Мемлекет басшысы Нью-Йорк қаласына сапарында БҰҰ Бас Ассамб­лея­сының 78-сессиясы аясында өткен Жалпы дебатқа қатысты.
Қазақстан әділетті әлем құруда ынтымақтастыққа дайын
943
оқылды

Ең биік халықаралық мінберде сөз ал­ған Қазақстан Президенті адамзат ба­ласы бұрын-соңды басынан өткермеген аса үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет ке­ліп отырғанын және геосаяси қақты­ғыстардың жаңа кезеңіне өткенін мәлім­деді.

– Бұған БҰҰ Жарғысындағы халы­қ­ара­­лық құқықтың негізгі принциптерінің бір мезетте бұзылуы себеп болып отыр. Құ­қықтық темірқазықтың жойылуы қа­зіргі халықаралық қатынастар жүйесіне уақыт өткен сайын ауыртпалық түсіріп, түрлі қарама-қайшылық тудырады. Басты халықаралық құқықтық құжат­тардың тәртібін сақтамау, тоқтатып қою және оны тәрк ету тәжірибесі – өте алаң­датарлық жағдай. Өйткені мұның соңы адамзаттың араздығына әкелуі мүмкін. Бұл жағдай сауда жүйесін бұзады, эко­номиканың өзегі саналатын тасымал тіз­бегін әлсіретеді, сондай-ақ азық-түлік қауіп­сіздігіне зардабын тигізіп, инфля­цияның қарқынын күшейтеді. Қазіргі қалыптасқан кері үдеріс адамдардың қайғысын қалыңдата түседі. Әлемде 108 миллион адам мәжбүрлі түрде босқынға ай­налды, 1 миллиардтан астам адам ке­дей­лікте өмір сүріп жатыр, 2 миллиард адам негізгі дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай отыр. Ақыр соңында адамзат бола­шақта әлемнің тұрақты дамуына сенімін жо­ғалтуы ықтимал. Өскелең ұрпақ өз­де­ріне мұра болып қалатын әлемнің енді жақ­саратынына сенбейді. Сондықтан Қа­зақстан БҰҰ Жарғысының қағи­дат­тарына өзінің мызғымас адал екенін тағы бір рет мәлімдейді, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, БҰҰ Бас Ассамблеясына жиналған көш­басшылар адамзаттың тағдыры мен бо­ла­шағына жауапты.

– Диалог – жаңа принциптер мен нор­малар бойынша келісімге қол жет­кі­зуге мүмкіндік беріп, қолайлы орта қа­лып­тастырудың жалғыз жолы. Қабыл­да­нып жатқан барлық шешімге қарамастан, әлем­нің көптеген аймағында қақты­ғыстар жалғасып жатыр. Біз барлық тарапты БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құ­қықтың жалпыға бірдей нормаларын не­гізге ала отырып, қақтығыстарды рет­теу­дің дипломатиялық жолын іздеуге ша­қырамыз. Осы орайда Қазақстан Ук­раина дағдарысын саяси реттеуді қол­дайтын түрлі мемлекеттер мен елдер топ­тары ұсынған барлық бастамалар мен жоспарларды жоғары бағалайды. Халық­аралық дауларды шешуде әрқашан дип­ломатия мен диалог басшылыққа алынуы керек. Сондықтан біз қазіргі жаһандық инс­титуттардың жалғыз жүйесін тұрақ­тандыруға барынша күш салуымыз қа­жет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты рефор­ма жасамай, бұл қиындықтар еңсерілмей­тінін мәлімдеді.

– Кеңесте «орта державалардың» жә­не барлық дамушы елдердің үні күшейе­ті­ніне, анық естілетініне кәміл сенемін. Байқауымызша, Қауіпсіздік Кеңесі ты­ғырықтан шыға алмайтын сияқты. Сон­дықтан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақ­тауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек. Біздің өңірде Ұйымға мүше мемлекеттердің ықпалдастығының жандануы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құрлықтағы делдалдық пен бітімгершілікке үлес қосуға қабілетті толыққанды халықаралық ұйымға айнал­дыруда оң ықпал етті. Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі тө­рағасы ретінде Әділетті әлем мен келі­сім­ді жақтайтын дүниежүзілік бірлік тура­лы бастама көтерді. Біз сіздерді осы игі іс­ке қосылуға шақырамыз. Бұл – жаңа қауіпсіздік парадигмасын, әділ эко­но­ми­калық ортаны және таза планетаны қам­титын бастама. Жаһандық Оңтүстік пен жаһандық Солтүстік арасында ашық диа­лог орнату – оның негізгі арқауы, – де­ді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуын­ша, адамзат бетпе-бет келген барлық сын-қатерлердің ішінде ядролық қаруды қол­дану қаупі ең жойқыны болуы мүмкін. 30 жыл бұрын Қазақстан Кеңес өкіме­ті­нен мұраға қалған төртінші ядролық ар­сеналынан өз еркімен бас тартты.

– Сондықтан ядролық күн тәртібінің ло­гикасын қайта қарау керек. Ядролық державалар арасында ядролық қарудан ада әлем құру жолында өзара сенім мен ынтымақтастық болғанда ғана жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз ете аламыз. Осыған байланысты Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты қатаң сақ­тайтынын мәлімдейді. Біз қарусыз­дану және қаруды таратпау саласы бойын­ша жаңа тетіктерді дамытуды қол­даймыз. 2045 жылға қарай ядролық қару­дан толық бас тартудың стратегиялық жос­пары қазіргі көшбасшылардың жаһан­дық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қос­қан ең маңызды үлесі болуы мүмкін, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы COVID-19 пан­де­миясының ауыр салдары болашақ био­­­логиялық қауіп-қатерлер алдында дәр­менсіз екенімізді көрсетіп бергеніне назар аударды. Осыған байланысты Қа­зақстан Ассамблеяның Бас хатшысы мен Төрағасына Биологиялық қауіпсіздік жө­­ніндегі халықаралық агенттік құру про­цесін бастау туралы үндеу тастады.

– Біз Бас хатшы ұсынған «Бей­біт­ші­лік­тің жаңа күн тәртібін» қолдаймыз. Бұл стра­тегиялық құжат әлемде белең алған се­німсіздік пен өшпенділікке қарсы тұруы керек. Қазақстан келесі жылы өте­тін Болашақ саммитінде Болашақ пак­тісін қабылдау ісінде қолдаушы рөлін ат­қарады. Бірақ қару-жараққа тыйым салу­мен немесе декларацияға қол қою­мен ғана бейбітшілік орнамайды. Бей­біт­шілік мәдениетін қалыптастыруда дінаралық және конфессияаралық диалог аса маңызды. Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай та­ғы­лық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бос­тандығының және демократияның ны­шаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кі­таптардың бәрі вандализмнен құқық­тық тұрғыда қорғалуға тиіс. Түптеп кел­генде, бейбітшілік мәдениеті тек «бір­лігіміз – әралуандығымызда» және өзара құрмет қағидаттарына негізделе алады. Сондықтан мен Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съ­е­зінің елеулі рөлін мақтан тұтамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан өзінің ұлттық мүддесін көздей отырып, өзекті ха­лық­аралық мәселелерді шешудің үнемі бейбіт жолын іздейтін мем­лекет.

– Тәуелсіздік, аумақтық тұтас­тық және егемендік – мұның бәрі халқымыз қазір де, келешекте де басшылыққа алатын мызғымас қа­ғи­далар. Біз барлық стра­тегия­лық мәселе бойынша негізгі одақ­тас­тарымызбен қарым-қатынасы­мызды жалғастыра береміз, – деді Мемлекет бас­шысы.

Президент даму құқығын қам­та­масыз ете отырып, жаһандағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететін жаңа бағамдар керек екенін атап өтті.

– Ол үшін Дүниежүзілік сауда ұйымы­ның қағидаттары мен ереже­леріне негіз­делген ашық, анық әрі инклюзивті көп­жақты сауда жүйесі қажет. Сонымен қатар бізге жаһан­дық азық-түлік қауіпсіздігінің ана­ғұрлым мінсіз жүйесін құруды ойлас­тырған жөн. Былтыр дүние­жүзі халқының 10 пайызға жуығы аштықпен бетпе-бет келді. Өндіріс көлемін және азық-түлік тауар­ларының экспорты мен импортын қоса алғанда, азық-түлік қауіпсіздігі жө­нін­дегі ақпаратпен еркін алмасу ісін жан­дандыру қажет. Біз халық­аралық қауым­дастықтың азық-түлік дағдарыс­тарына төтеп беру шараларын қаржылан­дыруына ашық мониторинг жүргізуді бір­лесіп қамтамасыз етуіміз керек. Қазақстан азық-түлік жеткізуші аймақтық хабқа айналуға дайын. Ол үшін бізде барлық қажетті ресурс, инфрақұрылым және логистика бар. Еліміз қазірдің өзінде Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық жүк тасы­малы­ның 80 пайызға жуығы өтетін сенімді бағыт саналады. «Орта дәліз» аталатын Транскаспий халық­аралық көлік бағдары Шығыс пен Батыс арасындағы өзара қатынас­тарды едәуір нығайта алады. Бұл көлік бағдары маңызды нарықтар арасын­дағы сауда қарқынын ұлғай­тып, теңіз жо­лы­мен жүк тасымал­дауға кететін уақытты екі есеге жуық қысқартуға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы климаттың өз­ге­руімен күрес жөніндегі мәсе­леге баса мән берді.

– 2030 жылға қарай жаһандық темпе­ратураның 1,5 градусқа көтерілуін шектей алғанның өзінде, Орталық Азиядағы температураның 2,-2,5 градусқа дейін кө­терілуімен бетпе-бет келеміз. Климат жө­нін­дегі Париж келісімі аясында ау­қымды жұмыс атқарылғанына қарамастан, біз барлығымыз көмір­тегісіз келешекке ұмтылысымыздан айнымауымыз қажет. Климат мәселесін сауда және инвес­тиция­лық ынтымақтастықты шектейтін шаралар үшін пайдаланбау керек. Керісінше, біз БҰҰ айқындаған Климат өзгерісімен күрес жөніндегі оң шаралар сияқты нәтижелі өзгерістерге баса мән беруге тиіспіз. Мұнда «жасыл» эко­номикаға негіз­делген жұмыс орындарын ашуға инвестиция құю, қазба отындарын пайдалануды субсидиялауды тоқтату және климаттағы өзгеріске қарсы күрес әрекет­терінің барлық деңгейінде әділеттілікті, инклю­зивтілікті және әйелдердің қаты­суын қамтамасыз ету шаралары қамты­лады. Алайда тиісті қаржы­ландыру болма­са, климаттың өзге­руі­мен күрес жөніндегі ауқымды жоспар жүзеге асырылмайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сө­зін­де Орталық Азия өңіріндегі су тапшылығы трансшекаралық өзендер бассейнінде күрделі эко­номикалық және басқа да мәселе­лер туындатып отырғанына назар аударды. Мұндай жағдай келешекте бүкіл әлемде байқалады. 2040 жыл­ға қарай суға жаһандық сұра­ныс ұсыныстан 40 пайызға асып кетуі мүмкін.

 – Біз климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі шаралармен бірге осы бір маңызды жаһандық мәселені шешу үшін саяси күш-жігеріміз бен экономикалық ре­сурсы­мызды жұмылдыруымыз керек. Келесі жылы Қазақстан Ха­лықаралық Аралды қорғау қоры­на төрағалық етеді. Біз қоршаған ортаның одан әрі тозуына жол бермеу және бір кездері планета­мыздағы аумағы жөнінен төртінші орында тұрған көлдің айналасын­дағы тіршілікке кері әсерін болдыр­мау жұмыстарын жалғас­тырамыз. Қазір әлемдегі ең ірі көл – Кас­пий теңізі де суының тартылуы, су арна­ларының бұрылуы, флорасы мен фауна­сының ластануы сияқты экологиялық мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Каспий теңізін құтқару мәселесі ұзақ­мерзімді ха­лық­аралық ынтымақтастықты қа­жет ететін ортақ басымдыққа айналуы керек, – деді Мемлекет бас­шысы.

Президент Қазақстан Орталық Азия елдерімен көпжақты ынты­мақ­тастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін айтты. Аймағымыз халық­аралық қауымдастықтың «біртұтас әрі дербес» бөлігі ретінде маңыз­ды рөл атқарады. Сондай-ақ дамудың жаһандық процестеріне өз үлесін қоса алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ауған­стан тұрақты, өркендеген мемле­кетке және сенімді сауда серіктесіне айналуы керек деп санайды. Осы орайда ол Алматыда Орталық Азия және Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөнін­дегі өңірлік орталығын ашу туралы бастаманы қолдауға шақырды.

Бұдан бөлек, Президент жиын қатысу­шыларына Қазақстанда жүр­гізіліп жатқан реформалар, Кон­сти­туцияға енгізілген түзету­лер, елдегі саяси-экономикалық жүйенің жаңғыруы жөнінде қысқаша мәлімет берді. Сондай-ақ елімізде жүр­гізіліп жатқан ре­форма­лардың түп негізінде әділдік, теңдік, адалдық пен еркіндік қағидаттары жатқанын жеткізді.

– Менің пікірімше, кез келген жағдайда заң үстемдігін сақтау бәрінен басым тұруы қажет. Саяси реформалар мен адами капиталды дамытуға жұмсалатын инвестиция ғана экономикамызды әлдеқайда мықты әрі тұрақты ететінін жақсы түсінеміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысының ай­туын­ша, Қазақстан гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдер мен қыздардың құқықтарын және мүмкіндіктерін кеңейту тұрғысы­нан едәуір ілгерілеген.

Президент жуырдағы Жол­дауында, ең алдымен азаматтары­мыздың лайықты өмір сүруіне қажетті мүмкіндіктерді қам­тамасыз етуге бағытталған жаңа эко­но­микалық саясатты ұсынғанын атап өтті.

– Өскелең ұрпақтың денсау­лығы, әл-ауқаты және сапалы білім алуы Қазақ­станның мемлекеттік саясатының негізгі басымдығы саналады. Мен елімізді баянды болашаққа жетелейтін жастарға зор сенім артамын. Елімізде және шетелдерде кемел келешек үшін аянбай еңбек етеміз. Біріккен Ұлттар Ұйымының негізінде жат­қан бірлік пен ұжымдық ықпалдас­тық рухын жаңғыртайық! Жарқын әлем құруға деген ортақ мақса­тымыз біздің әралуан­дығымыздан әрдайым биік тұруға тиіс екенін есте ұстайық. Қазақстан жарқын, әділетті және орнықты әлем құру ісінде БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің бәрімен ынтымақтастық орнатуға дайын, – деп сөзін қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қала­сына жұмыс сапары аясында Орта­лық Азия мен АҚШ мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысты. Жиында С5+1 серіктестігі ар­қы­лы экономика, энергетика және қауіпсіздік салаларында Орталық Азияның егемен­дігін, орнықты дамуын және өркендеуін одан әрі нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеу мәселесі талқыланды.

Саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Джозеф Байденнен кейін сөйледі. Сонымен қатар ша­ра­ға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Пре­зиденті Эмомали Рахмон, Түрікмен­стан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.

Кездесу барысында стратегия­лық серіктестікті, саяси диалогті, сауда-экономикалық, инвестиция­лық және гуманитарлық салалар­дағы ынтымақ­тастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ Еуразия құрлы­ғындағы бейбітшілік пен тұрақты­лықты сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.

Саммитте экономикалық ын­ты­мақ­­тастық мәселесіне, сондай-ақ америкалық компаниялардың маңызды қазба байлық­тарды игеру, жаңартылатын энергия көздері, өңдеу өнеркәсібі және басқа да бағыттарды дамыту мүмкіндіктеріне баса мән берілді.

Бұдан бөлек, пікірталас бары­сында қауіпсіздік проблемаларын, соның ішінде киберқауіпсіздік, терроризм, экстремизм, заңсыз миграция және есірткі тасымалы секілді қауіп-қатерлерді шешу үшін ынты­мақ­тастықты нығайту пер­спек­тивалары қарастырылды.

Қазақстан Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсат­тары жөніндегі аймақтық орта­лығын ашу ісінде АҚШ тарапының қолдауына сенім артатынын жет­кізді.

Сондай-ақ Президент Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары ая­сында бірқатар мемлекет басшы­ларымен кездесті. Кения Респуб­ликасының Президенті Уильям Рутомен кездесу барысында Кения­мен сауда-экономикалық қатынастарды кеңей­ту мәселелері талқыланды. Пре­зидент Кенияны Африка құрлығындағы қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі ретінде атап өтіп, өзара ынтымақ­тастықты дамытуға ерекше қызығу­шылық туғызатын мемлекет екенін жеткізді. Өз кезегінде Уильям Руто қазақстандық компанияларды Кения экономикасына белсенді түрде инвестиция құюға, соның ішінде астық терминалын салу арқылы Момбаса портын кеңейту мүмкіндігін қарастыруға шақырды. Мемлекет бас­шы­сы өзара ынты­мақ­тастықты нығайтудың мүмкін­дік­терін зерттеу үшін Кенияға сауда миссиясын жіберуге ниетті екенін айтты.

Сонымен қатар Мемлекет бас­шы­сы Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тығыз әрі дәстүрлі достық қарым-қатынасты атап өтті. Сондай-ақ екіжақты байланыс­тарды стратегиялық серіктестік дең­гейіне дейін кеңейту мүмкін­дігіне назар аударды. Мұнымен қоса Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ықпалдастыққа тың серпін беру үшін Үкіметаралық ко­мис­сия­ның жұмысын жандан­дырып, Қазақстан мен Моңғолия­ның Іскерлік кеңесін құру қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы Португалия Президенті Марселу Ребелу де Соузамен де кездесіп, екі елді достық қатынастар мен өзара тиімді ынтымақтастық байла­ныс­тыратынын атап өтті. Тараптар инвес­тиция, су ресурстарын бас­қару, туризм және басқа да салалар­дағы жан-жақты қатынастарды одан әрі арттыру үшін зор әлеует бар екенін айтты.

Мемлекет басшысының Черно­гория Президенті Яков Милатович­пен кездесуі барысында Президент Қазақстан Черно­горияны Оңтүс­тік-Шығыс Еуропадағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев ке­лесі жылы Подгорица қаласында Қазақстан­ның Консулдығын ашу жоспары туралы айтты. Бұл қадам екі ел арасындағы іскерлік және тұлғааралық байланыстарды дамы­туға тың серпін береді. Өз кезегінде Яков Милатович екіжақты ынты­мақ­тас­тықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Черно­гория Президенті жан-жақты бай­ла­нысты одан әрі нығайтуға ниет білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы ая­сын­да Румыния Президенті Клаус Йоханниспен кездесті. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Румыния арасындағы сауда-эко­номикалық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Румыния – Қазақстанның Шығыс Еуропа­дағы жетекші сауда серіктесі. Бүгінде екіжақты сауда-саттық көлемі 20 пайызға артып, 1,3 мил­лиард долларға жетті. Мемлекет басшысы сауда-экономикалық қарым-қатынастарға тың серпін беру үшін Үкіметаралық комис­сияның, Қазақстан және Румыния Іскерлік кеңесінің жұмысын жандандыру керек екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркқа жұмыс сапары Корея Респуб­ликасының Президенті Юн Сок Ёльмен кездесумен қорытын­ды­ланды. Әңгімелесу барысында қазақ-корей стратегиялық серік­тес­тігін одан әрі дамыту перспек­тива­лары талқыланды. Қазақстан Президенті екіжақты тауар айна­лымы былтыр 6 миллиард дол­лар­дан асып, тұрақты өсім байқалып отырғанын айтты. Сонымен қатар корей компания­ларының Қазақ­стан экономика­сына салған инвес­тиция­ларының жалпы көлемі 8 миллиард дол­лардан асып, еліміз­дегі ең ірі 10 инвес­тордың қатарын­да нық тұр­ғанын жеткізді.