Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алғашқы медициналық-санитарлық көмектің (МСАК) қолжетімділігін арттыру мәселелері қаралды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Тұрғындар дәрігерге қаралу үшін ұзын сонар кезекте тұрады – Смайылов
840
оқылды

Премьер-Министр кейінгі жылдары медициналық көмектің қолжетімділігі жақсарып келе жатқанын айтып өтті. Мәселен, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін аурулардың тізбесі едәуір кеңейді. Оңалту қызметтері де қолжетімді бола түсті. 

Амбулаториялық-емханалық көмекті қаржыландыру көлемі өсті. 

Сонымен қатар жаңадан денсаулық сақтау объектілері іске қосылып жатыр. Бұл, әсіресе, білікті медициналық көмекке мұқтаж ауыл тұрғындары үшін аса өзекті. 

«Бірақ проблемалар әлі де бар. Мысалы, халық кейбір мамандарға қаралу үшін ұзын сонар кезекке тұрғанына, сондай-ақ медициналық жабдықтардың жеткіліксіз екеніне шағымданады. Түрлі аурулар бойынша есепте тұрғандарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде да мәселелер бар. Өңірлердің әкімдіктері алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге барынша жауапкершілікпен қарауға тиіс. Оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жауапкершілікпен іске асыру керек», – деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысының айтуынша, медициналық көмек адамдардың мекенжайына қарай жақын жерде көрсетілуі тиіс. 

Оған қоса, медициналық ұйымдардың бірінші басшылары менеджмент сапасын арттыруға баса көңіл бөлуі тиіс. 

«Кейде басқару мен үйлестіру жұмыстарының кемшілігіне байланысты адамдар қажетті емді немесе дәрі-дәрмекті уақытында ала алмай қалады. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, осы мәселелер бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруы қажет», – деді Премьер-Министр.