Парламент Сенатында «Мүгедектігі бар адамдардың өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті.
Сенат жанынан Инклюзия жөніндегі кеңес құрылады
1,231
оқылды

Іс-шараға Сенат, мәслихат депутаттары, министрліктердің, облыс әкімдіктерінің, халықаралық ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығының және қоғамдық ұйымдардың басшылығы мен өкілдері қатысты.

Палата Спикері Мәулен Әшімбаев өз сөзінде мүгедектігі бар азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетудің маңызды екенін айтты. Сондай-ақ ол Әділетті Қазақстан дегеніміз – бірінші кезекте, инклюзивті қоғам екеніне назар аударды. Осыған орай Сенатта Инклюзия жөніндегі кеңес құрылмақ. Кеңес мүшелері аталған бағытта тиісті ұсыныстар әзірлеп, оларды іске асыру жолдарын талқылайды.

«Сенат жанынан Инклюзия жөніндегі кеңес құру Қазақстанда толыққанды инклюзивті орта қалыптастыруға ықпал етуді көздейді. Кеңес аясында сапалы және тиімді заңнамалық ұсыныстар әзірленеді деп сенеміз. Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта қалыптастыру және оларды әлеуметтік қорғау мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде Әлеуметтік кодекс қабылданды. «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға» факультативтік хаттама ратификацияланды. Сондай-ақ Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар іске асырылып жатыр. Мүгедектікке қатысты проблемаларды шешу кезінде медициналық және қайырымдылық тәсілдер парадигмасынан бас тарту қажет. Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғаудың, оларды қоғамға бейімдеудің, жұмысқа орналастырудың және өз әлеуетін іске асырудың тиімді жүйесін құру керек. Осындай нақты істер мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарта түсетіні сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы балалар арасындағы мүгедектік мәселесіне жеке тоқталып, елімізде медициналық қызметтердің сапасын арттыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға қатысты негізгі міндеттерді атап өтті. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ортаға толық бейімделуіне, еңбекке жарамдыларды жұмыспен қамтуға, ерекше қажеттілігі бар балалардың әлеуетін толық ашуға жағдай жасау маңызды бағыттардың қатарында екенін тілге тиек етті.

Кездесу барысында айтылған ұсыныстар мен бастамалар «Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы» заң жобасын әзірлеуге тың серпін беруге тиіс. Жиында мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіретін және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын іске асыруға бағытталған саясатты жүргізетін жеке орган құру мәселесі де сөз болды. Алдағы уақытта сарапшылар бұл бастаманы зерделейді. Дөңгелек үстелде барлық деңгейдегі әкімдердің рейтингіне мүгедектігі бар адамдардың құқықтарына байланысты шараларды іске асыру үшін жауапкершілікті енгізу және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын іске асыру бойынша тәуелсіз мониторинг тетігін құру сияқты ұсыныстар да айтылды.