Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түріне қатысты жазаны күшейтуге бағытталған жаңа заң жобасы әзірленді.
Тәрбие жұмысын реттемейінше, балаларға қатысты зорлық-зомбылықты тоқтата алмаймыз – Жұлдыз Сүлейменова
1,373
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны күшейту туралы тапсырма берді. Себебі кейінгі жылдары елімізде балаларға қатысты жасалатын қылмыстардың саны артқан. Жақында осыған байланысты балалар құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған жаңа заң жобасы әзірленіп, көпшілікке таныстырылды. 

«Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз.

Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін», – деді Президент биылғы Жолдауында.

Кейін балалар омбудсмені Динара Закиева Қылмыстық кодекске «кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық» бабын енгізу жайлы ұсыныс білдірді. Себебі қолданыстағы заңда күш көрсету мен қатыгездік әрекеттерді қамтитын жекелеген баптар жоқ. Кейін ол өзінің Facebook-тағы парақшасында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заң жобасы әзірленгені туралы жазды. Аталған құжат Бас прокуратурада өткен ведомствоаралық кеңес аясында ұсынылған.

Жаңа заң жобасы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түріне қатысты жазаны күшейтуге бағытталған. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жаңа заң жобасына енгізілген негізгі ережелерді де жариялады:

  • жыныстық іс-әрекеттерге қарсы жауапкершілік;
  • балалар инфрақұрылымы мен ауладағы қауіпсіздік;
  • балалар мекемелерін лицензиялау;
  • отбасын қолдау инфрақұрылымын шоғырландыру шаралары;
  • отбасылар, әйелдер мен балалар үшін бірыңғай байланыс орталығын /анықтама телефонын құруға бағытталған шаралар;
  • білім беру ұйымдарында балаларға психология жағынан қолдау орталықтарын ашу және тағы басқа.

Сондай-ақ биылғы Жолдауда балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекетін жасағандар міндетті психологиялық көмек курсынан өтуі керек екені де айтылған болатын. Осы ретте білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту ұсынылды. Алдағы уақытта осыған байланысты бірыңғай сенім телефоны құрылып, зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірленбек.

Бұл мәселеде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова ең алдымен тәрбие жұмысына ерекше көңіл бөлген жөн дейді.

«Мектептегі тұтас тәрбие жұмысын реттемейінше балаларға қатысты зорлық-зомбылықты тоқтата алмаймыз. Біріншіден, әрбір пәнге қазақы сипаттағы, ұлттық болмысымызды көрсететін белгілі бір құндылықтарды енгізу қажет. Мәселен, қазақ әдебиетіне «Абай жолы» романын 24 сағатқа дейін енгізу керек. Қазір 1 немесе 2 сағат ғана. Ол мүлде жеткіліксіз. Сол секілді Қазақстан тарихы, қазақ тіл мен әдебиеті, география секілді кез келген пәннің білім мақсатына құндылықтарды бекіту керек», – деп түсіндірді Жұлдыз Досбергенқызы. 

Мәжіліс депутатының пікірінше, мұғалімдердің сабақ жоспарындағы білім беру және дамытушылық мақсаттардың қатарына тәрбие мақсатын енгізу өте маңызды. Сондай-ақ ол тәрбие мен білім беру процесін ұштастыра отырып жүзеге асыру қажет екеніне де тоқталды.

«Біз 2015 жылдан бастап ұстаздарға жаңартылған білім беру мазмұнына үстемеақы төлеп келе жатырмыз. Сол жаңартылған білім беру мазмұнын енгізгенімізге, 8 жылдан астам уақыт өтті. Білімнің мазмұны жаңарғанымен, сапасы көтерілген жоқ. Оның мазмұны өзгергенімен, жалпы халықаралық дәрежедегі көрсеткіштеріміз өскен жоқ. Бүгінде қоғам болып негізгі басымдықты тәрбиеге беру маңызды. Мұғалімдердің сабақ жоспарында білім беру, дамытушылық  мақсаттары бар. Енді соған тәрбие мақсатын енгізіп, жаңартылған білім беру мазмұнына төленіп отырған үстемеақыны осы тәрбие мақсатына төлеуді қолға алуымыз қажет. Сол кезде ғана біз мұғалімдерден сұрап, талап ете аламыз. Сонда ғана олар да сабағына тәрбие мақсатын енгізіп, оны жүзеге асырады. Ал оны енгізіп, жүзеге асырған соң аттестацияға да қоса аламыз. Осының бәрі білім мен тәрбиенің тұтас жүзеге асырылуына ықпал етеді. 

Биылдан бастап тәрбие жұмысы жөнінде арнайы департамент құрылды, яғни, білім процесінен бөлек ашылды. Алайда тәрбие – білім процесінен ешқашан бөлінбеуі керек. Тәрбие процесі – сабақ барысында, сабақтан тыс уақытта, мектепте, отбасында түрлі құндылыққа негізделе отырып жүзеге асырылатын тұтас процесс. Сондықтан оған бейжай қарауға болмайды. Одан бөлек, Жүсіпбек Аймауытовтың тәрбиеге жетекші монументалды еңбектерін дұрыс оқытпайынша, Мағжан Жұмабаевтың педагогикасын, білім беру процесіне енгізбейінше, зорлық-зомбылықты түбегейлі шешеміз деу менің ойымша, бекершілік. Өзіміздің өзегімізге қайтып келіп, тәрбие жұмыстарының процесін толыққанды қайта қарап, сабақ процесіне енгізіп, домбыра сабағын міндетті факультатив немесе элективті курс ретінде міндетті екі сағат бөлетін болсақ, осының барлығын жүзеге асыруға болады», – деді Мәжіліс депутаты.

 

Фото: Pixabay.com