Алматыда 1-сыныпта оқитын балаға сексуалды сипатта зорлық-зомбылық әрекеттерін көрсету бабымен тергеу жүріп жатыр.
Алматы тұрғыны 1-сыныптағы баласы зорланғанын мәлімдеді
669
оқылды

Жекеменшік мектепте оқитын баласы зорланғанын анасы әлеуметтік желіде жазды.

«12 қыркүйек күні ұлым мектептен шалбары жыртылып келді. Келесі күні оны тігейін деп отырғанымда, көзім ақ дақтарды шалып қалды. Сол кезде баламның зорлық-зомбылыққа ұшырағанын түсіндім, жанымда үлкен қызым болған. Екеуміз полиция шақырдық», – дейді әйел.

Айтуынша, ұлы не болғанын айтпаған, бірақ оның психологиялық жағдайы 15 қыркүйектен бастап қатты нашарлаған. Ұйқысы бұзылып, қорқынышты түстер көріп, агрессия көрсететін болған. Қазір онымен психолог және психотерапевт жұмыс істеп жатыр.

Алматы қалалық Полиция департаменті бұл дерек бойынша тиісті сараптамалар тағайындалғанын хабарлады.

«Қылмыстық іс Бостандық ауданы Полиция басқармасында ҚР ҚК-нің 121-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелді. Істің объективті мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу шараларының кешені жүргізілуде. Тергеу барысы бақылауда», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полковнигі Нұрлан Алмасбеков.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмеді.