Премьер-Министр Әлихан Смайылов Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барып, «Каспий» су тұшыту зауытын жаңғырту және МЭК-тің алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарымен танысты.
Маңғыстау өңірінде туризм түлейді
862
оқылды

Премьер-Министрге «МАЭК» ЖШС бас директоры Жасұлан Сүйіншалиев кәсіпорынның қазіргі дайындығы және оны одан әрі жаңғырту жоспары туралы баяндап берді.

 МАЭК – біртұтас энергетикалық және су өндіруші кешен. Оның негізгі мін­деті – Маңғыстау және Атырау (ішін­ара) облыстарын электр энергия­сы­мен, ал Ақтау қаласын жылу энергия­сы­мен, ауызсумен, ыстық және техника­лық сумен қамтамасыз ету. Мекемедегі төтенше жағдайларға тап қылып отыр­ған жағдай – негізгі құрал-жабдық­тар­дың тозуы, ол 80%-дан асып кетіп отыр.

Биыл кәсіпорынның өз қаражаты есебінен турбоагрегаттарға, қазандық агрегаттарына және қосалқы жабдық­тар­ға күрделі жөндеу жұмыстары жүргі­зіліп жатыр. Әбден тозығы жеткен құ­рыл­ғы­ларды ауыстыру үшін Маңғыстау облысы әкімдігінің резервінен 2,6 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша, жаңа жабдықтар мен қосалқы бөлшектер сатып алуға  Үкіметтің резервінен тағы 4,9 млрд теңге бөлінді. Қазір жабдық­тарды жеткізушілермен келісімшарттар жасалды, олар осы жылдың қараша-желтоқсан айларында жеткізіледі.

Әлихан Смайыловқа ЖЭО жабды­ғының едәуір тозуына байланысты 2024 жылы №3 энергоблокты ішінара жаң­ғыр­ту арқылы күрделі жөндеу жұмыс­тары жоспарланғаны туралы айтылды. Сондай-ақ 2025 жылы №2 энергоблокты және 2026 жылы №1 энергоблокты толық жаңғырту арқылы күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Жылу электр ор­та­лығының бас ғимаратындағы аяқтал­маған құрылыс алаңында №4 энергоблок салу жоспарланып отыр. Құрылыс алаңына барлық қажетті инженерлік коммуникация тартылған. Іске асыру мерзімі – 2027 жылдың 4-тоқсаны. Жалпы, қолданыстағы энергоблоктарды жаңғырту және жаңаларын салу есебінен генерация тұтастай алғанда 420 МВт-қа артады деп күтілуде. Бұл ретте екі су жылыту қазандығының құрылысы мен 1-ЖЭО-дегі №7 қазандық агрегатын, сондай-ақ №10 қазандық агрегатын жаңғырту және 2-ЖЭО-дағы №7 турбоагрегатты конденсаторлық турбинаға ауыстыра отырып қайта жаңарту сынды жобалар бойынша қазір техникалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бүгінде жо­балық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша конкурстық рәсімдер жүргі­зіліп жатыр.

Премьер-Министр апатты жағдай­дағы жабдықты ауыстыру комбинаттың техникалық жағдайын жақсартып, жұмыс қабілетін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Яғни, генерациялық қуат көздерінің өшіп қалуы және тұты­ну­шылар үшін шектеулерді енгізу сияқ­ты тәуекелдер барынша азаяды. «Облыс әкімдігі жөндеу жұмыстарының уақы­тылы аяқталуын бақылауды қамтамасыз етуі қажет», – деді ол.

Бұдан әрі Үкімет басшысына «Каспий» су тұшыту зауыты» ЖШС директоры Нұрлыбай Аққұлов зауыт өнімділігін тәулігіне 40 мың текше метрге жеткізу жұмыстары туралы мәлімет берді. Нысанды жаңғыртуға мемлекеттік бюджеттен 12 млрд теңгеден астам, ал Үкімет резервінен – қосымша 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, қазір жоба бойынша құрылыс жұмыс­тары 90%-ға орындалды. Сондай-ақ зауытта жаңа сорғы қондырғылары, суды алдын ала тазарту сүзгілері, суды минералдандыруға арналған сүзгі-кондиционерлер, араластыру камера­лары, электр желілері мен трансфор­матор­лық қосалқы стансалар орна­тылған.

Әлихан Смайылов Мұнайлы және Қарақия аудандарының елді мекендері үшін ауызсудың негізгі көзі дәл осы зауыт болып отырғанын атап өтті. Қазір оның қуаты тәулігіне 20 мың текше метр­ді құрайды. Ол 180 мыңнан астам адамды сумен қамтамасыз етеді. «Ха­лық­тың жыл сайынғы өсімін, сондай-ақ Каспий теңізінің жағалауында туристік кластердің дамуын ескере отырып, ауызсу өндірісін ұлғайту мәселесі аса өзекті. Осыған байланысты Президент «Каспий» су тұшыту зауытын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін кеңейту жо­басын іске асыруды тапсырды. Үкімет тарапы­нан қажетті қаржылық қолдау көрсетілді. Облыс әкімдігіне осы жоба­ны жыл соңына дейін аяқтау қажеттігін тағы да еске саламын, жаңа жылдан бас­тап халық сумен қажетті көлемде қамтамасыз етілуі тиіс», – деді Премьер-Ми­нистр.

ЖАҢА ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНА 5 МЫҢ  БАЛА БАРАДЫ

Өлкеге жұмыс сапарымен барған Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ақтау қаласының 17-шағынауданында салынған жаңа Оқушылар сарайының жұмысымен танысты. Жаңа нысан жа­қын арада өзінің алғашқы оқушыларын қабылдайды. 

Ол облыс орталығында, сондай-ақ жақын маңдағы Мұнайлы және Түпқа­раған аудандарында тұратын 5 000-нан астам баланы тегін қосымша біліммен қамтуға мүмкіндік береді. Мұнда көр­кем, ғылыми-техникалық және жалпы гуманитарлық бағыттағы үйірмелер, сондай-ақ спорт секциялары жұмыс істейтін болады. Оқушылар сарайында xop, оркестр және музыкалық аспап­тарда ойнауды үйрететін жеке сабақтар қарастырылған, хореографиялық сту­дия, авиамодельдеу бөлмелері, компью­терлік сынып, әмбебап спорт залы, спорт­тық жүзу бойынша жаттығу бас­сейн­дері, йога және аэробика залдары бар.

Сонымен қатар ғимаратта дизайн және бейнелеу өнері студиясы, қолөнер және материалдарды көркем өңдеу шеберханалары, әдеби-драма студиясы, кітапхана, коуоркинг-кеңістік және IT технологиялар зертханасы бар. Оқушы­лар арасында шахматты кеңінен наси­хат­тау мақсатында гроссмейстер, шах­мат­тан әлем және Азия чемпионы Би­бісара Асаубаеваның шахмат шеберлігі мектебі ашылады.

Премьер-Министр Мемлекет бас­шы­сы өзінің сайлауалды бағдар­лама­сында балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін көтеру үшін кемінде 100 ірі нысан салуды тапсырға­нын еске салды. Оқушылар сарайы – солардың бірі. «Оқушылар сарайының ашылуы ай сайын 5 000-нан астам баланың үйірмелер мен секцияларға тегін баруына мүмкіндік береді. Соны­мен қатар 165 маман жұмысқа орна­ласады», – деді Әлихан Смайылов.

ОТАНДЫҚ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛАДЫ

 Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ақтауда Қазақстанның және әлемнің басқа да елдерінің 300-ден астам туристік бизнес өкілінің қатысуы­мен өткен Туризмді дамыту жөніндегі халықаралық форумда сөз сөйледі. Іс-шараға ШЫҰ елдерінің министрлері, халықаралық қонақүйлер, ірі қазақ­стандық және шетелдік туроператорлар, әуекомпаниялар желілерінің басшы­лары, сондай-ақ инвесторлар, халық­аралық сарапшылар, дипломатиялық корпус және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Премьер-Министр өз сөзінде мемле­кеттің туризмді дамытуға, төл мәде­ниетіміз бен дәстүрлерімізді насихат­тауға үлкен мән беріп отырғанын атап өтті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жуырда жариялаған ха­лық­қа Жолдауында бұл салада серпінді жобаларды іске асыруды тапсырды. «Біз «зәкірлік» жобалар іске асырылатын маңызды 10 туристік аймақты анық­тадық. Олардың бірі – Каспий теңізінің жағалауы. Бұл – ерекше фаунасы, көр­кем жағажайлары мен ежелгі көрікті жерлері бар ерекше мекен. Біз кез келген қонақ үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз. Мемлекеттің де, жеке сектордың да күш-жігері осы­ған бағытталған», – деді Әлихан Смайы­лов.

Оның айтуынша, туристік турларды ұйымдастыру және биологиялық әркел­кілікті сақтау үшін инвесторлар қор­шаған ортаға зиян келтірмейтін жаңа нысандар мен жобалар жасауға белсенді түрде тартылып отыр. «Мұндай күш-жігердің жарқын мысалы – Іле-Алатауы, Шарын және Алтын-Емел сияқты орындарда визит-орталықтары мен эко-қонақүйлердің пайда болуы. Экология­лық тұрақтылық негіздерін басшылыққа ала отырып, біз туристердің санынан гөрі олардың саяхатының сапасын арт­тыруға көшу жолында жұмыс істеп жатырмыз», – деп атап өтті Үкімет басшысы.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, Қазақстан халықаралық туристік нарықта бәсекеге түсе алатын бірегей турларды ұсына алады. Мәселен, Ұлы Жібек жолы мен Каспий теңізі бойынша кешенді саяхаттар, Байқоңыр мен Бурабай, сондай-ақ Алматыдағы «4 маусым» туры сияқты жерлерге бару туристердің арасында қызығушылық тудырып отыр.

Премьер-Министр бүгінде Қазақ­станда азаматтары визасыз жүре алатын мемлекеттердің саны 80-ге дейін артқа­нын еске салды. Сонымен қатар халық­аралық әуеқатынасының географиясы кеңейіп келеді. «Былтырдан бері мемле­кет­тік қолдау шаралары бойынша туризм нысандарын салу, тау шаңғысы курорттарын дамыту және туристік ав­то­бустар сатып алу жобалары қамтылды. Шетелдік туристерді тарту үшін мемле­кет туроператорларға да субсидия бере­ді. Сондай-ақ ел ішінде саяхаттайтын Қазақстан азаматтары үшін балалардың әуебилеттері субсидияланады», – деді Әлихан Смайылов. Оның айтуынша, соңғы үш жылда салаға $4 млрд көле­мінде инвестиция тартылып, 400-ден ас­там туристік нысан салынған. Респуб­ликада Hilton, Marriott, Wyndham, Accor және т.б. сияқты 20-дан астам танымал халықаралық қонақүй желілері есігін айқара ашты. «Біз шетелдік және отандық инвесторларды Қазақстанның туризм саласын ел Үкіметінің қолдауы­мен ұзақмерзімді инвестиция салу мүм­кіндігі ретінде қарастыруға шақырамыз», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы отан­дық туризмнің халықаралық арена­дағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру аясында Қазақстанның шетелдегі имиджін көтеру бойынша ведомство­аралық үйлестіру жұмыстарын күшейту маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты елдің туристік брендін әзір­леп, халықаралық ақпарат кеңістігіндегі танымал ету жұмыстарын күшейту ке­рек. «Визалық және көші-қон режимін одан әрі жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау, виза алу рәсімдері мен әуежай­ларда бақылаудан өтуді де жеңілдету қажет», — деді Премьер-Министр.

Инвестициялық белсенділікті арт­тыру үшін туризм жобаларына жеңіл­дікпен несие беру мерзімдерін ұзартуды пысықтау және туризм нысандарына инфрақұрылым жүргізу бойынша мемлекеттік қолдау шараларын күшейту талап етіледі. «Түрлі туристік бағытты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үлкен маңызға ие екенін көріп отырмыз. Бұл мәселені  кәсіпкерлер де ұдайы көтеріп келеді», – деді Үкімет басшысы.

БІЗ ҚОЛДАУДЫҢ БАРЛЫҚ ТҮРІН АРТТЫРУҒА НИЕТТІМІЗ

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жол бойындағы сервистік нысандарды пайдалану сапасы мәселелерін шешіп, агротуризмді дамыту шараларын әзірлеу қажеттігін де айтты. 

«Ауыл тұрғындары, шаруалар мен бағбандар өз шаруашылықтарында туристерді қабылдау арқылы қосымша табыс таба алады. Ол үшін біз заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуіміз керек. Community based tourism – әлемдік тренд, одан қалыс қалмау керек», – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр Туризм және спорт индустриясын қолдау корпоратив­тік қорының мәселелерін оған спорт саласының ғана емес, туризм саласының да жобаларын қаржыландыру құқығын бере отырып шешу маңызды екенін атап өтті. Әлихан Смайылов саланың даму әлеуеті зор екенін және қосымша жұмыспен қамтып, азаматтардың табы­сын арттыра алатынын айтты.

«Сервис пен қызметтердің сапасын арттыру аясында саланы цифрландыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Туристердің, әсіресе олардың таулы жерлердегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету­ге бағытталған шараларды қабылдау маңызды. Одан бөлек, қонақүйлерді классификациялау жүйесін реформалау және стандарттарды халықаралық деңгейге дейін көтеру бойынша жұ­мыс­ты бастау қажет», – деді Әлихан Смайы­лов. 

Сөз соңында Премьер-Министр форумға қатысушыларды келесі жылы еліміздің бас қаласында өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысуға шақырды. «Бұл ауқымды іс-шарада қонақтар көшпелі халықтардың ерекше мәдениетімен танысып, бірегей ойынға куә болатынына сенімдімін», – деді Үкімет басшысы.

Форум қорытындысы бойынша туризм саласындағы қазақстандық және шетелдік компаниялар өзара ынтымақ­тас­тық туралы келісімдерге қол қойды.

Сағындық РЗАХМЕТОВ,

Маңғыстау облысы