Рафиғат Тажиденова – екі мәрте үздік ауыл әкімі атанды.
Атыраулық үздік ауыл әкімі Қамысқала округінде кәсіпкерлер көбейіп жатқанын айтты
1,073
оқылды

Республикалық деңгейде өткен конкурста AMANAT партиясының өкілі Рафиғат Тажиденованың бірнеше рет жеңімпаз атануы тегіннен тегін емес. Себебі, ол басшылық етіп отырған Атырау обылысының Исатай ауданына қарасты Қамысқала ауылдық округі әлеуметтік-экономикалық жағынан тұрақты дамып келе жатқан ауыл қатарында келеді.

«Ауылымызда кәсіпкерлікке ден қоюшылар көбейді. Сервистік қызмет көрсетушілер қатары артты.

«2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба бағдарламасына сәйкес «Бизнес-бастау» жобасы бойынша 17 адам кәсіпкерлік негізге оқытылды. Алты адам мемлекеттік грант алды», – дейді Қамысқала округінің әкімі Рафиғат Тажиденова.

Қазіргі уақытта Қамысқала ауылында ауылішілік 8,6 шақырым тасжол мен 4,3 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Жол құрылысы қазан айының соңына дейін пайдалануға беріледі.

Ауылды абаттандыру мақсатында ескірген, апатты жағдайдағы үйлер мен коммуналдық меншіктегі 2 нысан 500 мың теңгеге бұздырылып, көктем айында 650 тал егілді.

«Ауыл тұрғындарының сұранысымен «Достық» демалыс саябағының құрылысы басталды. Ауылды толықтай көше жарығымен қамтамасыз ету мақсатында заманауи LED прожекторлары қондырылуда.

Ауыл толықтай газ және су желісімен қамтылған. Жасқайрат елді мекеніне газ тарту жұмыстары жалғасуда, барлығы 20 үй қамтылады. Елді мекен толықтай ауыз су, 30 көше жарығымен қамтылды», –  деді Қамысқала ауылдық округі әкімі Рафиғат Тажиденова.

Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында екі балалар спорт алаңы пайдалануға берілген. Көптен күткен дене шынықтыру-сауықтыру нысаны салынып жатыр. Бірте-бірте кәсіпкерлік саласы кеңінен дамып келе жатқан қамысқалалықтардың болашаққа үміті зор.

Баян Жанұзақова