Жаңадан шаңырақ көтеру, уығын тік­теп, босағасын бекітудің оңайға түс­пейтіні қашаннан белгілі. Ұлытау облысы да осын­дай қиыншылықты бас­тан өт­ке­ріп жат­қа­ны анық. Қор­да­ланған мәселе­лер әп-сәтте ше­ші­мін таба қоя ма?
Ұлытауға көш келеді...
1,489
оқылды

Облыстағы өзекті мәселелердің бірі – халық санының аздығы. Сондықтан об­лыс басшылығы бұл бағытта да әртүрлі жолды қарастырып жатыр. 2021 жылы елі­мізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» ұлттық жобасы қабылданған еді. Бұл жобаның мақсаты – ел халқының не­гізгі қызметтерге теңдей қолжетімділі­гін қамтамасыз ету, тұрғын үй-комму­нал­дық жағдай мен көлік байланысын жақ­сарту. Осы жоба аясында Ұлытау облы­сын­да аймаққа оңтүстік өңірлерден от­ба­сы­ларын көшіру қолға алына бастады. Қазірдің өзінде Алматы, Жамбыл, Қы­зыл­орда, Түркістан облыстарынан 7 отбасы об­лысқа көшіп келіп, қоныстанып та үл­герді. Солардың  бірі – Сағындық  До­са­нов. Ол Қызылорда облысынан кө­шіп келді.

– Сыр мен Қыр ежелден қоңсылас жат­қан елміз. Біздің жаққа ұлытаулық аза­маттар барып, өз ұсыныстарын біл­дірді. Әңгімелестік, жай-жапсарын тү­сін­дік. Сосын «тәуекел түбі – желқайық» де­дім де, анамды, әйелімді, бес баламды алып Ұлытау ауданына келіп қоныстан­дым. Жергілікті халық жылы қабылдады. «Ел­ге ел қосылса – құт» деген байырғы жол­мен бірнеше үй ерулікке шақырып, бір­­ден-ақ тонның ішкі бауындай жақын­да­сып кеттік. Менің мамандығым дәне­кер­леуші болғанына қарамастан, ұлттық саябаққа инспектор болып орналастым. Келіншегім Айша облыс әкімінің жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған 1 млн 380 мың теңгелік грантын ұтып алды. Бұ­ған 6 бас сиыр сатып алдық. Шаруа­мыз­ды дөңгелете бастадық, – дейді ол.

Көшіп келген кезде Сағындықтың отбасының сегіз мүшесінің әрқайсысына 241 мың теңгеден біржолғы қаржылай кө­мек көрсетіліпті және ай сайын 72 мың тең­­ге пәтерақыға төленіп тұрған екен. Әри­­не, бұл дегеніңіз – жаңадан қоныс ау­да­­рып барған отбасы үшін ауқымды кө­мек.

– Қазір балаларымыздың үлкені мек­тепке барды. Әкімдік 4 бөлмелі пәтер кіл­тін табыстады. Бұдан артық не керек?! Ен­дігі міндет – еңбек ету. Басқа еш проб­ле­ма жоқ, – деген Сағындық Досанов Сыр бойындағы жерлестерін тиімді бағ­дар­ламаны пайдаланып, ұлт ұясы Ұлы­тауға қоныс аударуға шақырады. 

Көшіп келемін деушілерге қандай кө­мек көрсетіледі? Біріншіден, отбасы бас­шысына және отбасының әрбір мүшесіне біржолғы 70 АЕК мөлшерінде, (қазір бұл – 241 500 теңге) көмек беріледі. Екіншіден, көшіп келген отбасы егер бірден өз пәтеріне қол жеткізе алмаса, 12 ай ішінде тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы тө­леу бойынша 15-21 АЕК арасында, яғни 51 750 – 72 450 теңге мөлшерінде, шы­ғыс­тарды жабуға бағытталған материал­дық көмек алады. Нақты жағдайда көшіп келушілер көп ұзамай өз пәтерлеріне ие болуда. Үшіншіден, қоныс аударған әр­бір отбасына экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады, яғни тұрғын үй сатып алу, салу немесе тұрғын үй са­тып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қа­­­рыздары бойынша бастапқы жарна үшін ақшалай төлем түрінде 4 млн теңге­ге дейінгі материалдық көмек көрсетіледі.

Ең бастысы, көшіп келген жұмысқа жа­рамды азаматтардың бәрі жұмысқа ор­наласады. Тіпті, мамандығына сәйкес жұ­мыс табыла қоймаса да, басқаша жол­дары қарастырылады. Бұған жоғарыдағы Са­ғындық Досанов дәлел бола алады. Мек­теп, балабақшамен қамту туралы сөз болуы тіпті де мүмкін емес.

Жақсы мүмкіндікті пайдаланып қалу­ға ұмтылған жөн. Ата-бабамыз ке­зін­де Ұлытауға жетуді, соны бір көруді ар­­­­мандаған. Енді, міне жаңа заманның, қа­зіргі уақыттың самалына сәйкес Ұлы­тау көшіп келушілерге құшағын айқара ашып отыр.

Майлыбай КЕТЕ,

Ұлытау облысы

© коллаж: Елдар ҚАБА