Адам өзінің есте сақтау қабілетіне нақты сенімді бола ала ма? Адам жады жалған естеліктерді сақтап қалуы мүмкін бе?
Мандела эффектісі: жадымыздағы жалған жазбалар
851
оқылды

Мәселен, сіз бұрын талай рет қайталап оқыған кітабыңызды тағы да парақтап отырсыз. Үтір-нүктесіне дейін жатқа білетін кітап мазмұнындағы әлдебір кейіпкердің сөзі сізге қанат бітірген еді. Сол сөзді тағы да оқымаққа бел будыңыз. Бұл жолы бұрын сіз жатқа білетін кейіпкер сөзі өзгеріп, сіз білетіндей емес, басқаша өрілгенін оқып таңғалдыңыз. Осы кітапты бірлесіп оқыған досыңыздың пікірін сұрағанда, ол да сіздің ойыңызды қайталаса ше? Дәл осындай мысалдарды кинолардан, бренд атауларынан, тарихи деректерден де кездестіріп қалуыңыз да кәдік. Себебі бұл – тәжірибеде кездесетін дүние. Бұл құбылыс «Мандела эффектісі» деп аталады. 

Құбылыстың атауы қайдан келген?

Мандела эффектісі Оңтүстік Аф­рика президенті Нельсон Ман­деланың құр­ме­тіне аталған. Африкалық револю­ционер, аңызға айналған саясаткер, апартеидке қарсы күрескер Нельсон Манделаны білмейтін жан кемде-кем. Ол бүкіл өмірін Оңтүстік Африка Рес­пуб­ликасы үшін, терісінің түсіне қара­мастан, барлық адамдар бірдей құқық­тар мен бостандықтарға ие болатын демо­кра­тиялық ел болу үшін күрескен бола­тын. Өткен ғасырда Оңтүстік Аф­ри­каны жаулап алған ақнәсілділердің «апартеид» атты заңды қоғамы құрыл­ған еді. Яғни, нәсілдік теңсіздікке не­гіз­делген мемле­кеттің халқы әлеу­мет­тік-экономикалық және саяси жүйе бойынша ақнәсілділер бір бөлек, қара­нәсілділер бір бөлек оқшау өмір сүрді. Нельсон Мандела өз елінде тұ­рып, өгей­дің күйін кешкен қаранәсілділердің құқы үшін күресті. Оған осы белсенділігі үшін 1962 жылы әуелде өлім жазасына кесіп, кейін өмір бойы абақтыда отыру үкімін шығарады. Кейіннен бүкіл әлем қолдауына ие бол­ған соң ақнәсілді мем­лекет басшы­лары оны 27 жылдан кейін абақтыдан босатуға мәжбүр бол­ды. 1990 жылы абақтыдан боса­ғаннан соң Африка Халық конгресі партия­сының жетекшісі болды. 1994 жылы Оңтүстік Африка Республи­касының президенті болып сайланды. Ол 2013 жылы 5 желтоқсанда 95 жа­сында Хоутондағы үйінде қайтыс болды. 

Міне, қызық осы жерден басталады. Әлемде осы бір даңқты тұлғаның дүние­ден өткенін хабарлап, БАҚ құралдары жар салып жатқанда дүниенің төрт бұ­рышындағы көп адам оның 80-жыл­дары бостандық жарығын көрместен, түрмеде қайтыс болғанын есіне түсіріп жатты. Тіпті, теледидардан жерлеу рәсімі көр­сетіл­генін, марқұм туралы қайғылы ес­те­ліктер айтқан адамдарды тыңдаға­нын да жеткізіп жатты. Бұл адамдардың қата­рында жазушы Фиона Брум да бар еді. Ол зерттеулер мен сауалнамалар жүргізе отырып, көп адамның есінде қате сақ­талған басқа да оқиғалардың желісін де кездестірді. Ол бұндай естеліктер сезімін кешкен жалғыз адам емес екеніне көзі жет­кен соң, бұл құбылысты 2010 жылы «Мандела эффектісі» деп атап, жаңа термин енгізді.

Жарқын мысалдар мен жалған естеліктер

Бәріміз кішкентай кезімізде «Қол­­тырауын Гена және Чебурашка» мульт­фильмін көрдік. Ондағы басты кейіпкер­­­лердің істеріне кедергі келтіріп жүретін Шапокляк есімді тағы бір кейіпкер бар. Кейіпкер көрермен санасына тез жат­талып қалатын атрибуттарға ие. Мыса­лы, оның сөмкесі мен жанынан бір елі тас­тамайтын Лариска есімді егеуқұйры­ғын бәрі біледі. Бұл тізімге қолшатыр да жиі қосылады. Тіпті, оның қолында осы аксессуармен бейнеленген ескерткіш бар. Бірақ Шапокляк ешқашан өзімен бірге қолшатыр алмаған. Сонымен қатар көрермен оның көзінде көзілдірігі де болған деп сенімді айтады. 

Ал Эдуард Назаровтың қасқыр мен иттің достығы туралы әйгілі «Жил был пёс» деген мултьфильмін көрмеген бала жоқ шығар. Сонда қасқырдың итке қа­рата: «Ал сен егерде жолың түссе кір» (ну ты это, заходи если что) деген дәйек­сөзді ғаламторда ғана емес, футболка­ларда, көліктерде, тіпті қабырғалардағы граффити түрінде де табуға болады. Бі­рақ мульфильмнің түпнұсқасында бұл жай ғана «Заходи если что» деп қана ай­тылады.

Тағы бір мультфильмнен мысал кел­тірейік. Дисней түсірген «Ақшақар және жеті ергежейлі» мультфильміндегі зұлым патшайымның әйгілі «айна, айна, патшалықта ең сұлу кім?» деген сөзін бүгінде әр сұлу айна алдында айтатынын білеміз. Бірақ кейіпкер айна сөзін екі рет қайталамай, тек «Қабырғадағы сиқырлы айна» деп қана айтады. 

Құбылысқа қатысты мысалдың бірі, Борис Ельциннің отставкаға кетуіндегі өз сөзін былайғы көпшілік басқаша есте сақта­ған. Өзінің лауазымынан кете­­­тіндігін Ресейдің бірінші президенті 1999 жылы 31 желтоқсанда тікелей эфир­де жариялады. Шын мәнінде, Ель­цин: «Мен кетемін. Мен қолымнан кел­ген­­нің бәрін жасадым» деп айтқан. Көп адам бұл оқиғаны кейіннен культтік мәртебеге дейін көтеріп, мемге айналған «Мен шаршадым, мен кетемін» деген тір­кеспен еске алады. 

Американың өткен ғасырда танымал болып, әлемге тараған Only You әнін бүгінгі аға буын өкілдері сүйіп тыңдаға­нына күмәніміз жоқ. Бірақ көп адам бұл әнді «рок-н-ролл патшасы» Элвис Прес­лидің орындағанына сенімді. Негізінде, бұл әнді қаранәсілді квинтет The Platters тобы орындаған. Бірақ көпшілік бұл әнді Преслидің қалай саханада орында­ғанына дейін көргеніне сенімді. Осыдан бес жыл бұрын еліміздің жарқын жұлды­зы Димаш Құдайбергенов те осы әнмен аттас «Сен ғана» әнін орындағанда жер­гі­лікті бірнеше БАҚ «Димаш Элвис Преслидің әнімен аттас әнді орындап шықты» деп жазған болатын. 

Парижге барған туристер Огюст Ро­ден­­нің ең әйгілі мүсіндік жұмыс­тары­­­ның бірі – «Ойшыл» мүсініне соқ­пай кетпейді. Роденнің өзі мүсінді «Ақын» деп атады – ол «Тозақ қақпаларының» керемет композициясын тәж етіп, күнә­һарлардың азабын жоғарыдан бақылап тұрған Дантені бейнеледі. Мүсіннің түп­­нұс­қасы Париждегі Роден мұра­жайында қойылған. Біршама адам Роденнің «Ойшылы» жұдырығын маң­дайына ті­реп тұр деген сенімде, шын мәнінде мү­сін қолын маңдайына емес, иегіне тіреп тұр. Тіпті, барған туристер мүсіннің ал­дында мүсіндегіндей қолын иегіне емес, маңдайына тіреп түскен суреттер же­терлік. 

Сондай-ақ тарихқа қатысты көптеген адам Ресейдің Аляска өңірі II Екатерина кезінде сатылған деп сеніп келген. Бұл өңір кейінірек, II Александр тұсында бол­­­ғаны көп жанға жаңалық болып естілген.

Мандела әсері қоғамның брендке деген көзқарасын да өзгерте алды. Таны­мал KitKat шоколады атауы қос сөздің арасында сызықша бар, яғни Kit-Kat деп жазылған деп ойлап келген. Бірақ бренд атауының арасында ешқашан таңба бол­маған. 

Осындай мысалдарды көптеп келті­руге болады. Егер қызықтырса, ға­­ламтордан оның сан үлгілерін көруге болады. 

Сарапшылар мен мамандар не дейді?

Бұл құбылыс бүгінде әртүрлі маман­дар арасында үлкен пікірталас тудырды. Олар бұл құбылысты әртүрлі теориялар мен көзқарастар тұрғысынан түсіндіруге тырысты. Түрлі теориялар болғанымен, бүгінде бұл құбылыстың не үшін пайда болатындығы нақты белгісіз. Медици­налық және ғылыми жетістіктерге қара­мас­тан, жадтың қалай жұмыс істейтіні туралы әлі де шешілмеген жұмбақтар көп. Ең көп таралған түсініктеме бұл адам­ның жадының жұмысына байла­нысты деп болжайды. Ал бұл түсінікті психология мен неврологияны зерттеу­шілердің басым көпшілігі жоққа шыға­рады. Психологтер Мандела әсерінің пайда болуын есте сақтаудың бұзылуына немесе бұрмалануына байланысты бір­қатар психикалық процестен туын­дай­ды деп есептейді. Бірақ бұл психика­лық ауытқуға жатпайды дейді олар. Олар­дың пікірінше, біз жадымыздағы әртүрлі ол­қ­ылықтарды бейсаналы түрде ойдан шы­­ғарылған естеліктермен толтырамыз. Жадтағы ақпараттарды өңдеу кезінде мидың әртүрлі аймақтарына белгілі бір ақпаратты жіберетін нейрондар жүйесі іске қосылады. Ақпарат осы жерлерде, соның ішінде гиппокампта немесе преф­­ронталды қыртыста сақталады. Бар­­­­­лы­ғы мидың оны қалай өңдей­тін­дігіне байланысты. Яғни, Мандела әсе­ріне жадтағы ақпараттардың пайда бо­луы ғана емес, оны қалпына келтіру әрекеті де әсер етеді. Кейбір сарапшылар бұған гипнозды ақпараттар себеп деген пікірін келтіреді. Мысалы, сіз бір идея ойлап таптыңыз делік. Идеяны өзіңіз ойлап тапқанға қаншалықты сенімді болғаныңызбен ол әлдебіреуден естіген ақпаратыңыз арқылы сіздің жадыңызға өтуі мүмкін. Уақыт өте келе ол сіздің меншігіңізге айналады. 

Кейбір дәрігерлер Мандела эффек­тісін конфабуляцияның бір түрі деп са­найды. Конфабуляцияның жалпы ұқ­састығы – «адал өтірік айту». Адам өтірік айтуды немесе басқаларды алдауды мақ­сат етпей, жалған жады жасайды. Оның орнына олар өздерінің жадындағы бос орындарды толтыруға тырысады.

Ақпараттар ағынының әсері

Бүгінде ғаламтордағы ақпараттар ағыны күннен-күнге жылдам әрі толас­сыз түрде дамып келеді. Егер Мандела эффектісінің көбеюіне бір нәрсе себеп болса, бұл әлеуметтік желілер дер едік. Өйткені адамдар көбіне желіде оқыған­дарына сенеді және басқалармен де жалған ақпаратты көп бөліседі. Осылай­ша, бұрмаланған оқиға мен ақпарат тараған сайын шиеленісе түседі. Ақы­рын­да шындықтың ауылы алыстай түсе­ді. Негізінен адамның миы «жалқау» бо­лып келеді. Ол күрделі ақпараттардан гөрі адамның өзі жасап алған ақпаратқа бейім. Яғни, интернеттің таралуына байланысты жалған ақпаратты тарату және оны көп­теген адамдардың жад ұяшықтарына шын деп енгізу оңай болып кетті. Кейін­нен шы­найы шындық пен ойдан құрал­ған жалған естелікті айыру қиынға со­ғады. Сарапшылардың пікірінше, әлеуметтік желілердің басты айыр­машылығы – бұл естеліктерді кеңейту мүмкіндігі. Бұрын оларды тек жақын адамдарға айтсақ, енді бүкіл әлемде бірдей қате жады бар адамдарды табуға болады.

Паралелді әлемдер қақтығысы ма?

Конспирологиялық түсінікке жақын адамдар тобы бұл құбылысты кванттық физика арқылы түсіндіруге тырысып, «біздің әлем – матрицалық симуляция» деген ұғымның бір шындығы деп есеп­тейді. Соның ішінде осы теорияны ой­лап тапқан Фиона Брум да осы пікірді құп­тайды. Түсіндіре келе олар мұны пара­лельді әлемдердің өзара қабат келуі­нен осындай құбылыстар пайда болады деген көзғарасын мысал етеді. Мысалы, біздің әлемімізде Нильсон Мандела 80-жылдары қайтыс болса, қосымша әлемде ол түрмеден бостандыққа шы­ғып, ел басқарып, өз ажалынан дүние салады. Ақырында екі әлемнің қабатта­суынан оқиғалардың естеліктері де екі түрлі болады. Осылайша, шынайы бол­ған оқиға өзге әлемдегі оқиғамен ұшта­сып, адамдардың жадында өзгеше есте­лік­тер тудырады. Яғни, бұл құбы­лысты параллельді әлемдердің арасындағы пор­талдардың ашылу салдарынан деп есептейді. 

Физик ғалымы Мичио Каку өзінің сұхбатында параллель әлем туралы түсінігін былайша түсіндіреді. «Радионы ойлап қараңызшы. Егер сіз өзіңіздің қонақ бөлмеңізде BBC радиосын тыңдап отырсаңыз, ол радио бір жиілікте рет­телген. Бірақ сіздің қонақ бөлмеңізде барлық жиілік бар. Куба радиосы, Мәскеу радиосы, Топ-40 рок стансалары. Барлық осы радиожиіліктер сіздің бөл­меңізде тербеліп тұрады, бірақ сіз тек бір стансаның ғана ақпаратын тыңдап отыр­сыз» дейді ол мысалында. «Адамдар да – «толқындар дірілі», кейде біз де ра­дио секілді келесі бір «стансаға» секіріп кетуіміз мүмкін» деп түйіндейді ол ойын.

 

Түйін:

Иә, әлемде қайшылыққа толы пікірлер өте көп. Кинопродюсер Роберт Эванс «Әр оқиғаның үш жағы бар: сенің жағың, менің жағым және шындық» деген екен. Сол секілді бұл құбылыс та кейде біздің өз санамыздағы естеліктерге де аса қатты сенуге болмайтындығын түсіндіреді. Ал сіз өз санаңыздағы естеліктерге сенесіз бе?!

Наурызбек САРША