Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жолдау­ларында елдегі әрбір отбасы ұлттық байлықтың игілігін көруі қажет екенін айтты. «Сондықтан мен жариялаған балалар жылының ая­сында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асы­ру өте маңызды деп санаймын.
Ұлттық қордың игілігін өскелең ұрпақ көреді
763
оқылды

Бұл қаражат өскелең ұрпаққа үл­кен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор шын мәнінде ұлт­тық мәртебеге ие болады және халықымыздың игілігіне қызмет ете­ді. Жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тап­сырамын», – деді Президент. Ендігі жерде Ұлттық қордағы инвес­тиция­лық табыстың тең жартысы балалардың есепшотына түсіп оты­рады. Келешек ұрпақ үшін қолға алынуы тиіс маңызды жобаның іске асуына «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары мұ­рындық болып отыр. Сол себепті «Ұлттық қор – балаларға» жо­ба­сының игілігі туралы өздерінен сұрағанды жөн көрдік.

Берік БЕЙСЕНҒАЛИЕВ,

Мәжіліс депутаты: 

– Заң жобасы­на өзім жетекшілік ет­тім. Құжатты ко­ми­тет отырысында ег­­­­жей-тегжейлі қа­рап, қорытын­ды­сы­мен таныс­тыр­дық. Мәжіліс де­путаттары бір дауыспен қол­дап, бекіттік. Бұл құжат балалардың бо­лашағы үшін бү­гін­нен кешіктірілмей қабылдануы қажет. Өйт­кені Президенттің бастамасымен жү­зеге асып отырған заң жобасының артық­шы­лығы көп. 

Өздеріңіз білесіздер, Парламент Мә­жі­лі­сінің жалпы отырысында «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық ак­ті­леріне Қазақстан Республикасының Ұлт­тық қорынан балаларға төлем жасау мә­селелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы екін­ші оқылымда  мақұлданды. Парламент де­путаттары бастамашы болған құжат Мем­лекет басшысының «Ұлттық қор – б­а­лаларға» жобасын іске қосу қажеттілігі тура­лы былтырғы тапсырмасын іске асыру мақ­сатында әзірленді. 

Оның мақсаты – елдегі барлық бала кә­­мелетке толған кезде Ұлттық қордан өзі­не тиесілі үлесін алуға мүмкіндік беру. Яғни қордың инвестициялық табысынан қа­лыптастырылған жинақтар есебінен еліміздің аумағында тұрғын үй сатып алуға, үй жағдайын жақсартуға, Қазақстанда немесе шетелдік оқу орындарында білім алу­ға қолдау көрсетуге бағытталған.  Жи­налған қаражатты қандай мақсатқа жұм­сайтынын бала 18-ге толған кезде өзі ше­шеді. Көріп отырғандай, жобаның негізгі мақ­саты сол, барлық балаларға тең көз­қа­рас қамтамасыз етіледі. Баланың жарық дүниеге келген күнінен бастап немесе осы елдің азаматтығын алған күннен бастап 18 жас­қа толғанға дейін нысаналы жинақтау шо­тына тең сома аударылады. Сонда Ұлт­тық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысынан қалыптасқан қаражаттың 50 пайы­зы аударылатын болады. 

Жобаның операторы ретінде әлеумет­тік жобаларды іске асыру бойынша көп­жыл­дық тәжірибесі бар екені ескеріле оты­рып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қо­рын айқындадық. Ал зейнетақы қоры ау­даратын нысаналы жинақтау төлемдерін есептеу үшін банктік шоттар ашуды және жүр­гізуді жүзеге асыратын уәкілетті опе­ра­торлар болып екінші деңгейдегі банктер мен «Қазпошта» акционерлік қоғамы таң­далып отыр. Бұл ретте Бірыңғай жи­нақ­тау­шы зейнетақы қорына ақпараттық жүйеде қатысушылардың талаптарын есепке алу, жинақтау шоттарын ашу және оларда мақсатты жинақтарды тіркеу мен есеп жүр­гізу, жинақтарды төлеу сияқты функ­ция­лар беріледі. Сондай-ақ зейнетақы қо­рына интернет-ресурс және элект­рон­дық үкімет веб-порталының жеке кабинеті ар­қылы талаптар мен жинақтардың со­ма­сы туралы мәліметтерді азаматтарға ұсыну­ды міндеттеп отыр. Осы арқылы балаларға бөлінетін қаражатты бақылауға мүмкіндік туады. Екіншіден, барлық шоттар мен жи­нақталған қаражат әр бала үшін жеке бо­лады. Қаражатты пайдаланудың кейбір те­тіктеріне ақшаны туыстарымен бірігіп жұм­сау қарастырылады. Яғни «Отбасы Бан­кінің» тұрғын үй құрылыс жинақ жүйе­сінің отбасылық депозиттерінің қол­да­ныс­тағы тетігі шеңберінде қаражатты мақсатты пай­далану жағдайында ғана ақшаны туыс­тармен біріктіріп жұмсауға болады.  

Бұдан бөлек, қаражат АҚШ доллары­мен жинақталады. Бұл шоттарға тыйым салуға, олардан қаражат өндіріп алуға және шектеулердің басқа түрлерін қолдануға бол­майды, оларға салық салынбайды. Сон­дай-ақ арнайы қаражатты мерзімінен бұ­рын алуға да болмайды. Егер азамат 10 жыл­дың ішінде ақшаны нысаналы мақ­саттарға жұмсамаса, онда ол қаржы сол аза­маттың зейнетақы шотына аударылады. Аза­мат қайтыс болған жағдайда жинақ­тал­ған қаражатты алу құқығы оның мұра­гер­леріне өтеді. Бала қаражатты қолдануға қа­білетсіз болса, ата-анасына немесе қам­қоршыларына заңнамада белгіленген тәр­тіппен пайдалану құқығын беру қарас­тырылған. Ал бала азаматтығынан айы­рылса немесе ауыстырған кезде төлемдерге талап қою құқығы жойылады.  

Сонымен бірге заңның жобасына сәй­кес, бала Қазақстан азаматтығын туға­ны­нан емес, жүре келе алса, онда азамат атан­ған жылдардағы уақытына төленеді. Бұл қалай? Мәселен, 10 жасында азаматтық алды делік, онда ол балаға сәйкесінше 8 жыл қордан ақша төленеді. Демек, аза­мат­тығы жоқ балаларға Ұлттық қордан төлем тө­ленбейді. Олар бұл бағдарламадан тыс қа­лады. Өйткені бұл бағдарлама Қазақстан азаматтығы бар балаларға ғана арналған.  Қаражат олардың әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, нәсiлi мен ұлтына, жынысына, бiлi­мiне, тiлiне, дiнге қарамастан, барлы­ғына тең бөлінеді.

Үнзила ШАПАҚ, 

Мәжіліс депутаты: 

– Қазір қоғам­да бала он сегіз жас­­қа дейін қанша қа­ражат жинайды де­ген сұрақтар қойы­­лып жүр. Ен­гі­­зілгелі отырған бағ­­дарлама Ұлт­тық қордағы жинақтаушы жинақтарды пай­даланудағы алғашқы тәжірибе бо­ла­тындығын, сондай-ақ Ұлттық қордың ин­вестициялық кірісі оң не­месе теріс бағытта құбылмалылыққа ұшырайтынын ес­кере отырып, жылдық төлемдерді есеп­теу үшін Ұлттық қордың 18 жылдағы ор­та­ша жылдық кірісін пай­далану ұсынылып отыр. Бұл қысқамерзімді құбылмалы­лық­тың ұзақмерзімді кірістерге әсерін азайту үшін қажет. Оған қоса, шотта жинақталған қаражат жұмыссыз жатпай, оған сыйақы есеп­телінетінін атап өту керек. Яғни, қара­жат көлемі инвести­ция­лық кіріс мөлшеріне байланысты болады. Ол соманы дәл қазір нақты болжау мүмкін емес. Бұл ретте Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ал­дағы жеті жылда Ұлттық қордың актив­те­рін 100 миллиард долларға дейін ұлғайту­ды тапсырды.

Жалпы 2024 жылдан бастап іске қо­сы­латын Президенттің тапсырмасы елімізде жүр­гізіліп жатқан әділетті Қазақстан құру­да­ғы реформалар, оның ішінде өскелең ұр­пақ келешегі үшін маңызды істердің бірі болмақ.  

Биылғы инвестициялық табыстың 50%-ы дайын тұр. Президент «Мемлекеттік қар­жыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұ­жырымдамасын бекіту туралы»  өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы жар­лық­қа қол қойғанын білесіздер. Яғни, «Ұлт­тық қор қаражатын пайдалану» та­рауына қосымша тармақша енгізілді. Енді Заң жобасын Сенат мақұлдаса, Прези­дент­ке жолданады. Құжат толық күшіне енген күн­нен бастап келесі жылдан бастап бала­лардың есеп шотына төлем түседі. 

Балаларға бөлінген қаржыны екі мақ­сатқа ғана пайдалануға болады. Бірі – үй алу­ға, екіншісі – білім алуына жұмсалады. Бір­ақ жиналған қаржыны кәмелетке тол­ғаннан кейін ғана қолдана алады. Ең маңыз­дысы, қаражатты тек Қазақстан ау­ма­ғында пайдалануға рұқсат етіледі. 

Ұлттық қордың инвестициялық табы­сының 50%-ы 18 жасқа дейін барлық жас­та­ғы балалар арасында теңдей бөлінеді. Ин­вестициялық табыстың жекелеген уа­қыт аралықтарындағы ықтимал теріс мән­дерін болдырмау мақсатында оның 18 жыл­дағы орташа жылдық мәні негізінде ай­қындауды ұсындық.  Осы Заң жобасы шең­берінде 6 кодекс пен 10 Заңға толық­тырулар мен өзгертулер енгізілді. Оның ішінде, Ұлттық қор қаражатын балаларға есеп жүргізу мен төлемдерге пайдалану те­тігі енгізілді. Өндіріп алуға және осы со­маны басқа да ықтимал шектеулерге жол бер­меу нормалары түзілді. Сондай-ақ мем­лекеттік органдардың құзыреттері нақ­тыланып, қаражатты мақсатты пайдалану анық көрсетілді. 

Ерекше айтып кететіні, 18 жасқа тол­ған­нан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Көрсетілген кезеңде аза­мат тарапынан талап етілмеген жағдайда шот­тағы қаражатты сол адамның зейне­та­қы шотына аудару ұсынылады. Жобаға қатысу үшін қандай да бір мемлекеттік ор­ганға жүгінудің қажеті жоқ, есептеулер ав­томатты түрде жүзеге асырылады. Се­бе­бі, есепке алуды БЖЗҚ өзі жүргізеді. Маңыз­дысы, бұл қызмет үшін ешқандай са­лық салынбайды, комиссия ұсталын­байды. Сондықтан жобаның жақсы жағы же­терлік. Бұл дегеніңіз – Ұлттық қор тек аты ғана емес, толықтай ұлттық болады де­ген сөз. 

Жадыра МҮСІЛІМ