Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауын жолдаған болатын.
Ғылым – экономиканың қозғаушы күші – Әділхан Байбатша
716
оқылды

Онда Мемлекет басшысы табиғи ресурсқа өте бай елімізде көзге ілінер геологиялық жаңалықтың болмағанын сөз етті. Міне, осы мәселені өзгерту керек. Ал енді елдегі геологиялық барлау саласын дамыту үшін не істеу керек, неден бастау қажет, қандай бағытты ұстанған дұрыс секілді сұрағымызға геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Байбатша Әділхан Бекділдаұлы өз ойымен бөлісті.

– Жаңа перспективалы алаңдардың болжамын қамтамасыз ету және оларға барлау геологиялық-геофизикалық жұмыс жүргізу үшін ең әуелі қажетті көлемде ғылыми-зерттеулерді қаржыландырудан бастау керек. Сонда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойған маңызды міндеттің бірі  минералдық-шикізат базасын молайту шешімін қамтамасыз ету мүмкін. Тіпті, Мемлекет басшысының өзі  минералды-шикізат базасын толықтыру үшін 2018 жылы қабылданған тау-кен секторын басқару жөніндегі жаңа заңнама толық көлемде жұмыс істемегенін әділ атап өтті. Шындығында да, бүгінде геологиялық сала шегіне келді деуге болады. Себеб қазір қолымыздағы экономикалық тұрғыда табысты деген кен орындар істеп тұр не болмаса таусылған. Ал  жаңа кен орындарының табылмағанына ондаған жылдар өтті. Мысалы, 2000 жылдардың басында қордың жағдайы шегіне жеткен деп бағалаған. Ал геология саласы кадрлар жетіспеушілігі, зерттеулердің аз қаржылануы, басқару жүйесіндегі өзара әрекетсіздігі,  Ұлттық дерекқордың толыққанды болмауы, геологиялық ақпаратқа онлайн байланыстың болмауы секілді проблемалар лек-легімен жиналып тұр. Мемлекет басшысының арқасында осы мәселелер толығымен шешіліп, елде тез арада түбегейлі экономикалық өзгерістер болады деп сенемін.

Жалпы алғанда, елдегі геологиялық барлау саласы мемлекет тарапынан мүлдем қараусыз қалды деуге болмайды. Себебі соңғы 2-3 жылда бұл салаға қаржы құйылып жатыр. Тіпті, осы жылғы бөлінген қаржы өткен жылдармен салыстырғанда үш есе көп. Ақша бөлінген соң зерттеудің көлемі де ұлғаятыны анық. Мысалы, Қытай елі ғылымды жаппай қаржыландырып, ғылыми лабораториялармен жабдықтап отырады. Соның арқасында олардың экономикасы өрлеп отыр. Қазір олар ғылыми-зерттеулердің нәтижесін пайдалана отырып, өнімді жұмыс істеп, оны қолжетімді бағада ұсына бастады. Осы тараптан алғанда, біздің де ұстанған бағытымыз дұрыс. Бірақ ғылым саласында салған күштің қайтарымы бірден бола бермейтінін ескеру керек. Ол көктемде егін егіп, күзде жинап алатын егістік емес. Ғылым өзінің нәтижесін уақытпен береді. Сондықтан қандай да бір нәтижеге жету үшін кейде жылдар өтеді. Себебі ғылыми идеяның материалдық құндылыққа айналуына уақыт қажет.  Сонда ғана біз қандай да бір нәтижеге қол жеткізе аламыз. Ғылым экономиканың қозғаушы күші екенін ұмытпауымыз керек.

 Біз – шикізатқа бай мемлекетпіз. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылымдағы Қазақстан  Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында: «Біздің елдің өндірістік әлеуетін толығымен іске қосуымыз керек. Себебі Қазақстан экономикасы әлі де пайдалы қазбаларды өндіруге тәуелді». Тоқ етерін айтсақ, оның негізі шикізат бола бермек. Алайда соңғы 10 жылдықтарда жер қойнауын пайдалану саласында толассыз мәселелер жиналып қалды. Оның үстіне, тау-кен өнеркәсібінің мүмкіндігін толыққанды іске асыруда геологиялық барлау жұмысының аздығы көлемін тежеп отыр. Салдарынан минералды-шикізат базасын толтыру қарқыны да баяулайды. Мұның бәрі игерілген жер қойнауының сарқылуы аясында болып жатыр. Минералды-шикізат ресурстарын тиімді және ұтымды пайдалану үшін заңнаманы жетілдіріп, оған қажетті рәсімдерді жеңілдеткені дұрыс. Әсіресе, геологиялық барлауға және пайдалы қазбалар мен кен орындарын игеруге инвестицияның маңызы болады. Міне, Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, осы бағытта Үкімет пен Парламент нақты шаралар қабылдауы керек, – деді ол.

фото: liter.kz