Күні кеше Алматы облысының Бесағаш ауылындағы №29 мектеп 4-сынып оқушысы қатарластарының озбырлығынан қорлық көріп, өз-өзіне қол салмақ болғаны жайлы дерек әлеуметтік желі бетін шарлап кетті. Мұндай оқиғалар оқтын-оқтын қайталанып отыратыны жасырын емес.
Зорлық-зомбылық неге артты?
Қазақстанда балалар саны – 6,7 миллион болса, оның ішінде 3,7 миллионнан астамы оқушы, 2,5 миллионнан астамы мектеп жасына дейінгі балалар, 400 мыңнан астамы – ТжКБ ұйымдарының білім алушылары.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан биылғы сегіз айда былтырғымен салыстырғанда балаларға қатысты суицид пен зорлық-зомбылық артқанын айтты.
«Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтар 15 пайызға (940-тан 1 143-ке жетті), кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтар 18 пайызға өсті (1 460-тан 1 723-ке жетті). Кәмелетке толмағандарға жыныстық қолсұғылмаушылыққа қатысты қылмыстар 1 пайызға артты (613-тен 616-ға жетті). Суицид 48 пайызға өсті (94-тен 139-ға жетті). Суицид жасауға әрекеттену 11 пайызға өсті (210-нан 233-ке жетті)», – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, осыған байланысты балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды.
«Жоспарды әзірлеу кезінде балалар ортасындағы жағдайға егжей-тегжейлі талдау жасалды. Біз статистиканы зерттедік, балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы деректерді жинадық, қауіп факторларын анықтадық және зорлық-зомбылық жағдайында балаларға қандай ресурстар бар екенін білдік. Бұл талдау бізге басым бағыттарды нақтырақ анықтауға мүмкіндік берді», – деді ол.
Еділ Оспанның айтуынша, бастапқы кезеңде өңірлердегі жағдайды зерделеу мақсатында министрлік Ұлттық білім беру деректер қоры шеңберінде балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәуекелдердің интерактивті картасын әзірлеуде.
«Интерактивті карта балалар ортасындағы жағымсыз құбылыстардың барлық түрлері бойынша облыстар, қалалар, аудандар, білім беру ұйымдары бөлінісінде статистикалық деректерді қамтитын болады. Карта әрбір білім беру ұйымындағы балалардың жағдайын талдауға мүмкіндік беретін көрнекі деректерді ұсынады. Бұл мемлекеттік органдарға балалық шақта туындайтын мәселелердің алдын алу және шешу үшін жедел, нақты шешімдер қабылдауға көмектеседі», – деді ол.
Сондай-ақ вице-министр осы мәліметтердің барлығын ескере отырып, әрбір өңірде ерекшеліктер назарға алынып, әрекет етудің нақты бағдарламасы әзірленетінін тілге тиек етті.
Халық қалаулылары мәселе төңірегінде не дейді?
Бұл мәселеге халық қалаулылары мен қоғам белсенділері де үн қосып келеді. Мәселен, бүгін Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев еліміздегі балаларға көрсетіліп жатқан зорлық-зомбылыққа байланысты арнайы депутаттық сауал жолдады.
Депутат өз сауалында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы «...кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін» деген сөзін тілге тиек ете отырып, Президенттің бұл позициясын «АMANAT» фракциясы толығымен қолдайтынын жеткізді.
Ал осы мәселені жиі көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы да Үкіметке 20 сәуірде депутаттық сауал жолдаған болатын. Осы ретте депутаттан пікір білдіруін сұраған болатынбыз. Халық қалаулысы тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамдағы ең сорақы, ең сұмдық дүниеге айналғанын айтады.
«Өкініштісі, жыл тұрмақ ай өткен сайын аталған қылмыстардың саны көбейіп барады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мәселеге бейжай қарамайтынын әуел бастан аңғартты. Биылғы Жолдауында да «Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек», – деді. Аңғарғандарыңыздай, бұл тек мәселені көрсетіп, соған қатысты шара қолданыңдар деген сырғытпа сөз емес. Нақты тапсырма. Президент «жазаны күшейтуді талап етемін», – деді. Құқық қорғау орындары енді дереу қызметке кірісу керек, қажет болса тиісті заңды Мәжіліс қабырғасында қарастыру шарт. Мен Мәжілістің VIII шақырылымындағы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесімін. Сол комитеттің аясында «Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа төзімсіздік мәдениетін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы» деген тақырыпта кеңейтілген отырыс өткіздім. Оған депутаттар, құқық қорғау саласының өкілдері, аталған тақырыпты зерттеп жүрген мамандар қатысты. Отырыста бұрын айтылмаған, БАҚ беттерінде басылмаған сұмдықтарды көріп-білдік. Тиісінше, мәселенің қоғам талқылап жатқан деңгейден де тым тереңдеп кеткенін аңғардық. Тиісті ұсыныстарды министрліктерге, құзырлы орындарға жібердім. Енді солардың орындалуын қатаң қадағалаймын. Расында, бұған дейінде құзырлы орындарға тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтату туралы талай тапсырма берілді. Бірақ аталған дерттің әлі де толық жойылмауы құқық қорғау органдарының жұмысында қателік көп екенін аңғартады. Өйткені Президент бұл мәселені бірінші рет айтып тұрған жоқ. Жолдаудағы нақты тапсырма соңғы нүкте деп білемін. Сол себепті бұқара мен билік бірге қызмет етіп аталған проблемаға қарсы заңды қатайтып, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау ешкімнің өңі түгілі түсіне кірмейтіндей қылу керек», – дейді ол.
Сонымен қатар ол Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалындағы мәліметтерді тілге тиек етті. Мәселен, Үкіметтің қаулысымен бекітілген типтік штатқа сәйкес мектептерде ең көп дегенде 2 психолог қана жұмыс істей алатынын, қазір үлкен мектептер көбейгенін жеткізген. «Мәселен, 4000 бала оқитын мектептегі 2 психолог кімге жетеді? Кіммен сөйлесіп үлгереді? Ұсыныс, нормативке 1 психологке 250 оқушыдан келетіндей өзгеріс енгізу қажет» дей келе, «бұрын мектепте арнайы полиция инспекторы болды. Қазір оларды мектептен шығарып алыпты. Сол мамандарды қайтару қажет. Мектепте арнайы инспектор болғанда ғана іштегі тәртіптің қазіргіден жақсы болатынын тәжірибе көрсетті», – дейді ол өз сауалында.
Әлем елдері буллингпен қалай күреседі?
Мектептегі әлімжеттік – әлемдегі ең өзекті мәселенің бірі. Ағылшын тілінде мұны «буллинг» деп атайды. БҰҰ Балалар қорының мәліметіне сүйенсек, дүниежүзінде әр үшінші жеткіншек мектеп қабырғасында жәбір көреді. Түйткілді шешу үшін көптеген ел түрлі бағдарламаны қолға алып, жүзеге асырған.
2011 жылы Жапонияның Оцу қаласында бүкіл елді дүрліктірген оқиға болды. Сыныптастарынан зәбір көрген оқушы өз-өзіне қол салған. Сол кезде жеткіншекке қоқан-лоқы көрсетіп жатқандарды көрген ересектердің ешқайсысы ара түспеген. Іле-шала қоғамда осы жайтқа қатысты қызу пікірталас туындады. 2 жыл өткенде барып билік оқу орындарындағы әлімжеттікке қатысты заң қабылдайды. Сөйтіп, мектептерде тәртіп орнады. АҚШ-та бұл мәселеге қатаң қарайды. Мысалы, Невада штатында оқушыны ауызша не жазбаша түрде көңілін қалдырған тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Яғни, мектеп қабырғасында қорқыту, жанға тию жайттары адамның еркіндігі мен бостандығын шектеу деп есептеледі. Осыған қатысты заңдардың артық-кемі, сапасын қарайтын әрі жәбірленушіге қолдау көрсететін арнайы қоғамдық ұйым құрылған. Финляндияда буллингпен күрес – ұлттық саясаттың маңызды бір бөлігі. Елде КИВА деп аталатын арнайы бағдарлама қабылданған. Онда жәбірлеуші мен зардап шеккен адамды татуластыруға басты мән берілген. Тіпті, куәгерлердің оспадарды қолпаштамауын түсіндіріп, оны өзгені қорлап кемсітуге жол бермеуге үйретеді. Өйткені қолдаушысы болмаса зәбір көрсетуші де тыйылады. Осындай тәсілдің арқасында Финляндиядағы білім ордаларында әлімжеттік 80 пайызға азайған. Нидерланд мектептегі әлімжеттік пен кемсітіп, келемеждеуді тыюға Пестуэб деп аталатын арнайы жоба жасады. Онлайн-платформа оқушылардың арасындағы құйтырқы әрекеттерді құпия хабарлауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, буллингтен жапа шеккендерге психологиялық көмек көрсетіледі
Мәселен, буллингтің өршіп тұрған мекені болып саналатын Ұлыбритания оны жою мақсатында мектептегі оқу жүйесіне арнайы сабақ енгізген. Британдық мектептерде апта сайын «Жеке және әлеуметтік білім» (Personal and Social Education) сабағы өткізіледі. Бұл мектептегі буллингтің алдын алуға септігін тигізеді. Ал Оңтүстік Кореяда түрлі бағдарламалар, телехикаялар арқылы буллингпен күресуге үндейді. «Сен кімсің – Мектеп 2015», «Ашулы ана», «Менің балам Джая» деген корей телехикаялары Оңтүстік Кореядағы буллингке ұшыраған жасөспірімдердің жағдайын суреттеген.
Балалар суициді – қатерлі дерт
Еліміздің бірқатар өңірінде балалардың өз-өзіне қол жұмсауы өсіп отыр. Мұндай дерек «Ашық» НҚА порталында жарияланған 2023–2025 жылдарға арналған «Бала қорғау» кешенді жоспарында келтірілген. «Қазіргі қазақстандық қоғамның өзекті мәселелерінің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы аутоагрессивті мінез-құлық пен суицид проблемасы. Бұл құбылыстың республикадағы балалар ортасында жиілігі тұрақты жоғары: 2020 жыл – 144 (әрекет – 307), 2021 жыл – 175 (373), 2022 жыл – 155 (309). Өңірлер бөлінісінде суицидтің жоғары өсуі Жамбыл (3-тен 13-ке дейін), Солтүстік Қазақстан (2-ден 5-ке дейін), Қостанай (6-дан 8-ге дейін) облыстарында және Алматы қаласында (12-ден 16-ға дейін) байқалады. Өз-өзіне қол салудың жоғары деңгейі – Түркістанда (36 жағдай). Өз-өзіне қол салу әрекеттерінің өсуі Түркістан (30-дан 46-ға дейін), Ақтөбе (16-дан 21-ге дейін), Атырау (8-ден 14-ке дейін) облыстарында байқалады» делінген жоспарда.
«Wisevoter есебінің деректеріне сәйкес, 2023 жылғы 20 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан суицид статистикасы бойынша 178 елдің ішінде 19-орында (100 мың тұрғынға шаққанда 17,6) тұр. Бұл ретте, ұзақтығы мен балалық шақтың қорғалуы бойынша елдер рейтингінде Қазақстан 180-нен 50-ші орынды иеленді. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, жасөспірімдер ата-аналар мен тәрбиешілердің өз проблемаларына немқұрайлы қарауына байланысты өз-өзіне қол салады. Осылайша, ересектердің немқұрайлылығы мен қатыгездігіне наразылық білдіреді. Күшті фактор – бұл баланың әлеуметтік байланыстар жүйесі, ең алдымен отбасы. Сондай-ақ суицид қаупін белсендіретін ең өткір алғышарттардың бірі – жастар субмәдениеті немесе теріс қарсы мәдениет», – деп атап өтіледі құжатта.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН:
Иә, мектептегі әлімжеттік соңғы уақытта қоғам назарын ерекше аударып келеді. Бұған өз кезегінде Мемлекет басшысы да жіті көңіл бөліп, әр Жолдауында ерекше тоқталып, тиісті тапсырмалар беріп келеді. Депутаттар да Үкіметке түрлі сауалдар жолдап, бұл саланың қоғамның нағыз бітеу жарасына айналғанын айқындады. Осыларды ескере келе алдағы уақытта нақты әрекеттер атқарылады деп үміттенеміз.
Наурызбек САРША