Әлихан Смайылов жаңа тұжырымдаманың орындалу барысы тұрақты бақылауда болуы тиіс екенін ескертті.
Премьер-Министр елдегі жол қауіпсіздігін жақсарту бойынша министрліктерге бірнеше міндет жүктеді
962
оқылды

Премьер-Министр Әлихан Смайылов бүгінгі Үкімет отырысында елдегі жол қауіпсіздігін қамту мәселелеріне тоқталып, министрліктерге бірнеше міндет жүктеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Жол қауіпсіздігін арттыру, жол апаттары мен өлім-жітім деңгейін азайту жөніндегі жүйелі шараларды әзірлеу біздің басты міндет. Жол бойындағы өлім-жітімді азайту керек. Осыған байланысты мынадай тапсырмалар беремін. Біріншіден, Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, әрбір өңір бөлінісінде жол апаттарына жан-жақты талдау жүргізу қажет», – деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Сонымен қатар ол талдау негізінде және жергілікті жағдайларды ескере отырып, жол апаттары жиі болатын учаскелерде қадағалауды күшейту және қажетті шаралар қабылдау қажет екеніне тоқталды.

«Сондай-ақ көлік жүргізушілердің өз бетінше үйрену мәселесін пысықтау қажет. Бұл қадам тиісті нәтиже берген жоқ. Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, жүргізуші куәлігін алуды қатаңдату керек. Екіншіден, өткен аптада біз қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2028 жылға дейінгі тұжырымдамасын қарастырдық, онда жол қауіпсіздігінің тұтас блогы көзделген», – деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов жаңа тұжырымдаманың орындалу барысы тұрақты бақылауда болуы тиіс екенін ескертті.