Қазақстанды IT-мемлекетке айналдыру қаншалықты мүмкін?
Интернет баяу болса Қазақстан 1 млрд доллар табыстан айырылады
2,954
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында елімізді IT-мемлекетке айналдыру идеясын ұсынды. Осыған байланысты Үкіметке IT қызметтер экспортын 3 жыл ішінде 1 млрд долларға жеткізуді тапсырды. Бұл қаншалықты мүмкін? Кейінгі жылдары Қазақстан цифрлы даму рейтингтерінде жақсы көрсеткіштерге ие болып жүр. Алайда,  IT-мемлекетті қалыптастыру жолында кедергілер де аз емес. Осы ретте еліміздің ақпараттық технологиялар саласындағы бүгінгі жай-күйін саралап көрдік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында цифрландыру ісіне және инновацияларды енгізу мәселесіне баса мән беретінін атап өтті. 

«Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз.

Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз» – деді Президент Қазақстан халқына Жолдауында.

NCSI дерегінше, 2023 жылы  Қазақстан цифрлы даму деңгейі бойынша әлемде 54-орында тұр. Сондай-ақ Қазақстан ұлттық киберқауіпсіздік индексі бойынша 176 елдің ішінде 78-ші орында. Аталған индекс заңнама, құрылымдық бөлімшелер, ынтымақтастық форматтары және жұмыс нәтижесі сынды көрсеткіштерді есепке ала отырып жасалады. Осыдан еліміздегі цифрлы қоғам ұлттық киберқауіпсіздік саласына қарағанда әлдеқайда жақсы дамығанын байқауға болады. Сәйкесінше, киберқауіпсіздік саласын дамытуға бағытталған жұмыстарды жетілдіру қажет екенін байқауға болады.

Ал БҰҰ-ның E-Government Development Index рейтингінде, Қазақстан 2022 жылы халықтың электронды қатысу деңгейі бойынша әлемде 15-ші орынға, электронды үкіметтің даму деңгейі бойынша 28-ші орынға ие болды.

Электронды үкіметтің даму индексі (EGDI) – бұл жекелеген мемлекеттердегі электронды үкіметтің даму көрсеткіші. EGDI деңгейі бойынша Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдері арасындағы ең жоғарғы көрсеткішке ие. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ирландия, Канада, Италия, Бельгия, Чехия сынды дамыған елдерден озып тұр.

EGDI елдің электронды үкіметінің мүмкіндіктерін үш маңызды бағыт негізінде өлшейді: онлайн қызмет көрсету, телекоммуникациялық байланыс және адами әлеует. 

Жоғарыда айтқанымыздай, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы басты міндеттердің бірі – IT-мемлекет құру идеясы. Мәжіліс депутаты «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Тілектес Адамбековтің сөзінше, бұл идеяны жүзе асыру жұмыстарының алғышарттарының негізгісі – мықты IT-мамандарды даярлау.

«Егер жыл сайын шынымен де мықты IT-мамандар дайындалып шықса, Қазақстан көрші елдерден кем түспейтін еді. IT мектептердегі білім сапасы, оқу орындарындағы гранттар, шет елге білім алуға бағытталған гранттарға көбірек ақша бөлінсе, білікті кадрлар көбейері анық. IT қауымдастығындағы мықты мамандар арасында білім мен тәжірибе алмасуға ықпал ете алсақ тіптен жақсы. Себебі, білікті маман әрдайым сұранысқа ие. Сондықтан өз жұмысын шынымен де жоғары деңгейде атқара алатын, шет тілін білетін және мәдениетаралық дағдылары бар жоғары білікті қызметкерлердің болуын қамтамасыз ету қажет» – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар Президент Жолдау аясында Үкіметке 2026 жылға дейін IT қызметтердің экспортын 1 млрд долларға жеткізу міндетін жүктеді. 

«2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек» – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында.

Тілектес Серікбайұлының пікірінше, мұндай көрсеткішке 3 жыл ішінде қол жеткізу үшін, ең алдымен, халықаралық IT компаниялармен серіктестікті дамыту маңызды.

«Бұл ретте халықаралық IT компаниялармен серіктестікті дұрыс қалыптастыра отырып, зерттеулерге және жаңа технологияларды дамытуға инвестиция жасау қажет. Бұл әлемдік нарықта сұранысқа ие инновациялық өнімдер мен қызметтерді құруға көмектеседі.  Бұдан бөлек ұсынылатын IT қызметтер санын арттырып, қызмет көрсетудің сапасын да үнемі жақсартып отыру керек. Басқа елдерден клиент тарту үшін тиімді маркетингтік стратегияны құру экспортты арттырудың негізгі факторларының бірі. Сәйкесінше, біздің қызметтер халықаралық қауіпсіздік пен сапа стандарттарына сәйкес келуі қажет.

2026 жылға дейін IT қызметтерін экспорттаудың 1 миллиард долларлық мақсатына жету мүмкін, бірақ бұл бірнеше факторларға байланысты. Бүгінде, ең алдымен, қолға алу қажет мәселе – жоғары жылдамдықты интернетке қол жетімділікті және заманауи техникалық инфрақұрылымды қамтамасыз ету. Сондай-ақ IT саласындағы білікті мамандар тапшылығы да қызметтер экспортының өсуін шектеуі мүмкін. Ал бұл кедергіні еңсеру үшін Ақпараттық технологиялар саласындағы білім беру сапасын жақсарту өте өзекті. Сонда ғана өзіміз мықты кадрларды дайындай аламыз. Қазір осы бағытта қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аталғандардан бөлек сала бойынша инвестиция тарту және IT стартаптарды қолдау да маңызды. Сондай-ақ валюта бағамдарының өзгеруі экспорттың рентабельділігіне әсер етуі мүмкін екенін де ескерген жөн. IT қызметтерінің жаһандық нарығындағы бәсекелестік өте қарқынды. Сол себепті де нарықтағы үлес үшін басқа елдермен және компаниялармен бәсекелесе алуымыз мүмкін», – деп нақтылады Мәжіліс депутаты.

Speedtest Global Index-тің соңғы мәліметтеріне көз жүгіртсек, Қазақстанда интернет жылдамдығы былтырмен салыстырғанда 47,9%-ға өскен. Мысалы, 2022 жылғы сәуірде 20,7 Мбит/с-тан 2023 жылы 30,62 Мбит/с-қа дейін жетті. Біздің көрсеткіш көршілес мемлекеттерден әлдеқайда жоғары: Қырғызстанда – 25,83 Мбит/с, Өзбекстанда – 20,9 Мбит/с, ал Тәжікстанда – 11,38 Мбит/с құрады. Осылайша, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр.

Осы ретте Қазақстанның бүгінгі цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталып өтсек. Әрине, жетілдіруді қажет ететін тұстары әлі де жеткілікті. Соған қарамастан бүгінде саланы дамыту жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Бұған әлемдік рейтингтердегі орны дәлел бола алады. Спикердің пікірінше, саланы дамыту жұмыстарында, ең алдымен, киберқауіпсіздік мәселесіне назар аудару қажет.

«Қазақстан «электронды үкіметтің» даму индексі бойынша 28-орынды, сондай-ақ БҰҰ рейтингінде онлайн қызметтерді дамыту деңгейі бойынша 8-орынды, Халықаралық Электр байланысы одағының киберқауіпсіздік индексі бойынша 31-орынды иеленді. Әрине бұл еліміз үшін тамаша көрсеткіш. Бірақ әлі де дамыту қажет тұстары бар. Алдымен киберқауіпсіздік: ақпараттың дұрыс сақталуы, кибершабуылға жол бермеу үшін киберқауіпсіздікке көбірек көңіл бөлу маңызды. Сонымен қатар цифрлық инновацияларды халықтың барлық топтарына, соның ішінде шалғай және халқы аз аймақтарға қолжетімді ету үшін күш салу керек. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау мәселесін де айтуға болады. Цифрлы экономиканы дамытуға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға ықпал ету мәселесі де негізгілерінің бірі.

Елімізде инновациялық бастамаларды дамыту жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр. Инновацияларды, жоғары технологияларды дамытуға және стартаптарды қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар мен жобалар іске қосылып жатқанына бәріміз куәміз. Жаңа жоғары технологиялық компаниялар пайда болып, ақша аудару, шешу, құжаттарды реттеу, шығару сынды қызметтер, жүріп тұруымыз осы жаңа технологиялар арқасында жеңілдеп жатқанын мойындауымыз керек. Мәселен, «Google for Startups» акселераторы іске қосылды, одан бөлек «Digital ID», «Smart Data Ukimet» деп тізімді жалғастыра беруге болады. Самұрық-Энерго, Қазатомөнеркәсіп, САПА, Kaspi, Beeline тағы сол сияқты компанияларымыз көп. Осының бәрі еліміз бұл салада қарқынды дамып жатқанын көрсетеді» – деді Т. Адамбеков.