Болашағын ойлаған елдер смартфонның қаупін жақсы түсіне бастады. Мектепте телефон ұстауға мүлдем тыйым салынды. Мұндай тыйым оқушылардың ойлау қабілеті мен психологиялық денсаулығына оң әсер етеді.
Мектепте смартфон ұстауға тыйым салынды
3,911
оқылды

BBC News осыдан 6 сағат бұрын Ұлыбритания Королі Карл III оқыған Шотландиядағы мектеп-интернатта ұялы телефондарды пайдалануға тыйым салынды. Гордонстоун оқушылары күндіз телефондарын интернат үйінде қалдырып, түнде қызметкерлерге тапсыратын болған. Британдық әріптесінің материалына сүйенген Aikyn.kz бұндай шешімдердің қазақстандық мектептерде де қабылдану қажеттігіне назар аударады. 

Фото The Times сайтынан алынды

Мектеп ұстаздары ұялы смартфондар жас балалардың тәуелділігін күшейтеді деп алаңдаулы. Жаңа саясат телефонды пайдалануға қатысты қабылданған бұрынғы шектеулерді күшейтеді. Бұрынғы шектеулердің өзі емтихан нәтижелерін жақсартқаны айтылуда.

Гордонстоун мектебінің директоры Лиза Керр: «Балалардан телефондарын қалтасында ұстауын және хабарландыру естілсе, жауап бермеуін талап ету үстелге бір тостаған тәтті M&M’s қойып, оны жемеуді сұраумен бірдей», – дейді.

Педагогтың айтуынша, «хабарландыру келгенде немесе қоңырау түскенде телефонға қарамау қаншалықты мүмкін емес екенін өзімізден сұрауымыз керек. Миының префронталды қыртысы жеткілікті дамымаған жасөспірім үшін бұл өте қиын».

Тек алтыншы курс студенттері үшін шағын жеңілдік бар, оларға мектепте өшірілген телефондарын өздерімен бірге ұстауға рұқсат етіледі.

2017 жылдан Гордонстоун мектебінде ұялы телефонды оқу процесі кезінде пайдалануды шектейтін саясат енгізілген. Жаңа ережеге көшкен мектепте студенттердің бір-бірімен қарым-қатынасы мен әлеуметтену деңгейі жақсарғаны анықталған, емтихан нәтижелері айтарлықтай жақсарған.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Picture Alliance

Керр ханым: «Жасөспірімдер өздерінің телефондары болуы олардың құқығы деп дауласуы мүмкін. Бірақ біз оларға тәуелділікке ұрындыратын заттарды қолдануға рұқсат бермейміз ғой. Онда неге ұялы телефондарға рұқсат берілуі керек? Менің ойымша, ересектер де толық түсінбейтін және бақылай алмайтын онлайн әлемге жасөспірімдердің кіруін бақыламай өз бетінше жіберу –  жауапсыздық және қауіпті».

Сөзінен де, ісінен де үлгі аларлық британдық директордың мына сөздерімен толық келісуге болады: «Біз балалардың виртуалды емес, шынайы қарым-қатынасқа түскенін қалаймыз; біз олардың музыканы Airpods арқылы емес, айналасындағы құстардың әнін естігенін қалаймыз және біз олардың жек көрушілікті, зиянды әрекеттерді насихаттайтын алгоритмдерден алыс болғанын қалаймыз». 

Ұлыбритания Королі оқыған Gordonstoun мектеп-интернатын мына видео-турдан көруге болады:

 

Мектеп басшылары студенттердің жаңа саясатты қолдайтынын айтуда. Бір студент телефонсыз қалуды ойлағанда бастапқыда «қорқынышты» болғанымен, енді ережелерді орындауды қуана қолдайтынын жеткізген. Тағы біреуі бұл саясаттың әлеуметтену мен өнімділікті арттыру арқылы «лезде әсер еткенін» қосқан.

Фото The Times сайтынан алынды

Шілде айында Біріккен Ұлттар Ұйымы мектептерде смартфондарды пайдаланудың қауіптілігі туралы ескерту жасады. Арнайы қабылданған құжатта балаларды технологиядан мүлдем алшақ ұстауға болмайды, бірақ мектептерде қандай құрылғыларға рұқсат беру керектігі туралы нақты ережелер қабылдау қажеттігі көрсетілген.

Мұндай тыйымдар соңғы жылдары Нидерланды, Франция мектептеріне де енгізілген. Мақсат – баланың когнитивті ойлау мүмкіндіктерін ашу, сабақты зейін қойып тыңдауға үйрету.

Ұрпақтың рухани тәрбиесін күшейтіп, денсаулығын жақсарту үшін қазақ мектептеріне де осындай шектеулерді енгізу қажет деп ойлаймыз. Үкіметке, Парламентке Біріккен Ұлттар Ұйымының құжатына мұқият назар салуын ұсынамыз.