Абай университетінде 2008-2017 жылдар аралығында Абай атындағы ҚазҰПУ-ды басқарған белгілі ғалым-педагог, академик Серік Пралиевті еске алуға арналған «Білім беру стратегиялары: болашақ кадрларды даярлау» халықаралық педагогикалық форум өтті.
Академик Серік Пралиев атындағы конференц-зал ашылды
1,985
оқылды

Форумға Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тілеп, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев, еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлері, қазақ зиялыларының көрнекті өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар қатысты.

Іс-шара С.Ж.Пралиевтің ғылыми еңбектері көрмесінің ашылуымен басталып, отбасының демеушілік қолдауымен академик С.Ж. Пралиев атындағы конференц-залдың салтанатты ашылуымен жалғасты.

 

Форумды ректор Болат Тілеп ашып, іс-шараның маңыздылығын, ғалымның бүкіл саналы ғұмырын білім беру жүйесін жетілдіруге және жоғары білікті кадрлар даярлауға, сондай-ақ жалпы қазақстандық ғылымды дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Вице-министр Дархан Ахмед-Заки ел Үкіметі мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің құттықтау хатын оқып берді. Форумның маңыздылығын айта келе, мұндай шаралар еліміздің тарихы мен озық дәстүрін дәріптеуге, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға қызмет ететінін айтты.  

Форум барысында «Академик С.Ж.Пралиев: өмірлік жолы және ғылыми жетістіктері» бейнефильмі көрсетіліп, ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шара «Үздік ғылыми басылым» конкурсының жеңімпаздарын марапаттаумен аяқталды.

 

Халықаралық форум білім беруді дамыту және болашаққа педагогикалық кадрлар даярлау стратегияларын талқылау үшін отандық және шетелдік сарапшылардың басын қосты.

Форум аясында «Қазақстанда педагогикалық білім беруді ғылыми-зерттеушілік сүйемелдеу мен тұжырымдауға сұраныс» тақырыбында панельдік пікірталас; «Мектеп пен университет диалогы: жаратылыстану-географиялық цикл пәндерін оқыту әдістемесін жаңарту» тақырыбында дөңгелек үстел, білім беру мен ғылымның негізгі мәселелері талқыланған зерттеу топтарының отырыстары, сондай-ақ үздік оқытушылардың шеберлік сыныптары өтті.