Бар-жоғы он шақты күн ішінде өгейдің қолынан үш бала қаза тапты. Бұл – жұртқа жария болған факті. Өгейден өктемдік көрген бала саны белгісіз...
Ажырасқан баласы бар әйелдің ер адаммен азаматтық некеде тұрғаны дұрыс па?
2,531
оқылды

Алматы облысы «Береке» саяжайында өртке орнаған үйден 7 мен 13 жастағы баланың анасымен бірге мәйіті табылды. Екіншісі, Алматы қаласында 19 жастағы ер адам 25 жастағы әйелмен бірге тұрған. Әйелдің 4 жасар баласын соққыға жыққан. Ауыр жарақат алған сәби жансақтау бөлімінде есін жимастан көз жұмды. Екі күдікті де ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Өкініштісі, өгейдің қолынан қаза тапқан балалардың жазығы не? Психологтардың пайымынша, азаматтық некенің бала үшін зардабы ауыр.

Заңды тіркелмеген некенің бала психологиясына әсері туралы кәсіби психолог, Қазақ психологиялық қоғамының мүшесі, «Жан дүнием» кітабының авторы Балжан Қанапияеваның пікірін білген едік. 

 

1. Ажырасқан әйелдің ер адаммен азаматтық некеде тұрғаны дұрыс па?

 – Жеке психологиялық көмегіме жүгінген қазақ әйелдерінің ең өзекті тақырыбы десем де болады. Азаматтық неке – бізге Еуропаның ықпалы арқылы келді. Қазақтың ұлттық болмысына жат қарым-қатынас. Осы азаматтық некенің әсерінен суицид, ішімдікке салыну, психологиялық зорлық-зомбылық балаға физиологиялық зорлық көрсететін жайттарды көремін. Бұл қарым-қатынас – шынайы махаббатпен емес уақытша қолдауға құрылған екі жұптың қарым-қатынасы. Азаматтық некенің артында үлкен бір жасырын психологиялық соққылар тұрады. Тек әлеуметтік жағдай жасап алған соң ғана жүрміз деп айтатын әйелдер де бар. Ал осындай қарым-қатынасты көрген баланың жай-күйін айтпасам да түсінікті. Егер де ажырасқан әйелдің баласы болса бұл атмосфера балаға да кері әсерін береді. Қазір не үшін бесіктен белі шықпаған балаға азаматтық некедегі ер адам әлімжеттік көрсетеді. Бұл – қоғам үшін аянышты жағдай. Біз шетелге еліктеуді доғаруымыз керек. 

2. Өгей әкесінен жапа шеккен балаға анасы қандай психологиялық көмек көрсетуі керек?

Біріншіден, баланың психологиялық жай-күйіне үңілеміз. Ұрсып, айқайлап маған бар шындықты айт деп балаға психологиялық қысым көрсетпейміз. 

Екіншіден, бала психологиялық оңалғанша қасында біраз уақытқа дейін анасы бірге болуы тиіс. Бала жалғыз қалмауы керек. 

Үшіншіден, баланың психикалық және физикалық денсаулығы психолог, психиатр, педиатрдың назарында болғаны дұрыс. 

Төртіншіден, ашық диалог арқылы бала жүрегінен орын алуға болады. 

Бала осы уақытқа дейін өгей әкесінен қандай да бір психологиялық қысым көп көрсе баланың анасы ойлануы керек. Бұл жерде әйел баланы алып кеткен дұрыс. Көп отбасы өгейдің өгей тірілігі үшін мен оны жақсы көремін деп тұратындар бар. Баланың тағдыры ойыншыққа айналады. 

Бірінші некеден кейін «мен жалғыз қалмауым керек» деп екі ортада шалыс басатын әйелдер көп. Әйел жан рақаты үшін өмір сүруді таңдады делік бала сол үйде өзін өгей сезінсе бұл қандай махаббат?.. 

Қазіргі қоғамда «бала ғой ұмытып кетеді, кішкентай ғой ештеңе етпейді» дейтін түсінік бар. Балаға адам деп қарағанда мұндай жантүршігерлік жағдайлар болмайтын еді. Бала психологиялық жан-жарақатын ұзақ уақытқа дейін ұмытпауы мүмкін. Әкімдік тарапынан осындай отбасындағы балаларға арналған оңалту орталықтары болғаны жөн. 

Бұған дейін Алматы облысында «Береке» саяжайында әйелді екі баласымен бірге өлтіріп, үйін өртеп жіберген қаскөй ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.

Фото: Almaty.tv