Бүгінде Жамбыл облысында инвестициялық жобалардың игілігін ел көруде. Ауыл шаруа­шылығы, кәсіпкерлік, өндіріс саласын өрістету бағытында қолға алынған бастамалардың бірқатары жемісін беріп үлгерсе, енді екін­шілері даму сатысында.
Жамбылда 791 жоба жүзеге асады
666
оқылды

Мұндай инвестициялық жобалар өңір экономикасына екпін беріп, әлеу­меттің әлеуетін арттыра түсетіндігі хақ. 

Биыл қуаңшылық салдарынан агро­салаға айтарлықтай шығын келгенімен, ауылшаруашылық кәсіпорындарының негізгі капиталына 23 806,7 миллион теңге инвестиция тартылған. Ауыл шаруа­шылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, мұндай ауқымды қадам асыраушы саладағы түсімнің төмендеп кетпеуіне кепілдік берген екен. 

– 2023 жылы ауыл шаруашылығы саласына жалпы 52,3 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 27,0 млрд теңгесі мемле­кеттік қолдауға бағытталған. Бүгінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 16,1 млрд теңгесі игерілді. Қосымша республикалық бюджеттен 11,9 млрд теңге сұратылды. Оның 24 млрд теңгесі «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы бойынша 2,5 пайызбен несиелендіруге бағытталған, – дейді ол.

Биыл 7 айда  ауыл  шаруашылығының негізгі капиталына 23,8 млрд теңге ин­вес­тиция тартылып, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 67,7 пайызға артып отыр. Ал тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 2,3 млрд теңге ин­вестиция салынып, 77,1 пайызды құрады. 

Жамбыл облысының Жол картасы аясында 2022–2025 жылдар аралығында 87,8 млрд теңгені құрайтын 26 инвес­тициялық жобаны іске асырып, 1 148 тұ­рақ­ты жұмыс орнын құру көзделуде. Оның ішінде биыл Жол картасы аясында жалпы құны 10,5 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 195 жаңа жұмыс орнын құру жоспар­лануда. 2022 жылы 9,0 млрд теңгеге 10 жо­­баға жан үрленіп, 183 жұмыс орны құрылған болатын. 

– Іске асырылатын жобалардың не­гізгі бағыттары – сүт тауарлы фермасы, көкөніс сақтау қоймасы, бордақылау алаңы, құс етін өндіру, – дейді басқарма басшысы Нұрби Жігітеков.

Жобаларды атап айтсақ, Байзақ ауданында 1,2 млрд теңгеге 8 000 басқа арналған құс фабрикасын салу көзделуде. Ал Жуалы ауданында 1,0 млрд теңгеге 400 басқа арналған сүт тауарлы фермасы мен қуаттылығы жылына 7 000 тонналық сүт­ті қайта өңдеу цехы жұмысын бастамақ. 

Қордай ауданында 2,6 млрд теңгеге сыйымдылығы 5 600 тонналық жеміс-жидек сақтау қоймасы бой көтереді. Т.Рыс­құлов ауданында болса, 0,7 млрд тең­геге 1 500 басқа арналған бордақылау алаңы тұрғызылмақ. 

Шу ауданы да инвестиция игілігінен шет қалмаған. Мұнда 2,5 млрд теңгеге астық сақтау қоймасы мен сыйымдылығы 20 000 тонналық көкөніс сақтау қоймасы салынады деп күтілуде. Жоба 60 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. 

 Тараз қаласында 2,4 млрд теңгеге сыйымдылығы 15 000 тонналық көкөніс сақтау қоймасын салу жоспарланса, 30 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылады. 

Жалпы 2024 жылы 27,7 млрд теңгеге 4 жоба (255 жұмыс орны) жүзеге асатын болса, 2025 жылы 40,6 млрд теңгеге 3 жоба (515 жұмыс орны) іске қосылады. Сонымен қатар «Даму жоспары» аясында 2022–2027 жылдар аралығында жалпы құны 50,2 млрд теңгені құрайтын 791 жобаны іске асырып, 2 156 тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде.

Биыл облыста ауыл шаруашылығы да­қыл­дары 762,5 мың гектарға орналас­тырылып, 2022 жылмен салыстырғанда 6,5 мың гектарға ұлғайған. 

2022 жылы 1 360 дана техника алы­нып, жаңару көрсеткіші 11,0 пайызды құраса, 2023 жылы 1 900-ге жуық техника сатып алынып отыр. Күзгі дала жұмыс­тарына осы техниканың 10 063 бірлігі қатысады деп межеленсе, оның ішінде 4 570 трактор, 1 105 соқа, 461 қопсытқыш және 3 927 басқа техникалар қалтқысыз қызмет көрсетеді. 

Биыл 7 айда аймақтағы жалпы мал саны 4,7 млн басты құрап 6,2 пайызға ар­тып отыр. Нәтижесінде, сүт өндірісі 1,4 пайызға өссе, ет өндірісі 4,7 пайызға көбейген. 

«Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында 2019–2023 жылдары барлығы 50 ауыл­дық округтегі 8 590 кәсіпкерге 2,5 пайызбен 42,3 млрд теңге несие беру көзделген. Халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту мақсатында 2019 жылы бастау алған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында 11 ауылдық округіне қарасты 25 елді мекендегі 7 856 отбасы қамтылған. Бұл мақсатта жалпы 9,2 млрд теңге игерілген. 

Жобаның жалғасы ретінде 2021–2022 жылдары 9,1 млрд теңгеге 13 ауылдық округке несие берілсе, 2023 жылы 24 млрд теңгеге 10 ауданнан 26 округті қар-жылан­дыруға ұсынылған. 

2024–2025 жылдары республикалық бюджет есебінен 45,5 млрд теңгеге қалған 103 ауылдық округтегі 490 мың тұрғынды қамту жоспарланып отыр. 

Облыста ауыл шаруашылығы өнім-дерін қайта өңдейтін 200-ге жуық кәсіп-орын тіркелсе, осы кәсіпорындарда 2,3 мыңнан астам адам жұмыс орындары­мен қамтылған. Оның ішінде басым бағытта сүт өнімін тереңдете өңдеумен – 27, ет өнімін тереңдете өңдеумен – 43, Мақсары майын өңдейтін – 4, астықты тереңдете өңдеумен – 6, наубайханалар – 62 (оның ішінде бөлке нан пісіретін 44 наубайхана), жүн-теріні өңдеумен – 3, қант қызылшасын өңдейтін – 2, көкөністі өңдеумен – 1, құс етін өндіретін – 5, жұмыртқа өндіретін – 1, макарон өнім­дерін өндіретін 8 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

Өңірде сүт өнімін тереңдете өңдеумен 27 кәсіпорын айналысады десек, жалпы жылдық қуаттылығы 81,5 мың тоннаны құрайды. Бұдан бөлек, облыста сыйым­дылығы 253 100 тоннаны құрайтын 209 қойма бар.

Өңірде кәсіпкерлік саласының да көкжиегі кеңеюде. Облыста кәсіпкерлікті дамытудың 2021–2025 жылдарға арнал­ған ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы бағдарын тапқан. «Қарапайым заттар экономикасы» бағ­дар­ламасы аясында 71,4 млрд теңгеге 191 жоба қар­жы­ландырылса, биыл жыл ба­сы­нан бері 1 450 миллион теңгеге 2 жо­ба жүзеге асып отыр. 

Бұдан бөлек, 2023–2026 жылдар ара-лығында жалпы құны 1,9 триллион теңге болатын әрі 4 065 жаңа жұмыс орны құрылатын 60 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның 16-сы биыл жанданады. 

Міне, осылайша Жамбыл облысында инвестициялық жобалар бағдарын тауып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл шетелдік инвесторлардың егемен елі-міздің ертеңіне деген сенімін білдіреді. Сондықтан ауқымды жобалар аяғына дейін жетіп, өңір экономикасын өріс­тетуге өзіндік үлесін қоссын деп тілейміз. Ал облыс экономикасы артса, тұрғын­дардың да тұрмысы түзелетіні хақ. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы