Қазақстанның біріккен ММА федерациясының жаттықтырушылары мен спортшылары федерацияның іс басындағы президенті Алик Айдарбаевты іздейді.
Маңғыстау облысының бұрынғы әкіміне іздеу жарияланды
9,473
оқылды

Қазақстанның біріккен ММА федерациясы өз басшылары Алик Айдарбаевқа іздеу жариялады.

«Қазақстанның біріккен ММА федерациясының жаттықтырушылары мен спортшылары федерацияның іс басындағы президенті Алик Айдарбаевты іздейді. Алик Серікұлы, спортшылармен байланысқа шығуыңызды сұраймыз», – делінген федерацияның Instagram аккаунтында жарияланған мәліметте.

Жарияланым астындағы пікірлердің бірінде: «Федарациямыздың президентін таба алмай жүрміз, байланысқа шықпайды. Ол федерацияны басқарған уақыттың ішінде 100 млн теңгеден астам салық берешегі қалыптасып отыр», - делінген.

Қызылорда өңірлік ММА федерациясы да жазба астында пікір қалдырған.

«Құрметті Алик Айдарбаев! ММА-ның 16 облыстық федерациясы + жаңадан құрылған облыстар және ҚР республикалық федерациясы. Мәселені шешіңіз! Мыңдаған ұл-қыз армандап, сізге лайықты азамат ретінде қарады. Үн қатыңыз! Азамат ретінде істі соңына дейін жеткізіңіз. Мен Қызылордадамын, кездескенбіз. Сіздің бізде бизнесті лайықты бастағаныңыз есімде. Өмірде бәрі болады. Бірақ, адам болып қалуға еш уақытта кеш емес», – делінген пікірде.

Туризм және спорт министрлігі осы жайтқа байланысты кейінірек пікір білдіруге уәде берді.

Алик Айдарбаев Қазақстанның біріккен ММА федерациясының президенті лауазымына 2020 жылдың 20 ақпанында сайланды. Ол 2013-2017 жылдары Маңғыстау облысының әкімі, ал 2018-2022 жылдары «ҚазМұнайгаз» ҰК басқармасының төрағасы болған еді.

Фото: instagram.com/kazmma_official