпынайлары. Кәсіп­кер несие алып, жылыжай салып, көшеттер мен тоңазытқыш салып алыпты. Биыл жар­ты гектар жерге құлпынай, жарты гек­тар жерге таңқурай еккен. Бұл құлпынайлар қазір AQJAIYQ әлеуметтік кәсіпкерлік кор­порациясының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік дүкендерінде сатылуда. 

Жобаның тағы бір мақсаты – халықты са­палы азық-түлікпен қамту әрі азық-тү­лікті төмен бағамен сату. Бүгінгідей қым­бат­шылық қысқан заманда нан, сүт, ет, жұ­мыртқа, май секілді күнделікті тұтына­тын өнімдер арзан бағада сатылса, соның өзі – халыққа үлкен көмек. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы