Тойға дайынсың ба, Семей?
Тойға дайынсың ба, Семей?
253
оқылды
Өткен аптада биылғы айтулы дата – Абай Құнан­байұ­лының 175 жылдық ме­рей­тойының ресми түрде шы­мылдығы түрілді. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкі­мет­тің кеңейтілген отыры­сын­да Абай тойының жауап­кер­шілігі қан­шалықты зор екенін атап көр­сеткен-ді. Ақын­ның кіндік қаны там­ған шы­ғыс өңіріне, әсіресе Се­­мей қаласына жеткілікті көңіл бө­летін сәттің келгенін тілге тиек ет­кен болатын. Осы орайда, Мем­ле­кет бас­шы­сының Семей қала­сы­на «Қа­зақстанның тарихи орта­лы­ғы» деген мәртебе бергені тағы бар. Президенттің Семей қаласы­ның 2020-2025 жылдарға арналған даму кезеңі үшін мемлекет бюд­же­тінен 260 млрд теңге бөлу туралы Үкіметке тапсырма бергені соңғы жылдары билік назарынан ұмыт бола бастағандай әсер қалдыратын семейліктердің келешекке деген үміт-сенімін оятты. Сол тұрғыда қаланы тарихи орталық деп танып қана қоймай, даму жолындағы жұмыстарға байланысты Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке сенім білдірді, тапсырма берді. Қазір қала тіршілігінің жанда­нып келе жатқанын ешкім де жоққа шығара қоймайды. Жаңа­дан «Қарағайлы» ықшамау­да­ны­ның бой көтергені, ондағы көпқабатты үйлердің қолданысқа беріле бастағаны ауыз толтырып атап айтуға лайық дүниелер. Бұл ауданнан әмбебап үшқабатты мәдени-спорттық кешен салы­нып, ел игілігіне берілгенінің де куәсі болдық. Бірақ әу баста «Абай аре­на» деген атпен айтылып жүрген нысан жай ғана мәдени-спорттық кешен болып аталғанда «Абайдың аты қайда қалды?» деген сұрақтың туындағанын несіне жасырамыз?! Абай атын асқақтатқанда алды­мен әкесі Құнанбай Өскен­байұ­лын ұлықтау керек екенін Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жыл­дың сәуір айында Шығыс өңірге жасаған сапарында айтқан болатын. Біздің пайым­дауы­мыз­ша, қажы бабамыздың атын ұлық­тау алдымен оның атына көше беру жайын шешуден бас­тал­са керек. Мәселен, Абай ауданына шығатын үлкен тасжолға апа­ра­тын Селевин деген орыс ғалы­мының атында көше бар. Олай болса, Шыңғыстауға жете­лей­тін Селевин көшесіне Құнанбай есімін неге бермеске?! Мұны да биылғы жылы билік ескерсе, Құнанбай Өскен­байұлына беріл­ген әділ баға болар еді. Айта берсек, мәселе көп. Туған қалам Семейге жолым түс­кен сәтте көп жайдың әлі де ше­шіл­мей жатқаны байқалады. Заман талабына сай енгізілген күнделікті қоғамдық көліктердегі электронды билеттендіруді жұрт әлі де түсіне алмай әлек. Жеке­мен­шіктегі қоғамдық көлік қо­­­жайындарына бұл өзгеріс жай­­­сыз тигендіктен, кейбір авто­бус­­тардың жүрісін тоқтатуына әкеп соққан. Айналып келгенде, одан қарапайым халық зардап шегіп отыр. Мәселен, қоғамдық көліктер­дің жаңартылу кезеңі басталғанға дейін қалада 42 бағыт бар болса, оңтайландыру кезінде он бағыт қысқартылып, бірқатар авто­­бус­тар­дың жүру бағыты ұзар­тыл­ды. Ал қаладағы үлкен өзгеріс ретінде қабылданған электронды билеттендіру 20 қаңтардан бастап қолданысқа енгенде №52 және №1 бағыттағы автобустар жүруін тоқтатқаны онсыз да проблемасы шаш-етектен болған қалада тағы бір мәселенің туындауына түрткі болды. Қолданыстағы автобустарға кіріп, электронды төлем қабылдайтын валидаторға карточкасын тигізу арқылы есеп айырысып жүргендер төлем­ге құйған 1000-2000 теңгесі екі тәу­лік­ке жетпей жоғалып кететінін алға тартып, әлеуметтік желіде өз ойларын айтып жүр. Бір реттік төлемақы 80 теңге болғанда, жо­ғарыдағыдай сома қалайша бірер тәулік ішінде ғайып болып кетеді?! Әрине, бұл жағдайдан қала билігі хабарсыз деуге болмас, дегенмен жұрт көкейіндегі жайды жасыруға негіз жоқ. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Қаланы дамытуға бес жыл­ға жоспарланған 260 млрд теңге кезең-кезеңімен жүзеге аса­тынына сенгің келгенімен, дәл биылғы Абай тойы туған жерін­де қалайша аталып өтетінін ойла­мас­қа шараң жоқ. Күні ертең той қонақтары ақын еліне ағылғанда «бәрі жақсы» көрінгенімен, кел­ген меймандар ішіп-жегеннен басқа да көргендерін бөліспей тұра алмасы анық. Сол кезде кең жолақты интернет желісінің ке­рек екені бірден білінеді. Абай ауда­нының үш ауылы – Медеу, Саржал, Тоқтамыс ауылдарымен қатар, М.Әуезовтің туған жері Бөріліде интернет ұстамайтыны да бет қызартатын шындық. Сайып келгенде, салтанатты түрде ашылған ақын тойы алды­мен көңілді күпті еткен жайлар­дың шешілуіне түрткі болуы тиіс деп ойлаймыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет оты­рысында өңір басшысы Даниал Ахметовке сенім білдіре сөйлеуінің де бір астары осындай мәсе­лелердің туындап отырғанын білгендіктен айтылса керек.   Әсем ЕРЕЖЕҚЫЗЫ