Ұрпақ тәрбиесі – отбасынан бастау алады десек те, ғылымға негізделген әдіс-тәсілмен берілетін тәлім-тәрбие ісі көбінесе балабақшадан басталып, тәрбие мен білімнің алғашқы дәні мектепке дейінгі тәрбиеде беріледі.
Баланың тілін тапқан тәрбиеші
9,723
оқылды

Ал мектепте жан-жақты педагогика­лық өрісін табады. Әсіресе, бала­бақшадағы тәрбие бала табиғатына ерекше әсер етіп, оған өмір бойы өшпестей із қалдырады. Бала бойын­дағы жақсы қасиеттер мен мүмкін­діктерді ашып, олардың өнегелі де тәрбиелі болып тәрбиеленуіне бала­бақшаның маңызы зор екені белгілі. 

Отбасындағы ата-ананың ықыласы мен мейірімділігінен нәр алған бала балабақшада тәрбиешінің шұғылалы шуағына бөленеді. Міне, осындай іргелі қарашаңырақтың бірі – Шымкент қаласының «Тұлпар» шағын ауданында орналасқан МКҚК №56 «Тұлпар» бөбекжай-бақшасы. Ал осынау балабақшада талай бөбектің өсіп жетілуіне, үлкен өмірге қадам басуына үлес қосып жүрген қарапайым тәрбиешілер көп. 

Бала – еліміздің ертеңі, келешегіміздің келбеті

Әрбір үйдің еркесінің қас-қабағына қарап, ас-ауқатын аузына тосып, жаялығын ауыстырып, жағдайын жасайтын, олармен балаша сөйлесетін, солардың тілімен өмірге қадамды үйрететін ол – тәрбиеші. Ал осы­нау маман иесі көп жағдайда ескерусіз де қалып жатады. Біз ұстаздар күні қарсаңында осынау қызмет иесі туралы айтқанды жөн көрдік. 

«Тұлпар» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Сандуғаш Нұрымованың бала тәрбиесімен айналысып келе жатқанына тұп-тура 30 жыл болыпты. Онжылдықты тә­мам­дай салысымен «Тәрбиешілер» даяр­лайтын курстан білім алып, алғашқы еңбек жолын 1993 жылы №9 «Ақ қанат» сана­ториялық бөбекжай бақшасынан бастаған. Содан бергі кезеңде ширек ғасырдан аса уақыт бала жанының кілтін тауып келе жатқан тәрбиеші бүгінде тәжірибелі маман, ұжымында сыйлы, әрбір іс-шараның бел ор­тасында жүретін белсенді жан. Жұмыс іс­тей жүріп «Педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі» мамандығы бойынша жоғары білім алған Сандуғаш Қалиқызы «Тұлпар» бөбекжай-бақшасына 2015 жылы ауысып келген. Жұмысын жауапкершілікпен атқаратын ол мамандығын мақтан тұта­тынын айтады. «Біздің өміріміздің мәні де, сәні де, салтанаты мен махаббаты, мәртебесі де бала. Бала – біздің болашағымыз. Еліміздің ертеңі, келешегіміздің келбеті. Ол – әр шаңырақтың шаттығы, қуанышы, баға жетпес бақыты. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, алдыңдағы баламен үздіксіз жұмыс істеп, оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, ертең еңбегіңнің нәтижесін көруде бір-бақыт», – деп атап өтті Сандуғаш Нұрымова балаларға деген ерекше лебізін елжірей жеткізіп. 

 Балабақша табалдырығын аттаған әрбір бүлдіршінді өркениетті еліміздің тұтқасын ұстайтын ертеңгі ел азаматтары деп білеміз. Әр баланың бойынан оның қандай іске қабілетті, қандай өнерге бейімді екенін, икемділігін байқау балабақша тәрбиеші­лерінің ізденісіне, байқампаздығына байланысты. Бұл сөзімізді балабақша тәр­биешісінің іс-әрекеттері мен сөзі дәлелдей түсті. 

Бала жүрегі – кішкентай күй сандық

Сонымен бірге ол өз мамандығын сүй-ген, бала өміріне үлкен жауапкершілікпен қарайтын әріптестері Қ.Тлесбаева, М.Шү­лен­баева және К.Ералиеваны басқа да үнемі ізденіс үстінде жүретін, өз ойларын бөлісіп отыратын ұжымдастарын мақтанышпен еске алды. Осындай ауызбіршіліктің нәти­же­сінде керемет жұмыстардың нәтижесі бар. «Осындай тамаша ортада еңбек етіп жүргеніме қуанамын. Бала жүрегі – кішкен­тай күй сандық. Ол сандықтың кілтін тап­саң ғана ашылады. Тәрбиешінің қолында әр кез сол кілт жүруі керек», – деді тағы да Санду­ғаш Қалиқызы.

Отбасында 2 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп отыр­ған ардақты ана – үлгілі отбасының отанасы. Үлкен ұлы Досбол болашақ меде­цина қызметкері болса, қызы Гүлсая – Ә.Қастеев колледжінің суретші маманды­ғының студенті, кенжесі Еркебұлан – 5 сы­нып оқушысы. 

Ана ретінде балаларының байқауларға қатысып, әр жетістіктерін көріп қуанып, қолдап отырған ана оларға дәріс беріп жүрген ұстаздар қауымына да алғысын білдірді. «Ұстаз қандай болу керек?» деген сауалға өзімнің тәжірбиеме сүйене отырып, ұстаз білімді, бала жанын түсіне алатын және үздіксіз ізденіс үстінде бола алатын жан болуы тиіс дер едім», – дейді ол.

 Сандуғаш Қалиқызы осынау ширек ғасырдан аса еңбек еткен жылдарында балабақшаға қосқан үлесі үшін «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен екі рет марапатталып, БЖҒМ және қалалық білім бөлімінің алғысхаттарымен марапатталған. Атқарған еңбегі үшін Шымкент қалалық кәсіподақ комитетінің «Мадақтамасымен», «Үркер» халықаралық орталық дипломымен мара­пат­талған. Сондай-ақ өзінің тәжірбиесімен бөлісу мақсатында «Мектепке дейінгі мекемеде қазіргі білім мен тәрбие берудің жаңаша әдіс-тәсілдері» сынды әдістемелік жинақтар шығарған. 

 Дарынды ұл, дара азамат, талантты қо­ғам­ның бастауы да балабақша екені сөзсіз. Сол тұлғалардың дұрыс қанаттануы мен биікке өрлеуі балабақша қызметкерлері-    не тікелей байланысты. Ұлы ақынымыз М.Жұмабаев «Мен дәрігерден гөрі тәрбиеші­лердің көп болғанын қалаймын, себебі дәрігер денеңді сауықтырса, тәрбиеші өне бойыңды сауықтырады» деген. Олай болса, мектепке дейінгі тәрбие саласы қызметкер­лерінің барша тәрбиешілердің еңбегі ерен екені даусыз. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы