Алматыда бірге тұрған әйел мен оның екі баласын өлтіріп, үйімен қоса өртеп жіберген қаскөйді көшеде байқап қалған екі жігіт ұстады.
«Қонақүйден орын іздеді» – әйелді екі баласымен бірге өлтірген қаскөйді екі жігіт ұстады
1,498
оқылды

Қырағы жігіттер күдіктінің қонақүйден орын іздеп жүргенін көрген. Басын қатерге тіксе де, еш ойланбай әрекетке көшіп, полицияға тапсырыпты. Ал қонақүйдің әкімшілігі күдікті қылмыс жасаған күнге дейін бірнеше тәулік бөлме жалдап жатқанын айтты. Бұл туралы Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Төрт күннен бері полиция жер-көктен іздеп таппай жатқан күдіктіні көшеде кездейсоқ кетіп бара жатқан жігіттер ұстады. Дүкеннен шығып, жолдың қарсы бетіндегі қонақүйге бет алған оны алдымен Рахат Хайфназаров байқаған. Досы дүкеннен шығам дегенше, өзі бірден бас салып жерге жыққан. 

Рахат Хайфназаров: «Әйел адамдар болды. Қонақүйге көтеріліп, қайтып төменге қарай түсті. Мен соларға зиянын келтірмесін деген оймен, мен білген жоқпын, оның қалтасында бірдеңе бар шығар. Арқасында асулы сөмкесі болды, сонда да үрей болса да, тәуекел деп, сол жерден құлатып, мақсатым қолын қайырып, ұстап беру болды», – дейді. 

Жерге жыққан сәтінде досы Олжас көмекке жетеді. Үш адамның тағдырын үзген күдіктіні бірден таниды. 

Олжас Кісенбай: «Біз  фотосын чаттардан, әлеуметтік желілерден көрдік. Түріне қарасам, сол кісі екен. Сыммен байлап, досым өмірін қатерге тікті. Екеулеп қолын байлап, бір жерге отырғызып қойдық», – деді. 

Күдікті бас сұғып, орын таппай кеткен қонақүйдің әкімшілігі оның қылмыс жасардың алдында бірнеше күн бөлме жалдап жатқанын айтты. 

Қонақүй қызметкері Хадиша Шәкенова: «Күйзелісте жүрді-ау деймін. Өйткені алақ-жұлақ етіп, ашулы болды. Біреумен ұрсысып қалған ба деп ойладық. 12-сі күні келіп бөлмені қарызға сұрады. Ол кезде біз кіргізбедік. Бізге қарызға кіргізуге болмайды. 13 күні түнде тағы келді. Онда ақшамен келді. Кәдімгі рюкзагы бар, ақшамен кірді», – деді. 

Түсте қонақүйден шыққан соң, кешке дейін келмеген.  Сол 14-і күні  қолын қанға малып, асқан жауыздықпен бірге тұрған әйел мен кәмелетке толмаған екі баласын өлтіріп, артынан үйімен қоса өртеп жібереді.

Облыстық Полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 99-бабымен ("Адам өлтіру")  тергеу жүріп жатқанын жеткізді. 

14 қыркүйекте Алматы облысы Береке саяжайындағы үй өртеніп жатқаны жөнінде төтеншеліктерге хабар жетеді. Құтқарушылар отты бір сағатта сөндіреді. Жанып кеткен үйден 1981 жылғы әйел мен оның 13 және 7 жастағы баласының мүрдесін табады. Жантүршігерлік қылмысты келіншекпен бірге тұрған ер адам істегені белгілі болады.

Фото: видеодан скриншот