Өскемен қаласында осы жылдың ақпан айында тоғыз күнде мектептерге бомба қойылғаны туралы 5 рет жалған хабар бергендер сол күйі табылмады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өскемен мектептеріне 5 рет  «бомба қойғандар» табылмады
701
оқылды

Өскеменде бірінші рет биыл 6 ақпанда сотқа және мектепке бомба қойылғаны хабарланған. 

Алайда тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат табылмады.

9 ақпанда Өскеменде тағы да мектепке бомба қойылғаны туралы хабар түсіп, оқушылар мен мұғалімдер эвакуацияланған. Тексеру нәтижесінде бомба жоқ болып шықты.

Сондай-ақ 10 ақпан күні қаладағы 26 мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабар түскен. 

14 ақпанда түскі уақытта 23 мектепке бомба қойылғаны туралы хабарланды. Алайда бұл хабар да жалған болды. Осылайша, белгісіз біреулер 9 күнде мектепке бомба қойылғаны туралы 5 рет жалған хабарлаған. 

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, аталған барлық факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 273-бабымен (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды.

«Қылмыс жасаған адамдар анықталған жоқ. Соған байланысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды», - делінген ақпаратта.