Ұлытау облысында жастарға арналған UlytauZhastary тұрғын үй бағдарламасы олардың баспана мәселесін ше­шу­де зор жәрдемін тигізе бастады.
Ұлытау жастары үйлі болуда
892
оқылды

Бұл бағдарлама 35 жас­қа дейінгі облыс тұрғындарына неғұрлым тиімді шарт­тармен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді.

Ұлытау облысының әкімді­гінің «Отбасы банк» АҚ-мен бір­­лесіп қабылдаған бағдар­ла­масы 2023-2026 жылдар аралы­ғын қамтымақ. Өңірде аталған жо­баға деген қызығушылық жо­ғары. 

Қатысушылар үшін жылдық несие мөлшерлемесі – 5%. Қа­рыз­дың ең жоғары сомасы – 20 млн теңге. Бастапқы жарна үй ба­ғасының кем дегенде 10%-ы болуы керек. 

Алғашында негізінен білім беру, денсаулық сақтау сала­лары­ның өкілдері ғана жобаға қатыса ала­тын болса, тамыз айынан бас­тап қатысушылардың аясы кеңи түсті. Облыс басшысы ай­мақ­қа қажетті мамандықтарды ескере отырып, коммуналдық кәсіпорындар жұмыскерлері мен  ауыл шаруашылығы және мем­лекеттік қызмет салаларының өкіл­дерінің арасындағы жас ма­ман­дарға да аталған бағдарла­ма­ға қатысу мүмкіндігін берді. 

– Мен осы бағдарламаның ал­­ғаш­қы кезеңіне қатысып, жеңіл­детілген ипотекаға үй алған жас­тардың бірімін, – дейді Мар­жан Қожан. 

Мектепте мұғалім болып іс­тей­­тін ол бірнеше жыл пәтер жал­дап тұрғанын айтады. 

– Әрине, жалдамалы пәтерде тұру оңай емес. Мұны басымыз­дан өткердік. Бірнеше рет пәтер ауыс­тыруға тура келді. Өмірге сә­би­леріміз келіп жатты. UlytauZhastary туралы естіген соң, бағ­дар­лама талаптарымен танысып, тиісті құжаттарымды жинап, өті­­­­нішімді қалдырған болатын­мын. Содан маусымның бас ке­зін­де облыстық әкімдікке ша­қыр­ды. Облыс әкімі Берік Әбді­ға­лиұлының қолынан сер­ти­фи­кат алдым. Қазір өзіміз­дің 3 бөл­­мелі пәтерімізде тұрып жа­тыр­­мыз, – дейді  Маржан.

Ulytau zhastary бағ­дар­ла­ма­сына қатысушыларға қойылатын талаптар да күрделі емес. Бірін­ші­ден, қатысушының жасы өті­ніш берген кезде 35 жастан (қоса алғанда) аспауға тиіс. Екіншіден, бағ­д­арламаға қатысушының жә­не оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағы бойынша соңғы 5 жылда меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы керек. Үшіншіден, таңдалған саладағы ресми жұмыс өтілінің болуы және кемінде үз­дік­сіз соңғы 1 жыл бойы зейне­та­қы жарналарының міндетті түр­де төленгендігін растау мін­дет­ті. Төртіншіден, бағдарламаға қатысушы Ұлытау облысында кемінде соңғы 1  жыл үздіксіз тұ­рақ­ты тіркелген болуы тиіс. Бесіншіден, бағдарламаға ерлі-зайып­тылардың біреуі ғана қа­тыса алады. Ең көп балл жина­ған­дар (некеде тұрған жылдар са­ны, балаларының болуы, жұ­мыс өтілі және т.б.) қатысушының несие төлеу қабілеттілігін айқын­дау үшін  «Отбасы банк» АҚ-ға жіберіледі.

Жаңадан құрылған облыста ха­лық санын тұрақтандыру тұр­ғы­сынан келгенде де бұл бағ­дар­ла­­­маның берері мол болмақ. Жеңіл­дікпен баспаналы болып жат­қан жастар облыстың дамуы жо­лында еселі еңбектерін аянып қал­масы және белгілі.

Майлыбай КЕТЕ,

Ұлытау облысы