Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы аптада Тәжікстан Республикасына жұмыс са­парымен барып қайтты. Сапары аясында Мемлекет басшысы V Консультативтік кез­десуге, «ЭКСПО Орталық Азия – 2023» көрмесіне, Халықаралық Аралды құтқару қо­рының отырысына қатысты.
Орталық Азия – ортақ мүдде орталығы
900
оқылды

Душанбе қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмо­мали Рахмонмен кездесті. Мемлекет басшысы дә­с­түр­лі қонақжайлық көрсеткені және тәжік жерінде зор құрметпен қарсы алғаны үшін Эмомали Рахмон­ға алғыс айтты.

Қазақстан мен Тәжікстан президенттері екі­жақ­ты қатынастардың қазіргі жағдайы мен перс­пек­ти­ва­сын, сондай-ақ бұған дейін жоғары деңгейде қол жет­кізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу ба­­рысын талқылады. Кездесуде сауда-эконо­ми­ка­лық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитар­лық салалардағы ынтымақтастыққа баса мән берілді. Екі ел басшылары стратегиялық серіктестік пен одақ­тастықты одан әрі нығайтуға өзара ниетті екенін растады. Сонымен қатар президенттер өңірлік күн тәр­тібіндегі өзекті мәселелерді қарастырды.

Одан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ор­талық Азия мемлекеттері басшыларының V Кон­су­ль­­­тативтік кездесуіне қатысты. Мемлекет бас­шысы саммиттің, шын мәнінде, маңызды жиын бо­латынына, Орталық Азия мемлекеттері ара­сын­дағы көпжақты ынтымақтастықтың даму қар­қынын айқындайтынына сенім білдірді.

– Өзара тиімді сауда-экономикалық ынты­мақ­тас­тық дәйекті түрде кеңейіп келеді. Бизнес ара­сын­дағы байланыстар жанданып, бірлескен кәсіп­орын­дар саны арта түсті. Ірі аймақтық жобалар бәрімізге ай­тарлықтай пайда әкеліп қана қоймай, сонымен қа­тар Орталық Азия экономикасының бүкіл құры­лы­мын өзгертеді. Соңғы бес жылда өңірі­шілік тауар ай­налымы 80 пайыздан астам өсіп, 10,6 миллиард дол­ларға жетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Орталық Азия сауда, ин­­вестиция, бизнес, ғылым және инновация сала­лары бойынша жаңа экономикалық мүмкіндіктер кеңістігіне айналмақ. Бұл ретте ол ең алдымен Ор­талық Азия елдері арасындағы сауда-саттық ау­қы­мын дәйекті түрде ұлғайту керек деп санайды.

– Елдеріміздің өзара тауар айналымын алдағы уа­қытта 15 миллиард долларға дейін жеткізу үшін мол мүмкіндік бар. Ол үшін кедергілерді жою, ша­мадан тыс протекционизмнен бас тарту және сауда-саттықтың ашық әрі тұрақты болуына жағдай жасау маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, аймақтағы елдер импортталатын өнімнің көптеген түрін өзара тиімді негізде алмас­тыра алады. Атап айтқанда, бұл жерде ауыл шаруашылығы, құрылыс, химия және тоқыма өнеркәсібі салаларындағы тауар­лар туралы сөз болып отыр.

– Сауда номенклатурасын кеңейту есе­­бі­нен экспортты ұлғайту – басым міндет. Қазақстан өңірдегі елдерге өз экс­портын 175 шикізаттық емес тауар түрі бо­йынша ұлғайта алар еді. Ол үшін елде­ріміздің іскер топтары сауда айналымын кеңейтетін негізгі жетекші күш болуға тиіс. Кәсіпорындар арасында тікелей байланыс орнату үшін тауар өндірушілердің бірыңғай электронды базасын құруды ұсынамыз. Мысалы, оны Central Asia Gateway порталы аясында іске асыруға болады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев тауарлардың жекелеген түрлерін өндірудің тұйық циклін қалыптастырып, алдағы уақытта үшінші елдердің нарықтарына экспорттауға бағытталған Орталық Азия мемлекеттерінің өнеркәсіптік коопера­циясын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынды. Бұдан бөлек, Президент аймақтағы елдердің көлік-логистикалық әлеуетін толыққанды іске асыру мәселелеріне тоқталып, Қазақ­станның көлік-логистика саласындағы негізгі жобалары туралы мәлімет берді.

– Әлемдік жетекші операторларды тарта отырып, Ақтау портының базасында контейнерлік хаб құруды жоспарлап отырмыз. Бізге бауырлас мемлекеттермен бірлесіп, өңірішілік сауда-саттыққа кедергі келтіретін «осал тұстарды» реттеу үшін көлік және логистика инфра­құрылымын дамыту жұмысын жалғастыру өте маңызды. Қазақстан жақын серік­тестерімен экономикалық байланыстарға ықпал ететін бірқатар ірі жобаны жедел жүзеге асыруды көздейді. Бұл жерде «Дос­тық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дар­база – Мақтаарал» теміржол жобалары, сондай-ақ «Жаңаөзен  – Түрікменстан шекарасы» автомобиль жолы туралы сөз болып отыр. Жалпы, Қазақстан Еура­зияның  транзиттік хабы ретінде өз рөлін күшейтуге ниетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы цифрлық шешім­дердің Орталық Азияда қолданылу аясын жоспарлы түрде кеңейтуді басым бағыт ретінде атап өтті.

– Қазақстан цифрлық шешімдерді  экономиканың барлық саласына белсенді енгізіп жатыр. Мысалы, еліміздегі қолма-қол ақшасыз транзакциялардың үлесі 82 пайызға жетті. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Отандық IT саласының экспорт көлемі тек былтырдың өзінде бес есе өсті. Біз 2026 жылға қарай бұл көрсеткішті бір миллиард долларға дейін жеткізуге ниеттіміз. Қазақ­стан аталған стратегиялық салада жақын көршілерімен арадағы жан-жақты байла­ныстарды нығайтуды көздейді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Достық, тату көр­шілік және ынтымақтастық туралы шарттың тез арада күшіне енуін қамтама­сыз ету маңызды екеніне назар аударды. Сонымен қатар Президент өзара ықпал­дастықтың бесжақты форматын одан әрі жетілдіру өзекті деп санайды. Соның ішінде нақты алдын алу шараларын әзірлеу үшін Президент қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары деңгейінде Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі диалогті келесі жылы Қазақстанда өткізуді ұсынды.

Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты, соның ішінде университеттер арасындағы байланыстарды дамыту мәселелеріне айрықша назар аударды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері тарихшыларының тұңғыш форумын өткізу жөнінде бастама көтерді. Оның айтуынша, мұндай шара бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізуге және түрлі ғылыми еңбектің жарық көруіне негіз болады. Сөзін қорытындылай келе ол әріптестерін Қазақстанда өтетін Орталық Азия мем­лекеттері басшыларының VI Консуль­тативтік кездесуіне шақырды.

Президент Душанбеге жұмыс сапары аясында  аймақ мемлекеттері басшылары­ның V Консультативтік кездесуіне орай ұйымдастырылған Орталық Азия тауар өндірушілерінің «ЭКСПО Орталық Азия – 2023» атты көрмесіне барды. Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Әзербайжан президенттері қатысушы мемлекеттердің экономикалық жетістік­терін танытатын ұлттық павильондарды аралап көрді.

Қазақстан алаңында металлургия, хи­мия, жеңіл өнеркәсіп және фармацевтика, құрылыс индустриясы, автокөлік құрас­тыру, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау және басқа да салалар бойынша 130-дан астам кәсіпорынның өнімдері қойылған. Қазақстан экспозициясын көруге келгендер тыңайтқыш, алюминий және зергерлік бұйымдар, медициналық жабдықтар, космос аппаратының ма­кеттері, компьютерлер, телекоммуни­кациялық қондырғылар, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, құрылыс ма­териалдары, киім-кешек, дәрі-дәрмек­тер, медициналық бұйымдар және басқа да көптеген отандық өнім түрімен та­нысты.

Көрме қонақтары отандық BARK Technology компаниясы әзірлеген жиілігі 20-320 Гц виброакустикалық толқын арқылы өкпені емдеуге арналған VibroLUNG бірегей қазақстандық медициналық аппаратына ерекше назар аударды. Бүгінде бұл аппаратты Қазақстанның, Ресейдің, Өзбекстанның, Беларусьтің, Панаманың, Біріккен Араб Әмірліктерінің және Сингапурдың жетекші клиникалары сатып алған.

Сонымен қатар көрмеге отандық өнім өндірушілер шығарған 40-тан астам көлік, оның ішінде 20 жеңіл автокөлік, 10 ауыл шаруашылығы техникасы, 7 арнаулы техника, 2 автобус және бронды әскери машиналар қойылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық павильон экспозицияларымен танысу барысында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға Қазақстанның атынан отандық QazTechna компаниясы құрастырған мектеп оқушы­ларына арналған автобус және  VibroLUNG медициналық жабдығының 3 жиын­тығын сыйға тартты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға жұмыс сапары барысында Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Мемлекет басшысы, ең алдымен, құрмет көрсеткені әрі іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдас­тырғаны үшін тәжік тарапына және Президент Эмомали Рахмонға алғыс айтты, сондай-ақ форумға қатысып отырған БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі Кахи Имнадзеге ілтипат білдірді. Президент Халықаралық Арал­ды құтқару қорының 30 жылдығы қар­саңында өткізіліп отырған мерейтойлық саммиттің символдық мәні бар екенін атап өтті.

– Қор құрылғаннан бергі уақыт ара­лығында трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану, Арал теңізі бас­сейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу мә­селелері бойынша аймақтық ынтымақ­тастықтың маңызды институтына айнал­ды. Орталық Азияның қауіпсіздігін, тұрақ­тылығын және орнықты дамуын қамта­масыз ету ісінде қор зор рөл атқарады. Бұған қоса, ХАҚҚ – халықаралық аренада Орталық Азияның субъектілігін таны­та­тын аймақтық ынтымақтастықтың санау­лы әрі табысты механизмдерінің бірі, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Тәжікстанның төрағалығын жоғары бағалап, осы кезеңде қордың ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру процесі белсенді жүргізілгенін атап өтті. Одан бөлек, саммитке қатысушылардың назарын аймақ алдында тұрған бірқатар сын-қатер мен проблемаларға аударды. Бұдан соң Мемлекет басшысы суды тиімсіз пайдалану мәселесіне тоқталды.

– Біздің өңірдегі Сырдария мен Аму­дария секілді екі негізгі өзен су арна­ларының реттелу дәрежесі тым жоғары. Бұл өзендердің бассейндерінде жалпы көлемі шамамен 65 текше шақырымға жететін 80-нен астам су қоймасы салынған. Осылайша, антропогендік жүктеме артып, табиғатты экстенсивті пайдалану жал­ғасады және әртүрлі әлеуметтік-эко­логиялық проблема ушығады деген бол­жам жасалуда. Мұның бәрі аймақтық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді. Қазақ халқында «Су – ырыстың көзі» деген мақал бар. Мемлекеттеріміз су саясатын қалыптастыру кезінде судың шектеулі табиғи ресурс екенін ескеруге тиіс деп санаймын. Себебі бүкіл аймақтың әл-ауқаты мен тұрақты дамуы суға тікелей байланысты. Цифрлық технологияларды енгізу арқылы суды барынша үнемдеу мәселесі өте өзекті. Бұл біздің су ре­сурс­тары жөніндегі ынтымақтас­тығымыздың не­гізгі бағыты бола алады. Жуырдағы Жол­­дауымда су мәселесіне ерекше назар аудардым. Менің тапсырмам бойынша Қазақстанда осы саланың өзекті мәселеле­рімен тікелей айналысатын жеке ве­домство – Су ресурстары және ирри­гация министрлігі құрылды, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қорды одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Президент Халықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру процесін тезірек аяқтауға шақырды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерінің климат мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құру қажет екеніне назар аударды. Бұл бастама климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын азайту үшін пәрменді шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Президент сөзін қорытындылай келе, тығыз ынтымақтастық, өзара тиімді серіктестік жасау және бір-біріміздің мүдделерімізді құрметтеу арқылы ғана аймақтың тұрақты дамуы, қауіпсіздігі мен экономикалық әл-ауқаты қамтамасыз етілетінін атап өтті. Мемлекет басшысы Халықаралық Аралды құтқару қорының аясындағы жоғары деңгейдегі келесі кездесуді еліміз бастамашы болған БҰҰ шеңберіндегі Аймақтық климаттық саммитпен біріктіре отырып, 2026 жылы Қазақстанда өткізуді ұсынды.