Сыр аймағының білім саласында соны серпіліс байқалады. Балғын­дардың сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына негіз қалайтын мұндай игі істердің әрбірі өміршеңдігімен қуантады.
Сырда білім ғимараттары саны артты
700
оқылды

Биылғы оқу жылына қызылор­далық­тар толағай табыспен жетіп отыр. Әсі­ресе, өңірде оқушылардың сапалы білім алуына жол ашатын заманауи мектеп ғимараттарының құрылысына айрықша басымдық берілді. 

Нәтижесінде, жаңа оқу жылы қар­саңында Қызылорда қаласындағы екі іргелі мектептің жанынан қосымша ғимараттар салынып, ел игілігіне берілуі жергілікті жұртшылықты зор қуанышқа бөледі. Соның ішінде Қызылорда қала­сын­дағы С.Толыбеков атындағы №3 ІТ-мек­теп-лицейінің және Т.Есетов атын­дағы №264 мектеп-лицейдің жаны­нан салынған қосымша ғимараттың пайдалануға берілуі көпшілікті қуанышқа бөледі.

Негізінен, Сыр өңірінде кейінгі жылдары бірнеше білім ошағына бала санының артуына байланысты қосымша құрылыс нысанын салу қажеттілігі туын­дап тұрған болатын. Соған орай С. Толы­беков атындағы №3 ІТ-мектеп-лицейінің ауласынан бой түзеген 375 орындық ғимаратта бүгінде бастауыш сыныптар оқиды. Ал Т.Есетов атындағы №264 мек­теп-лицейдің қосымша ғимараты 550 орынға негізделген. 

Жаңа ғимараттарда оқу кабинеттері, шығармашылық бөлмелер талапқа сай жабдықталған. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, шығармашылық дамуы мен демалуына барлық жағдай қарастырылған. Бейне­бақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да қауіпсіздік жабдықтары орнатылған. 

Бұған қоса, биыл Қызылорда қалалық №101 мектеп-лицей және Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектептің жанынан да дәл осындай оқу ғимараттары пайдалануға берілді. Осылайша, облыс орталығындағы 4 мек­тептің 1 850 балаға арналған қосымша ғимараттары жаңа оқу жылында оқушы­ларға есігін айқара ашты. 

«Жалпы, Сыр өңірінде жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына негіз қалайтын іргелі бастамалар жүзеге асы­рылуда. Соның ішінде заманауи жаңа білім ошақтары бой көтеріп, зейінді бүлдіршіндерімізге барынша жағдай жасалуда. Нәтижесінде, аймақта 3-6 жас­тағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие­мен қамту үлесі 100 пайызға жетсе, 2-6 жастағылардың қамтылуы 88,9 пайызға артты. Сонымен қатар облыстағы 613 балабақшаның 453-і немесе 73 пайызы жеке сектордың үлесіне тиесілі», – деп мәлімдеді бұл жайында Қызылорда облыс­тық білім басқармасы басшысы­ның міндетін атқарушы Бағдат Бердәу­летов.

Жалпы, соңғы кездері өңірдің білім саласында атқарылған жұмыстар ауқым­дылығымен қуантады. Алдағы уақытта да оқу ғимараттарының санын арттыру көзделіп отыр.

Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 100 млрд теңгеге жуық қаражатқа 21 заманауи мектеп салынбақ. Биыл сондай 10 мек­тептің іргетасы қаланады деп күтілуде. Сонымен қатар қаланың сол жағалауында «ҚазГерМұнай» компаниясының қаржы­лай қолдауымен 350 орындық заманауи оқушылар сарайы бой түзейтін болады. Бұл қосымша білім беру ордасында өнерге құштар, спортқа бейім дарынды балалар тәрбиеленеді.

Осы орайда биыл шілде айында Қызылорда қаласында дарынды бала­ларға арналған 300 орындық жатақханасы бар, 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының іргетасы қалан­ғанын айта кеткен абзал. Сол жағалауға қоныс тепкен жаңа ғимарат жобасының құны 7 млрд 900 млн теңгені құрайды. Жаңа мектеп оқушыларға сапалы білім беруге мүмкіндік жасайтын заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталмақшы. Ғимарат құрылысы 2024 жылы аяқталып, оқушылар мен ұстаздар игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы