Полиция заңсыз митинг өткізетіндермен күресті күшейтеді – Ерлан Тұрғымбаев
Полиция заңсыз митинг өткізетіндермен күресті күшейтеді – Ерлан Тұрғымбаев
Фото: REUTERS/Mariya Gordeyeva
370
оқылды
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, полиция митинг кезіндегі тәртіп бұзғандармен күресуді жалғастырады, – деп жазады Polisia.kz. Дереккөздің жазуынша, Қазақстанның бірнеше қаласында санкцияланбаған митинг өткізу және оған қатысу әрекеттері тіркеліп отыр. Бас прокуратураның бірнеше рет ескерткеніне қарамастан, кей азаматтар елімізде тыйым салынған экстремистік ұйымның ұрандарына сеніп, алаңға шығады. Олар көлік қозғалысына кедергі жасап, жолда коллапс туғызуға тырысады. Тәртіптің сақталуын қадағалап жүрген қызметкерлерге күш көрсетеді.
«Мұның бәрі азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығына қауіп төндіреді», – деді Ерлан Тұрғымбаев.
ІІМ басшысы сондай-ақ, Қазақстан полициясының басты міндеті – халықтың бейбіт өмірі мен тыныштығын қамтамасыз ету екенін атап өтті.
«Полиция үшін ең бастысы – қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп. Заңға бағынатын азаматтарға алаңдайтын ештеңе жоқ. Бірақ митингке жұмысқа барғандай баратын кей азаматтар алаңдатады. Олар арандатушылардың ықпалында, сондықтан бейбітшілік пен тұрақтылық – біздегі ең құнды нәрсе екенін, оны барынша бағалау керектігін түсінбейді. Сол үшін полиция алдағы уақытта да ел қауіпсіздігі үшін қызмет етпек. Қазақстан халқының тыныш әрі бейбіт тіршілігін қорғау – біздің негізгі міндетіміз», – дейді Ішкі істер министрі.
Ведомство басшысының айтуынша, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзу әрекетіне қарсы күресті жалғастыра бермек. Ол қарамағындағы басшыларға полиция қызметкерлерін заңға қайшы, арандатушылық әрекеттерден қорғауды тапсырды.