Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Мем­ле­кет басшысының Жол­дауындағы экономикалық басымдық туралы баян­дады. BaitassovLive YouTube арнасына бер­ген сұхбатында ол жаңа эко­номика­лық модельге көшудің төрт негізгі шартын атап өтті.
Мақсатқа жетудің төрт шарты
577
оқылды

Палата Төрағасының айтуынша, 2023 жылғы Жолдаудың экономи­ка­лық басымдығы еліміздің теңгерімді дамуы үшін маңызды. Егер бұрын сая­си реформаларға баса назар ау­дарылса, қазір қалыптасқан саясат­ты экономикалық шаралармен теңес­тірген жөн.

«Өткен жылдары, әсіресе қаң­тар оқиғасынан кейін саяси жүйені ре­формалау бойынша жүйелі шара­лар қабылдау өте маңызды болды. Қазір, жал­пы алғанда, саяси салада бел­гілі бір ілгерілеушілікке қол жет­кі­зілді деп айта аламыз. Енді бізге эко­­номика­лық бағытты жетілдіру қа­жет. Экономика­мызда қордала­нып қалған мәселелерді шешудің маңы­зы зор. Осыған байланысты биыл­ғы Жолдауда жаңа экономи­ка­лық модельдің мақсат-міндеттері ай­­­қындалып, оған қол жеткізудің маңызды тетіктері көрсетілген», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасының айтуынша, ал­ға қойылған мақсаттарға қол жет­кізу үшін төрт шарт орындалуы керек. Олар экономиканың дамуына қа­жет­ті серпін беріп, жыл сайын 6-7 пайыз­дық өсуді қамтамасыз етеді.

«Бірінші шарт – экономиканың бар­лық субъек­тілерінің, ең алдымен, кә­сіпкерлердің, мемлекеттік орган­дар­дың, құқық қорғау органдарының нақты, түсінікті, ашық, әділ және ұзақ­мерзімді «ойын ережелерін» қа­былдау. Екінші шарт – инфра­құ­ры­лымды дамыту және кәсіпорын­дары­мызды шикізатпен қамтамасыз ету. Үшіншіден – бизнесті несие­лермен және инвестициямен қам­та­масыз ету. Енді экономикамызды дамыту үшін банктердің қызметін жан­дандыруға қажетті қандай заң­дарды өзгерту керек екенін қарас­тырамыз. Төртінші шарт – ішкі на­рықты жүйелі түрде қорғау. Иә, біз Еура­зиялық экономикалық одақтың және Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелеріміз. Алайда ДСҰ аясында да кәсіпкерлерімізді қорғаудың барлық заңды құралдарын қолданып жатқан жоқпыз», – деді Сенат спи­кері.