Күн өткен сайын Азия ойындарының тартысты бәсекесі қыза түсуде. Ке­ше стендтік атудан Қазақстан әйелдер құрамасы алтын медаль жеңіп алды.
Алтынды көздеген мергендер
756
оқылды

Ко­манда құрамында Зоя Кравченко, Әсем Орынбай және Ольга Панарина бар. Осылайша, медальдар кестесінде Қазақстан құрамасы 16-орыннан 11-орынға көтерілді. Еншімізде 1 алтын, 2 күміс, 7 қола медаль бар. Ме­даль­дар кестесінде Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония құрамалары ал­ғаш­қы үштікте келеді.

Стенд атудың скит бағдар­лама­сы бойын­ша мергендігін сынаған елі­­міздің әйелдер құра­масы финалда қар­­сы­ластарынан басымдық та­ныт­ты. Әсем Орын­­бай, Зоя Крав­­чен­ко, Ольга Пана­ри­­на жазғы Азия ойындарында рекорд жаңар­тып, Қазақстанға Ханчжоудағы до­дадан ал­ғаш­қы ал­тын медальды алып бер­­ді. Мер­ген қыздар Қытай мен Таиланд ко­мандасынан оқ бойы озды.  

 – Қыздарды осы тарихи жеңіс­пен құт­­тықтаймын! Алтын медаль­дан басқа, біз­дің спортшылар да жаңадан жарыс ре­кор­­дын орнат­ты, бұл жеңісті одан да әсер­лі ете­­ді. Естеріңізге сала кетейін, Алма­ты об­лысында стенд атудан Әлем кубогында біз­дің құрама бірінші жалпыкомандалық орын­ға ие болған. Бүгін бүкіл Азия құр­лы­ғы бұл жеңісті кездейсоқ жетістік емес еке­­ніне көз жеткізді, – деп мәлімдеді Ту­ризм және спорт министрі Ермек Мар­жық­­паев. 

Көп ұзамай Стенд атудың скит бағ­­дар­ламасында Әсем Орын­бай 45 рет нысананы дәл көздеп, қо­ла жүлде ен­шіледі. Осылайша, мер­­ген­деріміз жарыс кү­нінде жан­күйер­леріне қос қуа­ныш­ты қа­тар сыйлады. 

Дзюдошылар мен мергендер жарады

Жарыстың алғашқы күні дзюдошы­лары­мыз бір күміс, төрт қола еншілеген еді. Жалпы, биыл дзюдодан ұлттық құрама ша­ша­сына шаң жұқтырмай келеді. Азия ойын­дарының төртінші күнінде де дзю­дошы Нұрлыхан Шархан 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, қола ме­даль жеңіп алды. Нұрлыхан ақтық белде­су­де Оңтүстік Кореядан келген Джон­хун Вон­мен кездесті. Нәтижесінде, қазақ спорт­шысы иппон әдісімен жеңіске жетті. Көп ұзамай біз жеңіс күтпеген спорт түр­лері­нен де қанжығамызға медаль келіп түс­ті. Атап айтсақ, Эльмир Әлім­жанов сем­­­­серлесуден Азия ойын­дарының қола ме­далін иеленді. Отандасымыз жартылай фи­налда Жапония өкілі Коки Канодан жеңі­ліп қалды. 

Ал жарыстың үшінші күні10 метрден пнев­матикалық винтов­ка­дан оқ атудан ара­лас командалық сайыста Ислам Сат­паев пен Алек­сандра Ле қола жүлдеге ие болды. Медаль үшін күресте Қа­зақ­стан құ­ра­ма­сы­ның спортшылары Иран ко­ман­дасын 17:11 есе­бімен жеңді. Естеріңізге са­ла кетейік, Ни­кита Чирюкин жылдам аты­латын та­пан­шадан Азиаданың қола ме­­далін жеңіп алған болатын. 

Қоржынымызға екінші күмісті нысана кө­з­деуден ерлер құрамасы салды. Құра­мын­да Бақтияр Ибра­ев, Андрей Худяков және Асадбек Назиркулиев бар қазақ­стан­дық­тар 10 метрден жылжымалы нысанға оқ атудан екінші орынға көтерілді. Қазақ­стан құрамасы индонезия­лық­тардың ал­дын орап кеткені­мен, соңғы сында оң­түс­тіккореялық­тарға есе жіберді. Осылайша, соңғы дерек бойынша қор­жынымызда 1 алтын, 2 күміс, 7 қола медаль бар. 

Димаштың жанкүйерлері қолдады

Азия ойындарында Қазақстан спорт­шы­лары жергілікті жанкүйер­лердің ыстық ықыласына бөленіп жатыр. Туризм және спорт минис­тр­лігі баспасөз қызметінің ха­бар­лауынша, біздің құрамаға Қытайда оқып жатқан студенттер, қандас­тармен қатар жергілікті спорт жанкүйерлері де қолдау білдіріп отыр. Сон­дай-ақ Азиадада жүрген ерік­тілердің ара­сын­да Қазақстан спорт­­шы­ла­ры­на қолдау біл­­­діре­тін­­­дер көп. Олардың кө­бі Димаш Құ­дайбергеннің жан­күйерлері екен. Жастардан бөлек, әлем­ге әйгілі әншінің өне­рін бағалайтын ере­сек­тер де отандас спорт­шы­ларға ыстық ықы­лас біл­діріп жатыр. 

– Мен Ди­маш­­тың жан­­күйе­рі­­мін, кон­­церт­­те­рін көргенмін. Қа­зақ­станның спорт­­­шылары мен жан­күйерлеріне алыс­тан келіп, Азиадаға қатысқандары үшін ал­ғыс білдіреміз. Бұл өз еліне және спорт­­­қа деген сүйіспеншіліктің дә­лелі, – дейді Азия ойындарын та­ма­шалауға Бейжіңнен келген Лю Пэнчжань.

Ал кеше Азия ойын­да­рына қатысу­шы­лардың ал­­ғашқы легі елге орал­­ды. Оларды спорт жан­кү­йер­­лері сән-сал­та­нат­­­пен қа­р­­сы ал­ды. Спорт­­шы­ла­р­­дың ара­сын­да Азия ойын­да­рын­да бессайыстан ал­ғаш рет Олим­пиада лицен­зия­сын жеңіп алған Еле­на Потапенко мен Георгий Боро­да-Ду­дочкин бар.

Көктем ҚАРҚЫН