Шымкентте маусым айында қала күні қарсаңында бірнеше ны­сан пайдалануға берілген. Олардың бірі – көптен күттірген 500 орындық заманауи Оқушылар сарайы.
Оқушыларға мүмкіндік туғызған орталық
1,040
оқылды

4 ауысымда жұмыс істейтін заман­ауи ғимарат балалар шығарма­шылығын дамытуға жол ашады. Ол балалар­дың бос уақытын тиімді ұйымдас­тыруға арналған. 

Заманауи жабдық таланттылардың шабытын шыңдайды 

Хансұлтан Ерлан – Шымкенттегі жаңа­дан ашылған №2 Оқушылар сарайын жаңа аттаған жасөспірім. Талапты да талантты ұл. Жеткіншек  негізгі сабақ­тары­нан бөлек фортепиано, барабан се­кілді үйірмелерді де үйіріп әкетті. Оқушы­лар сарайының ашылғанына небәрі екі ай, ал Хансұлтан фортепианоның пернелерін еркін басады. Ұрмалы барабанды дабыратқанда бір орын­да тыныш, бейжай отыра алмайсыз. Деле­беңіз қозып, әдемі музыканың әуенімен билей жөнелесіз. 

Шымкент қаласы білім басқармасының №2 Оқу­шылар сарайында Хансұлтан сияқ­ты дарынды балалар көптеп табылады. Оған өзіміз осы мейірім мен жылулық ме­ке­ніне қадам басқанда көз жеткіздік. 

…Ақбоз арғымақтай аппақ ғимарат алыстан менмұндалап көз тартты. Заман­ауи мекеменің ауласына кіргеннен айрық­ша жылы атмосфера сезілді. Кіреберістен жылы жүзді қызметкерлер күлімдеп қарсы алып, үйірмелер жайлы, оларға қалай тір­келу керектігін, ол үшін міндетті түрде 075 медициналық форманың болу қажет­тігін айтып түсіндіріп жатыр. Ал мекеменің директоры Данияр Егізбаев бізді үйір­ме­лерге бастап әкетті. 

– Бізде үйірмелер 6 бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, спорт және сауықтыру, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және жастар қозғалысы, өнер және музыкалық, көркем-эстетика­лық бағытта 54 түрлі үйірме жұмыс істеп жатыр. Үйірмелердің ішінде әсіресе, бас­сейн, футбол, журналистика, ағылшын үйірмелеріне сұраныс мол. Қазірде 5000-ға жуық бала тіркеліп, үйірмелерге қатысып жүр, – деді Данияр Дүйсенбайұлы жұмыс барысымен таныстырып. 

Бірінші қабатта кіл шығармашылық үйірмелер орналасыпты. Әуелі көркем-эстетикалық бағыттағы үйірмелерге бет алдық. Мына бір кабинетте сүп-сүйкімді жеткіншектер майлы бояумен сурет салуға арналған кенепті шимайлап отыр. Біздің кіргенімізді байқаған да жоқ. Натюрморт­тың қызығына сүңгіп кеткен. 

Одан кейінгі кабинетте – ағаш өңдеу үйірмесі. Үйірме жетекшісі Мұрат Желді­баев­тың айтуынша, бұл үйірме он саусағы­нан өнері тамған баланы тәрбиелеу, шә­кірт­тердің шеберлігін, білім мен еңбегін көрсету, іскерлік, икемділік қабілеттерін арттыру, тәрбиелік дағдысын қалыптас­тырып, еңбектену жұмысына төзімділігін арттыруды мақсат етіпті. 

«Оқушылардың ойлау қабілеті мен жүйке жүйесінің жақсаруына Құмыра жасау үйірмесінің септігі мол. Өңделген кәсіби лай-балшық, қышпен неше түрлі формалар, құмыраларды қазақи нақыш­тағы ою-өрнекпен сәндеп жасаймыз. Лайдың неше түрі болады. Мысалы, Шымкенттің лайы қою қоңыр болады. Басқа елдер мен өңірлердің лайы ақшылдау келеді. Әсіресе, Қытайдың лайы өте ақшыл түсті. Бірінші саз-балшықты илеуге арналған арнайы құрылғыда күйдіріп алып, құмыра, түрлі ыдыс-аяқ жасаймыз. Сосын дайын бұйым­ды пеште кептіреміз. Кептірілгеннен кейін бояуын жағып, суреттер саламыз», – дейді үйірме жетек­шісі Ақмарал Қосбар­мақова дайын шәйнекті қолына алып. 

Құмыра жасау үйірмесі шығарма­шылық­ты шыңдауға таптырмас орын екені көрініп-ақ тұр. 

Он саусағынан өнері тамғандар да осында 

Ал қолына ине-жібін ұстап, тігіс тігіп отырған қыздар отырған кабинеттің қолөнер үйірмесі екенін жазбай тануға болады. 

– Оқушыларымыз үйіндегі киілмейтін киім, кәдеге аспай жатқан ескі бұйымдарды әкеліп, төсеніш, әр алуан жаңа бұйымдар жасап шықты. Еркін тақырыпта болған соң, балалардың қиялына шектеу қойма­дық. Одан соң мельхиордан зергерлік бұйым құрастыру арқылы әдемі бұйым, брошкалар, шашқа тағатын әшекей бұйым­дары, кестелер, жастықтар, биссер­ден моншақтар, көйлектерге арналған гүлдер, фермуарды пайдаланып әдемі сөмкелер жасап шықты, – деп үйірме жетекшісі Сал­та­нат Серікқызы оқушы­лары­ның аз уақыт­та жасаған кәдесый, бұйымдарын көрсетті. 

– Мәселен, мына жылтыраған қып-қы­зыл сөмкені неше күнде істеді? – дедік қы­зы­ғушылығымызды жасыра алмай. 

– Үш күнде.

– Оныншы сыныптың оқушысы бар болғаны үш-ақ күнде осындай тамаша сөм­ке істесе, онда бұл үйірме өз мақсатын орын­дап қойыпты, – дедік әзіл-шыны ара­лас. Ұлттық салт-дәстүрге сүйене оты­рып, ұлттық қолөнер бұйымдарын әдемі үйлесімділікпен жасап жатқан қолөнер үйірмесіне бізді өзіне еріксіз тартып қызығушылығымызды арттырды. 

Өнер және музыкалық бағыттағы үйір­ме­лердің қатарында домбыра, хорео­гра­фия, фортепиано, жетіген, қылқобыз, вокал, драма-актер шеберлігі, скрипка, саксофон, флейта, баян (аккардеон), ұрмалы барабан, гитара бар. Хореография залында сымбаты мен сәні жарасқан ерке қыздар мың бұрала билеп жүр. Әр каби­неттен әр түрлі аспаптың үні естіледі. Бейне бір Оқушылар сарайының оркестрі дерсіз. Мегаполистегі бірегей нысанның бас режиссері Сайранбек Дүйсембаев заманауи жабдықтармен жарақталған дыбыс жазу студиясы шәкірттер үшін таптырмас мүм­кіндік екенін айтады.  

 – «Драма-актер шеберлігі» үйірмесі таяуда ғана «Театрдың ғажайып әлемі» атты қалалық байқауға қатысып, қанжы­ғамызды майлап келген жайы бар. «Дебют» оқушы­лар театры К.Сергиенконың «Еркін иттер мекені» драмасымен қатысып, жүл­делі І орын­ды иеленді. Біздің оқушылардың сомдауымен бұл шығарма алғаш рет қазақ тілінде сахналанды. 15-ке жуық топтың ішінде №2 Оқушылар сарайының «Драма-актер шеберлігі» үйірмесінің шәкірті Назар Рамазан қазылар алқасының ше­шімімен «Үздік ері рөлі» номинациясымен марапат­талды, – дейді үйірме жетекшісі Жеңіс Тілекенов. 

Ғылыми-техникалық бағытта үйірме­нің көптеген түрі бар. Кипавтоматика, 3Д модельдеу, химия, физика, экология, биотехнология, роботехника, lego құры­лысы, гидропоника және баланың дамуы­на арналған бұдан басқа да 40-тан астам үйірме жұмыс істейді екен. 

– Заманауи құрылғымен жабдықталған зертханалар жас ғалымдардың тәжірибе жасауына зор мүмкіндік береді. Шымкент қаласында дәл осы ғылыми-техникалық бағыттағы үйірмелердің аналогы жоқ. Мәселен, биотехнология үйірмесіндегі VR көзілдірігі бар құрылғы қала бойынша бізде ғана бар. Дегенмен, бұл үйірмелерге сұра­ныс сәл аздау болып тұр. Сондықтан ғы­лымға қызығатын балаларды орталығы­мызға шақырамыз, – дейді Данияр Дүй­сен­байұлы. 

Мұнда сіз бен біз білмеген заманауи әдіс-тәсілмен оқушыларды ботаник, био­лог, агроном болуға баулитын үйірме бар екен. Гидропоника. Аты да, заты да ай­рықша кабинет.  

«Әсіресе, жеке секторда тұратын, қора­сында малы бар отбасы үшін баланы осы үйірмеге жазған өте дұрыс деп ойлаймыз. Неге? Себебі гидропоникаға келіп жүрген әрбір бала өсімдікті жер аудармай, топы­рақ­сыз-ақ өсіріп шығаруға болатынын үйреніп, меңгереді. Айтпақшы, малыңыз болса, жем-шөп керек деп шапқыла­масаңыз да болады. Үйірмеге қатысушы минералды қоректік заттарды суда ерітудің тәсілдерін біліп, жасанды жолмен шөп, гүл, қияр, болгар бұрышы, қызанақ, тағы да басқа қажетті өсімдіктерді өсірудің жол­дарын үйрене алады», – деп ерекше үйір­ме­нің жұмыс барысын түсіндірді жетекшісі Кеңесбек Нұрсәт. 

Айта кететін тағы бір нәрсе, мекеме директоры Данияр Егізбаев жуырда ғана Астана қаласындағы бірнеше Оқушылар сарайына арнайы іс сапармен барып, екіжақты серіктестікке қол қойып келіпті. Астана қаласы әкімдігінің «Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайы» және Sana жаңа ұрпақ орталығымен екіжақты мемо­рандум түзіп қайтыпты. Екіжақты серік­тестік аясында қос тарап инновациялық жобаларды бірлесе жүргізуге, ғылыми-әдістемелік семинарлар, ғылыми-прак­тикалық конференцияларда өзара ынты­мақ­тастықта тәжірибе алмасуға уағ­далас­қан. Айта кетейік, Шымкенттегі «Қамқор­лық» орталығындағы балалар енді оқушы­лар сарайындағы қызмет түрлерін тегін пайдалана алады. Демек, оқушылар үйі ғылыми бағыттан бөлек мүмкіндігі шектеулі жандарға басымдық беріп отыр.

Бір байқағанымыз, Оқушылар сара­йын­дағы барлық үйірмелер заманауи жабдықтармен жасақталған. Әр оқушының жан қалауы мен қызығушылығына қарай барлық мүмкіндіктер қарастырылыпты. Тек ниет ет те, кел, қалауыңдағы үйірмеңе қатыс, өс, біліміңді дамыт! Осы орталыққа қонақ болып келген белгілі журналист Бақтияр Тайжанның тілімен айтсақ, мұндай сарай түсімізге де кірмеген, барлық жағдай жасалып жатқан қазіргі оқушылар  расында бақытты. 

Көз алдымызда оқушылар бір үйірмеге келіп, екіншісінен шығып, тағы бірі үйіне, ендігісі мектебіндегі сабағына бет алып бара жатыр. Оқушыда да, ұстазда да қайна­ған қызу жұмыс. Бір сәт мойын бұру­ға ша­масы жоқ. Бұл сиқырлы сарайда бола­шақ чемпиондар мен жарық жұлдыз­дар тәрбиеленіп жатқанына еш шүбә кел­тірмедік. Таланттарға жол ашатын орта­лық­тан лайым мықты түлектер түлей бер­сін! 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы