Күні кеше қазақ театрының қоржыны тағы бір туындымен толықты. Алматыда «Шам» театрының ұжымы жаңа маусым шымылдығын «Иран конференциясы» атты қойылыммен ашты.
Сананы сілкіндірген «Иран конференциясы»
1,303
оқылды

Қойылым ресейлік драматург әрі режиссер Иван Вырыпаевтың «Иран конференциясы» пьесасына негізделген. Ал тырнақалды туындының режиссері, көркемдік жетекшісі – Фархад Молдағали. Премьерада елімізге белгілі өнер майталмандары бой көрсетті. Олардың қатарында Самал Еслямова, Еркебұлан Дайыров, Асан Мажит, Зарина Кармен, Сағызбай Қарабалин, Ерлан Біләл, Дархан Сүлейменов және т.б актерлер бар. 

«Иран конференциясы» – адам­заттың заманауи мәселе­леріне түрлі пікірлерді айқын­дайтын философиялық мәндегі көркемдік дәрежесі жоғары, салмақты қойылым. Конфе­рен­цияға жиналған сегіз спикерден сегіз түрлі көзқарас мен толға­ныс­ты бағамдауға болады. Пікір­лер бір-біріне қарама-қайшы болса да, әрқайсының сөзінен мән-мағына таба аласыз. Сегіз спикердің талқылауында әлемге ортақ мәселелер қаузалады. Қо­йы­лым режиссері Фархад Мол­дағали «Иран конференциясы­ның» біз өмір сүріп жатқан қоғам үшін маңыздылығын түсіндіріп өтті.

– Мен пьесаны алғаш рет оқы­дым. Екі спикердің моно­логі­нен кейін пьесаның қойы­лым­ға айналарын түсіндім. «Иран конференциясы» – бізге керек шығарма. Маңызды жиын Дания елінде өткенімен, «Иран конференциясы» аталғаны­мен мұнда әлемге ортақ мәсе­ле­лер тал­қыланады. Жаһандық деңгей­дегі осындай мысалдарды көрер­менге ұсынсақ деген ние­тіміз еді. Қойылымда маңызды дүниелер өте көп. Қазір Ресей мен Ук­раина­ның соғысы, Түр­кия­дағы жер сілкінісі, Иранда өршіп тұрған дін мәселесі, Еуро­падағы оқиғалар сынды оқиға­ларды көріп жүрміз. Мұндай қақ­тығыстар көбейген сәтте адам­да іштей сұрақ туындайды. Осы өзгерістердің бәріне өзіңше жауап іздейсің, – дейді ол. 

Сондай-ақ режиссер мұндай қойылымдар көрерменнің әлем­дік мәселелерге деген жеке ой-пі­кі­рін қалыптастыруға мүм­кін­дік беретінін тілге тиек етті. Оның сөзінше, мұндай форма­да­ғы пьесалар елімізде жиі қойы­ла бермейді. Актердің кәсіби дең­гейін өсіруде де қойылымның маңызы айрықша көрінеді. 

– «Иран конференциясы» – нағыз дамыған актерлердің бір деңгейге жетіп, одан әрі келесі деңгейге өткісі келетіндерге арналған шығарма деуге болады. Өйткені мұнда сахнаға шыққан бір кейіпкер 15 минут, тіпті жарты сағат ішінде көрерменді вакуумның ішінде ұстап тұруға тиіс. Бұл үлкен шеберлікті талап етеді. Ал шығармадағы кейіпкер­лердің болмысын ашу үшін актер­лік құраммен бірге қажырлы еңбек жұмсалды. Процесс оңай болған жоқ. Бұл жаңа драма болғандықтан, актерлер қанша талантты, тәжірибелі болса да сәл-пәл қиындығын туғызды, – дейді режиссер Ф.Молдағали.

Конференция жайлы аз-кем ақпаратпен бөліссек. Қойылымда шешімін табу күннен күнге күр­де­леніп бара жатқан қақты­ғыс­тар­­дың себебі мен салдары баян­далады. «Бүгінде батыс әлемінде де, шығыс әлемінде де әртүрлі елдер бар. Бір-біріне мүлдем ұқ­са­майтын неше түрлі саяси және діни структуралар қалыптасып кеткен. Сондықтан әлемді батыс, шығыс деп бөлу мүмкін емес. Біз бұл қақтығысты ең әуелгі екі түсінікпен тарқатар едік: бірі – «діни дәстүршілдік», екіншісі – «гуманистік рационализм». Бір ретте белгиялық әріптесіміз: «Екі күш күресіп жатыр. Алла мен кока-кола» деп әзілдеп айтып еді. Бұл – қалжың. Десе де, Шекспир­дің Гамлетіндегі Полоний айт­пақ­шы, «Бұл есуастық болса да, ақылға қонымды». Конферен­ция­ның алғы сөзі терең мазмұнға ие осындай пайымдаудан бастау алды.

«Шам» театры – қойылым­дары қазақ тілінде қойылатын еліміздегі тәуелсіз шығарма­шылық ұжым. Бүгінде жас театрдың бір жылға жуық уақыт ішінде бағындырған белесі де жоқ емес. Солардың бірі, ticketon.kz сайтының нұсқасы бойын­ша өткен байқауда «Жыл спек­таклі» мен «Жыл премьерасы» атты қос номинацияға ие болды. Естеріңізге салсақ, «Шам» театры былтыр күзде қазақстандық беделді актерлердің қатысуымен өткен «№37» премьерасымен тұ­са­уын кескен еді. Бір жылда 14 мың­­нан астам көрермен тамаша­лаған қойылымның көрсетілімі республикамыздың 10 қаласында аншлагпен өтті.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы