Билік бұрын кеден заңнамасын бұзғандарға аса қатал қарайтын. Кәсіпкер жүгін кеденнен декларацияламай немесе дұрыс ресімдемей алып өтсе және сол қылмысы әшкереленсе, құрыды: барлық тауары дереу кәмпескеленетін.
Кеденнен адал өтпесе, тауар да «арам»...
853
оқылды

Осыдан бес жыл бұрын бұл сала ізгілендірілді, мемлекет заңсыз әкелген тауарларды тәркілемейтін болды. Салдарынан мамандар тауарды декларацияламай алып өту проблемасы ушыққанына шағымданады. Бизнестің бір бөлігіне салық төлегеннен, ұсталып қалса азғантай айып төлеген оңай. 

Мұнымен күресудің жаңа ша­ра­лары пысықталып жатыр. Әйт­песе, ке­ден қылмыс пен кор­руп­­цияның мәң­гілік қайнарына ай­налып кетеді. 

Бұрынғы билік тұсында қылмыс­тық заң­нама жұмсартылды. Мысалы, эко­номикалық қылмыстар үшін биз­нес­мендер жаппай түрмеге қамал­май­­тын бол­ды. Мұның теріс жағы да бар: эко­номикалық қылмыстар өр­шіді. Со­­дан құқық қорғау органдары да, Үкі­­мет те бірқатар экономикалық қыл­мыс үшін жазаны күшейту бас­та­ма­сын жиі көтере бастады. Оның ал­ды қабылданып, заңды күшіне енді.   

Әйткенмен, ел Президенті биыл­ғы Жолдауында күтпеген бетбұрыс жа­сады: Қ.Тоқаев қылмыстық заң­нама одан әрі либера­лиза­ция­лана­ты­нын жариялады. Себебі оның ай­туын­ша, «Әділетті Қазақстанда» би­лік пен бизнестің арасында сындарлы диа­лог қажет. Мемлекет басшысы құ­қық қорғау органдарының кәсіп­кер­лерді қудалауы, ал мемлекеттік ор­гандардың асыра сілтеуі біржола тоқ­татылатынын мәлімдеді. 

Сондықтан экономикалық си­пат­тағы кейбір заң бұзу әрекеті қылмыс сана­тынан алып тасталатын болады. Бұл жерде әңгіме кәсіпкерлердің эко­номикалық теріс әрекеттеріне қа­тыс­ты істер туралы болып отыр. Са­лық са­ласында заң бұзғандарды қыл­мыс­тық жауапкершілікке тартуға негіз бо­латын шекті анықтайтын әділ тетік ен­гізілмек.

Бассыз кеткен экономикалық қыл­мыстардың бірі – кеденде тауар­ды декларациялаусыз алып өту соңғы жылдары қатты белең алды. Са­рапшылар сол үшін қылмыстық қу­далауды немесе жүгін толық тәр­кі­леуді енгізуді ұсынып жүр. Бірақ жаңа Жолдау аясындағы жаңа экономи­ка­лық саясатта енді ол мүмкін болмай­тын түрі бар. Алайда проблема сақ­талу­да. Оны қалай шешпек керек?

Кеден саласына жауапты Қаржы ми­нистрлігінің Мемлекеттік кірістер ко­митеті басқа жолды таңдады: қыл­мыстық қудалау болмайды, оның ор­нына айыппұл сомасын салмақты ұлғайту ұсынылып отыр. Өйткені ве­домство мамандарының түсін­діруін­ше, экономикалық қылмыстарды дек­риминизациялау – экономикалық салада жасалған құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жазаны да қайта қа­рауға әкеп соғуы тиіс.

Тәркілеу жойылғалы тәртіп то­қы­ра­ған ба?

Бұл бастама алда Мәжіліске ен­­гізілетін «Әкімшілік құқық­бұзу­шылық туралы кодексіне өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы­ның жобасында көрініс табады. 

Мемлекеттік кірістер коми­те­тінің Кедендік рәсімдерді әкім­шілендіру және тазарту бас­қар­ма­сының бас сарапшысы Әмір Әб­ді­қалықовтың мәліметінше, сырт­қы эко­номикалық қызметке (СЭҚ) қа­ты­сушылар кедендік операцияларды өткеру кезінде кеден және өзге де заң­нама талаптарын аяқасты етеді. Әсіресе, бұл бағыттағы негізгі құқық бұзушылықтар «тауарларды, қолма-қол ақшаны, ақша құралдарын дек­ларацияламауға немесе жалған ке­ден­дік декларациялауға, кеден құжат­тарында жалған мәліметтерді көр­сетуге» қатысты. 

«Жыл сайын жүздеген бұзушылық әш­кереленеді. Өкінішке қарай, шет­елден өнім импорттаушыларға, жүк тасушыларға заңбұзушылық жасау әлдеқайда пайдалы болып тұр. Себебі тіпті қылмысы анықталған жағдайда ол мардымсыз әкімшілік айыппұл тө­леп, құтылып кетуі мүмкін. Соңғы жыл­дары мемлекет тарапынан бұған тосқауыл қою үшін көп­теген шара қабылданды, заңнама жетілдірілді. Соған қарамастан, декларациялан­баған тауарларды табуға қатысты жағ­дай жақсармады. Сондықтан заң­наманы қайта қарап, жауапкершілікті күшейту қажет деп санаймыз», – деді бас сарапшы. 

Оның дерегінше, Қазақстан 2018 жы­лы саладағы жазаны ізгілендірді. «Кейбір заңнамалық актілерге қыл­мыс­тық, қылмыстық іс жүргізу заң­на­­масын және құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қыз­метін жетілдіру мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу туралы» заңы қабылданды. 

Құжат екі ірі жаңалықты енгізді. Бірін­шіден, «тәркілеу» түріндегі жаза алып тасталды. Яғни, декларация­лан­баған, жалған декларацияланған тауарлар мемлекет пайдасына тартып алынбайды. 

Екіншіден, мемлекетке келтіріл­ген ірі және аса ірі залалдың жоғарғы шег­і 2 есе ұлғайтылды: енді ірі мөлшер – 5 мың АЕК-тен 10 мың АЕК-ке (34,5 мил­лион теңгеге) дейінгі, ал аса ірі мөл­шер – 10 мыңнан 20 мың АЕК-ке (2023 жылы 69 миллион теңгеге) дейін­гі сомаға жеткен. Оған шейінгі­нің бәрі ұсақ құқықбұзушылық сана­ла­ды. Бұл ретте жазадан жалтару үшін мысалы, тауарды бөлшектесе жетіп жатыр.  

Сонымен қатар сарапшы­лар­дың айтуынша, қолданыстағы жаза мемлекетке келтірілген эконо­ми­калық залалға тіпті де сайма-сай емес. Демек, шетелден тауар тасушы­ны заң бұзуға ынталандыруы ықти­мал.

Осыған орай Мемлекеттік кірістер ко­митеті айыппұл сомасын деклара­ция­ланбаған немесе бағасы қате мә­лімделген тауарлар үшін төленуге жа­­татын кедендік төлемдер мен са­лықтардың сомасына қарай пайызбен есеп­теуді ұсынды (исчисление в про­центном соотношении). Айыппұлдың қанша пайызды құрайтыны пысық­талуда.

Бұл жерде сыртқы экономикалық қыз­метке қатысушы бизнестің кате­го­рия­сы, яғни шағын, орта, ірі кәсіп­кер­лікке жататыны немесе жеке тұлға екені ескеріледі. Сонда әділетті бола­тын көрінеді.

Қозғалған істердің легі артты

Әзірге қолданыстағы заңнама ая­сында жүгін декларацияламай, жа­сырын алып өтуге тырысатын шағын кәсіпкерлерге 103,5 мың теңгеге, ірі кәсіпкерлікке 517,5 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Оның жа­нын­да бизнеске жетпіс миллион теңгеге дейін тұратын тауарды дек­ла­ра­цияламай алып өту немесе рәсімде­ген­нің өзінде бағасын арзандатып көр­сету, ұсталып қалса, айыппұлын тө­лей салу тиімді көрінеді. 

Салдарынан, елде деклара­ция­ланбаған тауарлар көлемінің күрт артуы тіркелді. Нақтыласақ, биыл­ғы 2023 жылғы 5 айда ғана ке­ден­дік бақылау барысында 6,5 мың тон­наға жуық декларацияланбаған тауар әшкереленді. Әшкере болмаға­ны қанша мың тонна екені белгісіз. 

Кеденді жемқорлардан арылту ба­ғытында тұрақты түрде күрес жүріп жа­тыр. Президенттің өзі оны бақы­лауына алып, мән-маңыз беріп, құ­зыр­лы органдарға үнемі міндеттер жүк­­­тейді. Алайда декларацияланбаған тауарлардың көлемі одан еш азаятын емес, керісінше тек ұлғайып барады.

Ресми статистика бойынша 2019 жы­лы – 14 320 тонна, 2020 жылы – 14 630 тонна, 2021 жылы – 16 453 тонна, 2022 жылы – 17 820 тонна, ал 2023 жыл­дың бес айында 6 493 тонна дек­ларацияланбаған жүк табылды. 

Мұның сыртында, әкімшілік жауап­кершілікке тартылған СЭҚ қа­тысушыларының саны артуда. Мұн­дағы статистика да қылмыстың өр­ші­генінен хабар береді. Тарата айтсақ, 2021 жылы 1 838 әкімшілік іс қозға­лып, 286,6 млн теңге айыппұл салы­нып­ты. Оның 65,9 миллионы ғана өн­дірілген. 2022 жылы қозғалған іс­тер саны 1 314, ал салынған айыппұл кө­лемі 196 миллион теңге болды. Оның 69,2 миллионы төленді. 2023 жыл­дың 5 айында 306 іс қозғалды. 48,3 миллион теңге айыппұл салын­ды, оның 22,8 миллионы ғана өндіріп алынды.

Ниеті қарау кәсіпкерге қырық инс­танциядан тыю болмаған соң, тай­раңдап басынып, бассыз ке­теді екен. Содан қылмысты қайталап жа­­сау­шылар саны соңғы жылдары есе­леп өсіпті.  

Аталған бұзушылықтарды қайта­лап жасағаны үшін 2020 жылы небары 188 әкімшілік іс қозғалып, 54,3 мил­лион теңге айыппұл салынса (39,1 мил­лионы өндірілді), 2021 жылы іс­тер саны 589-ға дейін, яғни үш еседен артыққа ұлғайды. Салынған айыппұл со­масы 202,2 миллион теңгеге жетті (оның 61,6 миллионы ғана өндіріп алын­ған). 

2022 жылы қайталап жасағаны үшін қозғалған істер саны 657-ге дейін өсті. Салынған айыппұл көлемі 203,2 миллион теңгеге дейін көбейді (65,3 миллионы өндірілді). 2023 жыл­дың 5 айында 98 іс қозғалып, 34,3 мил­лион теңге айыппұл салыныпты (15,1 миллионы өндірілді). 

Осыған қарап, сарапшылар тауар­ларды декларацияламауға немесе ре­сімдеу кезінде бағасын қасақана тө­­­­мен­детіп көрсетуге тосқауыл қою үшін қатаң жауапкершілік қарас­тырыл­ғаны жөн деп отыр.

Жаппай қудалауға үйір болса – жаман

Әрине, жазаны қатайтуға кә­сіп­керлердің қауымдастығы қар­сылық танытып отыр. Олар тауар­дың кедендік құнын анықтау бары­сын­да Мемлекеттік кірістер органы­ның мамандары жаңсақтыққа жиі жол беретінін алға тартады. Салдары­нан, жазаланғандар саны өседі.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының са­рапшылары бір мысал келтірді. Қы­тайдан баспаға арналған ақ қағаз­дар­ды таситын компанияға кедендік тексеру қорытындысында «тауары­ның кедендік құнын дұрыс көрсет­пе­ді» деп, жалпы сомасы 9,1 миллион тең­ге төлеуге ұйғарым беріліпті. 

Бизнесмен мемлекеттік кірістер ор­ганының шешімімен келіспей, ша­ғым­данады. Компания 17 деклара­ция­сында ақ қағаздың бір келісін – 0,6 доллар, 1 декларацияда – 0,74 дол­лар деп көрсетіпті. Қаншаға сатып ал­са, соны көрсеткен. Ал бұған ке­ден­шілер күдікпен қарайды. Қосым­ша тексеру барысында резервтік әдіс дегенді қолданып, барлық жүк пар­тия­сы үшін 1 келісін 0,87 доллардан есеп­теп, салықты қосымша төлеуге мәж­бүрлемек болған. 

Ведомство мамандары кедендік құн­ды анықтауда мәліметті интер­нет­тен де алатыны жасырын емес. Мы­са­лы, қытайлық маркетплейстерде ұқ­сас өнімнің қаншаға сатылатынын қарауы мүмкін. Содан пысық бизнес­мен­нің әлдеқайда арзан өнім ұсына­тын сатушыны табуы назарға алын­байды.  

Дауласу қорытындысында пала­та­ның көмегімен, компанияға қатыс­ты кедендік тексеру қорытындысы заң­сыз деп танылып, күші жойылды. Се­бебі заңнама талабы бұзылып, ке­дендік тексеріс актісінде тіпті дек­ларанттың тауар құнына қатысты жал­ған мәліметтер ұсынғаны фактісін дә­лелдейтін дәйектемелер де кел­тіріл­мепті. Сондай-ақ бизнесменнің ақ қағаздың бір емес, әрбасқа түрін әкел­гені ескерілмеген.

Мұндай оқиғалар көп. Ендеше заң жобасын Парламентте қарау ке­зінде депутаттар тараптардың бірін қол­дап, біржақты кетпей, тізгінді тең ұстап, ортадан шықса жөн. Әділдік пен шындық – ортада деген даналық бар. Бюджетті салықпен толтыру үшін асыра сілтеп, негізсіз қудалауға бол­майды. Кәсіпкерлердің елді асы­рап, экономиканы асулардан асырып отырғанын ұмытпаған жөн.  

Айхан ШӘРІП