17 қыркүйек күні шамамен сағат 19.30-да Теректі ауданы аумағында «Lada Priora» DAF жүк көлігімен соқтығысып, салдарынан 6 адам қаза тапқан болатын.
БҚО-да жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқан 6 адам – бір отбасының мүшелері
2,012
оқылды

Батыс Қазақстан облысында жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқан 6 адам бір отбасының мүшесі болған, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

17 қыркүйек күні шамамен сағат 19.30-да Теректі ауданы аумағында «Lada Priora» DAF жүк көлігімен соқтығысып, салдарынан 6 адам қаза тапқан болатын.

БҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Жаншиннің мәлім еткеніндей, қайғылы оқиғадан көз жұмғандар – ерлі-зайыптылар мен олардың төрт баласы.

Оның сөзіне қарағанда, оқиғаға жүргізушінің жол ережесін сақтамауы себеп болған. Атап айтқанда, «Lada Priora» жеңіл көлігі қарсы бетке шығып кеткен.

«Анықталғандай, жеңіл көліктің тежегішін басқан ізі қалмаған. Бұл жерде жүргізуші ұйықтап кеткен, әлде сөйлесіп, бір нәрсеге алаңдаған ба, әйтеуір байқамай, жүк көлігімен соқтығысқан. Бұдан екі жыл бұрын Орал қаласында Зачаган кентінде айналма жолда екі автокөлік соқтығысып, 8 адам көз жұмған еді. Онда да бір отбасы мүшелері қайтқан болатын. Жол ережесін сақтау керектігін жүргізушілердің есіне саламыз. Олар автокөліктегі жолаушылардың өмірі үшін де жауапты екендігін ұмытпауы керек. Орны толмас қайғылы оқиғаға байланысты марқұмдардың тума-туыстарына көңіл айтамыз», – деді Ж.Жаншин.

БҚО департаментінен түскен мәліметке қарағанда, жыл басынан бері облыста 270 жол-көлік оқиғасы (өткен жылы осы мерзімде – 213) болып, соның салдарынан 59 адам (68) мерт болып, 344-і (262) түрлі жарақат алған.  

Фото: alataunewskz