Соңғы 20 жыл ішінде ветеринарлық клиникада мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілген емес.
ҚазҰАЗУ базасында заманауи ветеринариялық клиника ашылды
1,139
оқылды

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ветеринариялық клиникасы 1955 жылы салынған. Мұнда «Ветеринариялық медицина» және «Ветеринариялық санитария» білім беру бағдарламалары бойынша болашақ мамандарды практикалық даярлау орталығы жұмыс істейді. 

Сонымен қатар, мұнда білікті ғалымдар мен тәжірибелі оқытушылардың жетекшілігімен білім алушылар іс жүзінде әртүрлі жарақаттары бар және ішкі ағзалары патологиялық өзгеріске ұшыраған жануарларға диагностика жүргізеді, алғашқы ветеринарлық көмек көрсетеді, хирургиялық операцияларға қатысады және ауру жануарлардың сырқат тарихын ресімдейді, басқа да практикалық әдістерді меңгереді. Кіші курс студенттері «Ветеринариялық санитар» мамандығын игеруге қажетті іскерлік амалдарды үйренеді. 

Шетелдік озық жетекші университеттердің тәжірибесін қабылдай отырып, ветеринарлық клиника бүгінде практикалық дағдыларды, ғылыми зерттеулерді меңгерудің, білім алушыларға нақты тәжірибе берудің ірі ғылыми-зерттеу орталығына айналды.  

Мұнда тек ҚазҰАЗУ-дың ғана емес, сонымен қатар, жоғары білікті ветеринарлық дәрігерлерді даярлайтын басқа да отандық жоғары оқу орындарының ПОҚ үшін біліктілігін арттыру курстары өткізіледі. 

ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректордың орынбасары Қуат Сұлтанғазиевтың айтуынша, ветеринарлық клиникада 2023-2024 оқу жылында күрделі жөндеу жүргізіліп, қайтадан ашылды. Жөндеу жұмыстары аясында клиникада ірі қара мал, жылқы, ұсақ мал, құс және басқа да зертханалық жануарларға арналған тұрғын-жайлар заман талабына сай жаңғыртылып, толық жөнделді. Зоогигиеналық талаптарға сәйкес жаңа қоршаулар, едендер, шатырлар, қоректендіргіш құрылғылар орнатылды. Соңғы 20 жыл ішінде ветеринарлық клиникада мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілген емес.

Бүгінгі таңда жаңғыртылған ветеринарлық клиниканың қызметкерлері зертханалық жағдайда ұсақ жануарларды (ақ тышқандар, гвинея шошқалары, қояндар, егеуқұйрықтар және т.б.) өсіріп бағады, осылайша кафедралардың өтінімдері бойынша, тәжірибеге қажетті жануарлармен практикалық сабақтар өткізуді үздіксіз қамтамасыз етеді. 

«Біздің басты міндетіміз – университетіміздің абырой-беделін арттыру және бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау үшін барлық жағдай жасау. Білім берудегі тәжірибеге бағытталған тәсілдің негізгі мақсаты айқын, ол ветеринардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға байланысты практика мен теориялық білімді ветеринариялық мәселелерді шешуде қолдануды біріктіретін оңтайлы модель құру. Әрбір ЖОО осындай заманауи ветклиникасымен мақтана алмасы анық», – деп атап өтті университет басшысының орынбасары Қуат Елеусізұлы.